Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін салық жүктемесін төмендетуге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Д. Нөкетаеваның, С. Бектұрғановтың, М.Бақтиярұлының, С. Ершовтың, Н. Төреғалиевтің, Ж. Нұрғалиевтің, А. Мұсахановтың, Б. Жұмағұловтың жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін салық жүктемесін төмендетуге және жеңіл өнеркәсіптің дайын өнімдеріне кедендік баж салығын арттыруға қатысты 2019 жылғы 26 маусымдағы депутаттық сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Өндірістің толық циклі бар отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын салықтардан (қосылған құн салығынан, корпоративтік табыс салығынан) белгілі бір мерзімге босатуға қатысты (салықтық демалыс) 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында икемді салық жүйесі және кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға бағытталған салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың кең спектрі жұмыс жасайды. 

Осылайша мемлекет шағын және орта бизнес үшін салықтарды есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін көздейтін мынадай арнаулы салық режимдері түрінде салық салудың жеңілдетілген жүйесін ұсынады: 

  • патент негізіндегі арнаулы салық режимі; 
  • оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі; 
  • тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі. 

Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың (бұдан әрі – АЭА) қатысушылары үшін салық заңнамасымен корпоративтік табыс салығынан, жеке табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемнен босату көзделген. 

Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдарға корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, шикізат және (немесе) материалдар импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ кеден баждарын салудан босату, мемлекеттік заттай гранттар беру түріндегі салықтық жеңілдіктер көзделген. 

Жоғарыда көрсетілген салықтық ынталандыру шараларынан басқа, салық төлеушілер преференциялар объектілерінің құнын және (немесе) осындай объектілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша, реконструкциялау мен жаңғыртуға арналған кейінгі шығыстарды шегерімге жатқызу үшін инвестициялық салықтық преференцияларын қолдануға құқылы. 

Осылайша жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары жеткілікті көзделген. 

Ал корпоративтік табыс және қосылған құн салықтары бойынша салықтық демалыс беру мәселесіне қатысты, бұдан бұрын жаңадан құрылған кәсіпорындар үшін алғашқы үш жылда кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін ынталандыру және жаңа өндірістердің дамуын қолдауға бағытталған салықтарды төлеуден босату тәжірибесі енгізілген болатын.  

Алайда, бұл жеңілдік кәсіпкерлікті ынталандырудың тиімді құралы болмады, себебі жеңілдік шағын және орта бизнес субъектілеріне кәсіпкерлік қызметтерін қайта тіркеу арқылы салықтан жалтаруға мүмкіндік берді. 

Осылайша корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан салықтық демалыс беру мәселесі қолдау таппайды. 

Сонымен қатар қазіргі таңда қызметінің бастапқы кезеңінде инвесторларға жүктемені азайту мақсатында инвестициялық салықтық кредитті енгізу мәселесі қарастырылуда.  

Импортталатын дайын өнімге кедендік әкелу бажының мөлшерлемелерін кедендік құнынан 50% - ға дейін ұлғайтуға қатысты 

Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес ЕАЭО аумағында Бірыңғай кедендік тариф қолданады, оған сәйкес жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері 0% - дан 17,5% - ға дейін құрайды. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға кіру кезінде қабылдаған міндеттемелерге сәйкес кейбір тауарларға қатысты БКТ-да көзделгеннен төмен кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін қолданады. Осылайша ДСҰ алдындағы міндеттемелерге сәйкес жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне кедендік әкелу бажы кеден құнының 0-ден 15% - ға дейін құрайды. 

Бұл ретте ДСҰ-ға мүше болу шарттары бойынша жоғарыда айтылған деңгейлердегі кедендік мөлшерлемелердің ұлғаюы бұзушылық болып табылады және өтемақылық талқылауға әкеп соғуы мүмкін. 

Баяндалғанды ескере отырып, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі мәселені пысықтау мүмкін емес. 

Жалпы жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында екенін атап өтеміз. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу