Мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауал

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н. Жүсіп, Н. Төреғалиев, Д. Нұржігітова, Д. Нөкетаеваның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25% өсіп, бүгін 86% құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті. Сонымен қатар «Қазтест» бағалау жүйесі, қашықтықтан оқыту порталдары мен тіл орталықтары іске қосылды.

Интернет кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Tilalemi.kz», «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық порталдары құрылып, халыққа сәтті қызмет етуде.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі − Заң) 23-бабына сәйкес қазақ тілін меңгерудің талаптары қолданыстағы Ұлттық стандарттарда айқындалып отыр.

Заңның 25-бабына сәйкес уәкілетті орган орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тiл заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 75-бабында Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

«Кинематография туралы» Заңның 9-бабына сәйкес еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін фильмдер міндетті түрде қазақ тілінде дубляжбен, субтитрлармен немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмысы 2019 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жалғасады. Атап айтқанда, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ұйымдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі тұрғысынан «Қазтест» жүйесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес біліктілігін тексеру көзделіп отыр. Сонымен қатар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мәнді белгілей отырып, тестілеуден өткізу жоспарлануда.

Жалпы, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік тілдің беделін арттыру мақсатында білім, өнер, БАҚ, кинематография салаларында сапалы қазақ тілді контентті өндіру, үздік әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару, терминологиялық қорды жүйелендіру, тілді үйренуді және қолдануды жеңілдететін қосымшаларды ойлап табу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаның ерекшеліктерінің бірі 60 млн. сөзқолданыстан тұратын қазақ тілінің ұлттық корпусын құру болып табылады.

Сонымен бірге, 2020 жылы Заңға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Орта білім беру жүйесінде шет тілдерді оқытуды 3 − 5 сыныптан бастау мәселесіне келсек, орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес бүгінгі күні ағылшын тілі 1-сыныптан бастап ойын түрінде оқытылуда. Алдағы уақытта бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлерін латын графикасына көшіру жоспарланып отыр. Осыған сәйкес ағылшын тілін ата-аналардың қалауына қарай 2-ші сыныптан немесе 5-ші сыныптан бастап оқыту көзделуде.

Сіздердің сауалдарыңызға орай Мәдениет және спорт министрлігіне, мүдделі мемлекеттік органдарға мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін қосымша пысықтап, жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы Үкімет пен депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу