Мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелерін жетілдіру туралы депутаттық сауал

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары К. Мұсырман, Б. Мамраев, Б. Жылқышиевтің мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелерін жетілдіру туралы 2019 жылғы 4 желтоқсандағы депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелерін жетілдіру туралы депутаттық сауал қаралды.

«Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» 017 бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін айқындау бойынша «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда жоғарыда көрсетілген бюджеттік бағдарламаның атауы «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді нығайту» деп көзделген.

Осы бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат негізінен:

- БАҚ-та жыл патриоттары және олардың жетістіктері туралы материалдарды жариялауға жұмсалады. Бұл азаматтардың рухани бірлігін қалыптастыруға және топтастыруға ықпал етеді.

- мемлекеттік рәміздерді танымал етуге және оларға құрметпен қарауға.

- Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырыстарын өткізуге, Қазақстан патриоттарының республикалық форумын ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі имидждік материалдарды шығаруға жұмсалады.

Аталған іс-шаралар қазақстандық патриотизм мен ұлт бірлігін нығайтуға, еліміздің құндылықтары мен жетістіктерін насихаттауға, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау бойынша жұмыстар туралы халықтың хабардар болудеңгейін арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты, бюджеттік бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігінде сақтау орынды деп пайымдаймыз.

Ойын бизнесі және лотерея қызметі жөніндегі функцияларды Ұлттық экономика министрлігіне беру мәселесі бойынша «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» және «Ойын бизнесі туралы» Заңдарға сәйкес бұл бизнестің екі түрі кәсіпкерлік қызметке жатады.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – ҰЭМ):

- кәсіпкерлікті дамыту саласындағы саясатты қалыптастырады;

- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

- бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды үйлестіреді.

Осылайша, ҰЭМ-ге аталған функцияны беру мүдделер қақтығысына әкеп соқтыруы мүмкін.

Министрліктердің аумақтық бөлімшелерінің, облыстық басқармалардың функциялары мен құзыреттеріне талдау жүргізу, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтердің штат санын қысқарту бойынша 

Қазіргі уақытта ҰЭМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың оңтайлы базалық құрылымын қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізуде.

Аталған жұмыстың мақсаты:

- облыстық басқармалар арасында;

- орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен облыстық басқармалары арасында;

- облыстық басқармалар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында қайталанатын функцияларды анықтау және жою.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 5-тармағын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің штат санын 25%-ке кезең-кезеңімен қысқарту бойынша тәсілдер әзірленуде.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметтері бойынша, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік аппараттың штат саны 96 991 бірлікті құрайды, оның ішінде орталық басқару органдарында – 50 614 бірлік, жергілікті басқару органдарында – 46 377 бірлік. Шамамен 9 мың бірлік бос орын сақталуда. Сонымен қатар, жергілікті деңгейде ауылдық округтердің аппараттарын оңтайландыру қатарынан алып тастау ұсынылады. Олардың саны орта есеппен 5-7 бірлікті құрайды және көбінесе бір қызметкерге бірқатар мамандықтарды орындау жүктелген. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу жағдайында мұндай оңтайландыру олардың жұмыс сапасына әсер етеді. Бұдан басқа, жергілікті деңгейде штаттық санындағы сәйкессіздік сақталады. Сараланған тәсілді қолдану жергілікті атқарушы органдардың штат санын қысқартудағы сәйкессіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жөніндегі міндетті Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бекіту туралы

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның 14-бабының 2) тармақшасына сәйкес Үкімет министрлердiң ұсынуы бойынша министрлiктер туралы ережелердi, олардың аумақтық органдарындағы және өздеріне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, солардың штат санының лимиттерiн бекiтедi. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның 1-бабының 2-21-тармағына сәйкес штат санын қысқарту – оңтайландырудың бір шарасы, яғни орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың штат санын қысқартуға, шығыстарын қысқартуға және (немесе) қайта бөлуге бағытталған, оның ішінде функцияларын бәсекелес ортаға беруге байланысты шаралар кешені. Бұл ретте, мемлекеттік органның міндеттері деп оның қызметінің негізгі бағыттары түсініледі. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметінің негізгі бағыты – қаралып отырған салада саясатты қалыптастыру. Өз кезегінде, штат санының лимиттерін бекіту, функцияларды бәсекелі ортаға бере отырып, шығыстарды қайта бөлу туралы Үкіметтің тиісті актісін дайындау ҰЭМ-ге жүктелген. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды ҰЭМ-де сақтау орынды деп санаймыз.

Жалпы, берілген ұсыныстар жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде қаралатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу