Жамбыл облысының Қордай ауылында аудандық емхана және аурухана құрылысына қаражат бөлуге қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, М. Жолдасбаевтың Жамбыл облысының Қордай ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана және 270 төсектік аудандық аурухана құрылысына қаражат бөлуге қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Жамбыл облысының Қордай ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана (бұдан әрі – емхана) және 270 төсектік аудандық аурухана (бұдан әрі – аурухана) құрылысына қаражат бөлуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

Жамбыл облысы әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) ақпараты бойынша Қордай ауылында емхананың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 22,4 млн. теңге бөлінді. Мердігер ретінде «Лидер Проект Дизайн» ЖШС анықталды, жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға берілді (қорытынды алудың болжамды мерзімі 2019 жылғы қараша). 

Аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлу 2019 жылдың соңына дейін бюджетті нақтылау барысында жоспарланып отыр. Аурухана мен емхана құрылысының болжамды құны 9,2 млрд. теңгені құрайды. 

Қордай ауданының емханасы бар аудандық ауруханасын салу мәселесі 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде қарастырылған, бірақ құжаттаманың (жобалау-сметалық құжаттама, экономикалық және салалық қорытындылар) болмауына байланысты республикалық бюджет комиссиясының 2019 жылғы 27 шілдедегі № 20 шешімімен осы шығыстар қолдау таппады. 

Сонымен бірге, 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде емхана құрылысына жалпы құны 3,3 млрд. теңге шығыстарға өтінім берілмеген.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Қордай ауылындағы емхана мен аурухананы қаржыландыру мәселесі қажетті құжаттаманы ұсынған жағдайда, бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау мүмкін болғанда және республикалық бюджеттің мүмкіндігіне қарай 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қаралатын болады. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу