Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов ҚР Үкіметінің кезекті отырысын өткізді. Күн тәртібінде

зияткерлік меншік құқықтарын қорғау мәселелері мен әлеуметтік саладағы нысандарда халық денсаулығы мен өміріне санитарлық-эпидемиологиялық қауіп-қатерлерді азайту бойынша шаралар қаралды.

«Сандық ортадағы қарақшылықты азайту мақсатында Байланыс және ақпарат агенттігі ү.ж. шілдесінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау бойынша екі жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекітті. Жоспар авторлық құқықтарды бұзатын Интернет-ресурстарды бақылау, құқықты түсіндіру жұмыстарына бағытталған 15 іс-шарадан тұрады», - деп хабарлады ҚР әділет министрі Берік Имашев.

Оның айтуынша, лицензиялық емес бағдарламалық өнімдерді пайдалануға, БАҚ-да жарнамалық модульдер мен әлеуметтік жарнаманы іс-тәжірибеге енгізуге, 2015 жылы бағдарламалық өнімдерді өндіретін компаниялармен өзара іс-әрекет туралы меморандумға қол қоюға қатысты мемлекеттік және мемлекттік емес ақпараттық жүйелерді аттестациядан өткізу жоспарланған. 

Күн тәртібінің екінші мәселесі бойынша ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндады.

«Ү.ж. 1 қыркүйегіне жағдай бойынша қызметі халықтың денсаулығы мен өміріне санитарлық-эпидемиологиялық қауіп-қатер туғызатын 237 апатты нысан анықталған. Олардың 164-іне қатысты  пайдалануды тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі бар. 73 нысан бойынша материалдар соттардың қарауында жатыр», - деді Е.Досаев.

Апатты нысандардың жалпы санының 67% - білім және тәрбие беру, 15% - денсаулық сақтау, 14% - сумен жабдықтау салаларында. Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының үшеуі қоршаған ортаны ластау, халық арасында жұқпалы аурулардың жайылу қаупін төндіре отырып, апатты жағдайда пайдаланылуда, деп басып айтты ҰЭМ басшысы.  

Талқылауды қортындылай келе, К.Мәсімов бірқатар тапсырма берді.