Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 23 шілдедегі № 451 қаулысы

«Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан  Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 852 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 50, 696-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы азаматының паспортын, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігін, шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхатты, азаматтығы жоқ адамның куәлігі мен босқын куәлігін ресімдеу, беру, ауыстыру, тапсыру, алып қою және жою қағидаларында:

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Жеке тұлғаның қалауы бойынша шетелдіктің Қазақстан Республикасында тұруына ықтиярхат, азаматтығы жоқ адамның куәлігі ресімделген күнінен бастап жеті жұмыс күніне дейін жеделдетілген тәртіппен беріледі.

Қазақстан Республикасы азаматының паспорты, Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі ресімделген күннен бастап жеделдетілген тәртіппен Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларында – бір жұмыс күніне дейін, облыс орталықтарында – үш жұмыс күніне дейін, облыстардың аудандары мен қалаларында – жеті жұмыс күніне дейін беріледі.

Қазақстан Республикасы азаматтарының қалауы бойынша жеке басты куәландыратын құжаттар да жеделдетілген тәртіппен ресімделген күнінен бастап үш жұмыс күніне дейін (Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент  қалаларында) және бес жұмыс күніне дейін (облыс орталықтарында) беріледі.

Жеке басты куәландыратын құжатты жеделдетілген түрде бергені үшін  төлем банк мекемелері және кассалық операцияларды жүзеге асыратын өзге де ұйымдар арқылы жүргізіледі.

Жеке басты куәландыратын құжатты «Халықты құжаттандыру және  тіркеу» тіркеу пункті» (бұдан әрі – ХҚТ ТП) ақпараттық жүйесі арқылы ресімдеген кезде жеке басты куәландыратын құжаттарды жеделдетілген түрде дайындағаны үшін төлем туралы ақпарат банк мекемелерінен уәкілетті мемлекеттік органның шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына автоматтандырылған режимде келіп түседі. Формуляр бланкісінде ресімдеу кезінде жеке басты куәландыратын құжатты жеделдетілген түрде бергені үшін төлем төлеу туралы құжатты жеке тұлға уәкілетті мемлекеттік органға ұсынады.

Жеке басты куәландыратын құжатты (босқын куәлігінен басқа) дайындау үшін уәкілетті органның қызметкері формуляр толтырады. Формулярдың нысанын және оны ресімдеу, толтыру, есепке алу, сақтау, тапсыру, жұмсау, жою тәртібін Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі  айқындайды.».

2.   Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                      Б. Сағынтаев

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу