Жамбыл облысы Байзақ ауданының ауылдық елді мекендерін дамытуға қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, Ж. Жолдасбаевтың, Қ. Қожамжаровтың, Е. Мамытбековтің Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінің ауылдық елді мекендерін дамытуға қатысты 2020 жылғы 6 ақпандағы № 16-13-29 депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінің ауылдық елді мекендерін дамытуға қатысты сауалдарыңызға сәйкес мынаны хабарлаймын.

2019 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын (бұдан әрі – жоба) іске асыру басталды. Жобаның мақсаты ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі – АЕМ) инфрақұрылымын жаңғырту арқылы өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.

Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №990 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.

Жоба шеңберінде жалпы ел бойынша даму әлеуеті бар 3 561 тірек және спутниктік ауыл анықталды, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша – 238 (67 тірек және 171 спутниктік ауыл), оған Бурыл ауылы тірек ретінде, Құмжота ауылы спутниктік ретінде кірді.

2020 жылы Жамбыл облысы бойынша жоба аясында 5 АЕМ-де (Сарысу ауданы Саудакент ауылы, Жамбыл ауданы Аса ауылы, Қордай ауданы Қордай ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы, Шу ауданы Төле би ауылы) инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

Жобада 2027 жылға дейін даму әлеуеті бар АЕМ-нің ауылдық инфрақұрылымын жаңғырту болжанып отыр. Осы мақсаттар үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 900 млрд теңге сомасында қаражат бөлу жоспарлануда.

Қосымша қаржыландыру есебінен 2020 жылы Жамбыл облысының 20 ауылында инфрақұрылым салу және жөндеу бойынша 92 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Бурыл ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландыру мәселесі қажетті жобалау-сметалық құжаттама ұсынылғанда 2021 жылы Жоба шеңберінде қаралатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша Бурыл ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді (16.04.2018 ж. № 19-0133/18 МС, жобаның құны 1 181,6 млн теңге). Мектептің құрылысы облыстық бюджет есебінен 2020 жылы басталатын болады.

Құны 161,5 млн. теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы» (10.12.2019 жылғы №ОҚПЭ-0208/19 МС), құны 331,4 млн. теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» (05.02.2020 жылғы №19-0036/20 МС) жобаларын қаржыландыру 2020-2021 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспарланған.

Құны 888,2 млн теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылында су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы бойынша (18.10.2019 жылғы №РЭ-0135/19 МС) Жамбыл облысы әкімдігі 2020 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланған жағдайда оны қаржыландыруды қарау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады.

Жалпы өңірлердің бюджеттік инвестициялық жобаларын қаржыландыру мәселелері 2020 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланған жағдайда республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне сүйене отырып қаралатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу