Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматыға барды

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Алматыға жұмыс сапары аясында Наурызбай ауданының әкімдігіне, әкімшілік ғимараттар кешеніне, емханасына, Алматы облысындағы бірқатар мәдени-спорт нысандарына барды, Алматы қаласындағы алаң мен қайта жөнделген көшелерді аралап көрді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.  

Қазақстан Президентіне Алматының жаңа ауданын салған кезде елімізде жасалған құрылыс материалдарын пайдалану деңгейі 95 пайызға жеткені мәлімделді. 2 мектеп, 3 емхана, 17 спорт және балалар ойнайтын алаңдар салынды. 33 балабақша құрылысы мемлекет-жекеменшік серіктестігі қағидаты бойынша жүзеге асқан. Ауданның 100 пайыз газбен қамтамасыз етілуі маңызды инфрақұрылымдық жетістік саналады.

Бұдан бөлек, Наурызбай ауданының әкімі С.Сайфеденов Мемлекет басшысына салық түсімдерінің 11 есе артқаны, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны төрт есе өскені және Алматының полицентристік стратегиясы аясында табысты дамып келетіні жөнінде баяндады.

Соңында Мемлекет басшысы ауданның Ардагерлер кеңесі мүшелерімен әңгімелесті. Олар өз алдына аудан жұртшылығының атынан Нұрсұлтан Назарбаевқа жаңа аудан құрылғаннан бергі үш жылда оң өзгерістер болып жатқанына орай алғыс білдірді.

Жұмыс сапары барысында Елбасы сондай-ақ Алматы қаласының Наурызбай ауданындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа емхананы аралап көрді. Бұл емханада рентген диагностикасы бөлімшесі, офтальмолог, оториноларинголог, торакальді және абдоминалды колопроктология кабинеттері дәне басқалары ашылған, электрондық тіркеу орны, Call-орталық бар. Онда Наурызбай ауданының тұрғындарына шұғыл көмек көрсететін жедел жәрдем бригадасы орналасқан.

Елбасыға жуық арада «Қалқаман» шағын ауданында тағы бір медициналық мекеменің ашылатыны және «Тау самалы» шағын ауданында да емхананың құрылысы басталатыны жөнінде мәлімделді.

Содан кейін Қазақстан Президенті Алматы қаласындағы жұмыс сапары барысында Жібек жолы, Панфилов көшелерін және «Астана» алаңын аралап көрді.

Мемлекет басшысына Алматы қаласының тұрғындар мен қонақтар үшін жайлылығын арттыру мақсатымен жүргізілген ауқымды қайта жөндеу жұмыстарының басты нәтижелері туралы мәлімделді.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа қаланы абаттандыру, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысындағы көлік жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігіне бағытталған заманауи шешімдер жөнінде айтылды.

Мемлекет басшысы Алматы біз үшін мәңгілік Тәуелсіздігіміздің алтын бесігі болып қалатынын және кез келген қаланың экономикасын тұрақты дамыту оның өркендеуіне негіз болатынын атап өтті. 

Н. Назарбаевтың айтуынша, Алматы елдегі бірқатар бастамаларды іске асыруда басты рөл атқарады, оның ішінде еліміздің Үшінші жаңғыруын іске қосу, қоғамдық сананы жаңғырту үдерісі, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы әзірлеу және билік өкілеттіктерін қайта бөлу жөніндегі конституциялық реформа бар. 

Сонымен бірге, Алматының теңгерімді дамуының және оның экономикалық әлеуетіне әсер ететін бірқатар мәселелерді жүйелі түрде шешудің маңыздылығы атап өтілді.

Мемлекет басшысы тиімді инфрақұрылым қаланы табысты дамытудың маңызды мәселелерінің бірі екенін айтты.

Мемлекет басшысы Алматы қаласына және Алматы облысына жұмыс сапары барысында Қарасай ауданы Райымбек ауылдық округінің аумағында орналасқан «Батыр бабалар» мемориалдық кешеніне барып, онда мемориалдық кешеннің экспозициялармен және ел тәуелсіздігі жолындағы күресте танымал болған белгілі тарихи қайраткерлер суреттерінің галереясымен танысты. 

Президент сондай-ақ Қарасай ауданының жұртшылық өкілдерімен кездесіп, олармен өңірдің әлеуметтік-экономикалық мәселелері мен Алматы облысының даму перспективалары талқыланды.

Содан кейін ол Қарасай ауданындағы музей және дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты.

Кешенде бокс және күрес залдары, жүзу бассейні, теннис корты, жаттығу және әмбебап спорт залдары, 1000 орындық стадионы бар футбол алаңы, сондай-ақ медициналық кабинет пен кафе орналасатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу