АХҚО EduTech орталығын және Білім беру АТ Альянсын құруды ұсынады

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов сандық экономика үшін адами капиталды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.

Елдердің экономикалық өсуін ынталандыратын даму факторларының моделіне сәйкес адам капиталының даму деңгейі – экономикадағы сапалы құрылымдық реформалардың катализаторы. Заманауи қоғамда білімді құру және басқару академиялық әлемнің шегінен белсенді шығып, экономиканың серпінді дамуының басымдылығы мен кепіліне айналады.

«Адами капиталды дамыту тиісті мемлекеттік ведомстволардың немесе білім беру мекемелері мен институттардың ғана міндеті емес. Адами капитал — шағын кәсіпкерлік субъектілерінен бастап ірі холдингтер мен ұлттық компанияларға дейінгі экономиканың барлық салалары үшін өзекті күн тәртібі мен өткір сын-қатер», — деді Қ. Келімбетов.

Экономика тарапынан тұрақты өсіп келе жатқан цифрландыру саласындағы сұранысты уақтылы жаңғырту және қанағаттандыру үшін АТ саласындағы білікті кадрларды уақтылы дайындау өте маңызды.

Бұрын EdTech, HR-Tech, talent-Tech сияқты бейтаныс сөздер Төртінші өнеркәсіптік революцияның жаңа дәуірінде әбден сезілетін формаларға ие болады. Бүкіл әлем бойынша «One Million Arab Coders» (БАӘ) бағдарламасы сияқты ауқымды бастамалар құрылуда, олардың мақсаты Таяу Шығыс елдеріндегі халықты жұмысқа орналастыру үшін қажетті технологиялық дағдыларға жаппай даярлау болып табылады. Осындай бастамалар біздің өңірде да жарияланды.

Цифрландыру дәуірінде адами капиталды дамытудың елеулі нәтижесіне тек АТ саласында емес, сонымен қатар экономиканың аралас секторлары мен салаларында кадрларды оқытуға және даярлауға бағытталған ұлттық деңгейдегі бастамалардың көмегімен ғана қол жеткізуге болады.

«Осыған байланысты біз Сингапурлық «Skills Future» бағдарламасының тәжірибесін (Болашақ дағдылары) масштабтауды ұсынамыз. АХҚО-ның үздіксіз кәсіби даму бюросы оны қаржы индустриясының мамандарын даярлау үшін табысты бейімдеді», — деді Қ. Келімбетов.

Бұл бағдарламаның негізгі аспектілері өндірістен қол үзбей үздіксіз кәсіби даму, жобалық тәсіл мен оқытудың белсенді әдістемелерін және индустрия мен академиялық білім беру қоғамдастығының тығыз өзара іс-қимылы есебінен оқыту бағдарламаларының қолданбалы сипатын қолдану болып табылады.

АХҚО бюросы қызметінің соңғы үш жылында үздік халықаралық сертификаттау бағдарламалары бойынша қаржы индустриясының 5 мыңнан астам маманын оқытқан.

Жинақталған тәжірибені ескере отырып, адам капиталын дамытуға мультивекторлы тәсіл ұсынылады.

Дамудың көлденең векторы агротех, финтех, EduTech және т.б. өнеркәсіп революциясының салаларында пәнаралық сауаттылықты қоса алғанда, халықтың базалық цифрлық сауаттылығын арттыруды ұсынады.

«Барлық білім беру бағдарламасын мектеп, колледж және ЖОО деңгейінде өзектілендіру және оқуға жобалық тәсіл енгізу ұсынылады. Әртүрлі дайындық деңгейі үшін қарқындылығы мен ұзақтығы бойынша әртүрлі модульдерді әзірлеу маңызды. Біздің ойымызша, бұл бастама алдағы 5-10 жылда 1 млн-нан астам адамды қамти алады», — деді Қайрат Келімбетов.

Оқыту бағдарламаларын дұрыс құрылымдау мақсатында EduTech білім беру технологиялық бағдарламаларын дамыту орталығын ЦДИАӨМ, БҒМ, АХҚО-мен бірлесіп жұмыс істеп тұрған «Зерде» институттарының, АХҚО Бюросы мен басқа да бейінді ведомстволардың базасында құру ұсынылады.

Дамудың тік векторы 2025 жылға қарай өңірлік және әлемдік нарықтарда бәсекеге қабілетті кемінде 50 мың жоғары білікті АТ-маманның сыни массасын құруды мақсат етіп отыр.

Осы міндетті орындау үшін Астана АТ Университеті, «Әлем» бағдарламалау мектебі, QWANT жоғары технологиялар мектебі жобаларының негізінде барлық мүдделі актордың қатысуымен білім беру АТ Альянсын құру ұсынылады.

«Сонымен қатар қазіргі уақытта АХҚО мен Дүниежүзілік экономикалық форум арасында АХҚО базасында Төртінші өнеркәсіптік революцияның үлестес орталығын құру туралы келісімге қол жеткізу жұмыстары аяқталуда, ол сондай-ақ Альянс қызметіне белсенді қатыса алады», — деп мәлімдеді АХҚО басқарушысы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу