Асқар Мамин ҚР-дағы алғашқы модульді үй құрылысы өндірісін іске қосты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Нұр-Сұлтан қаласында «Астана – жаңа қала» АЭА №1 Индустриялық паркінің аумағында салынып жатқан ModeX модульді үй құрылысы зауытына барды. 

Модульді үй құрылысы – Германия, Сингапур, Қытай және басқа да елдерде қолданылатын тұрғын үй салудың заманауи озық технологиясы. Ол ғимараттарды сапасына залал тигізбей, оның өзіндік құны мен салыну уақытын тиімді азайтуға мүмкіндік береді, бұл тұрғын үйді қазақстандықтардың басым бөлігі үшін қолжетімді етеді. Мәселен, таза әрленген 16 қабатты бір кіреберісті тұрғын үй әдетте 12-18 ай салынатын болса, бұл технологиямен небәрі 4 айдың ішінде салып шығуға болады. Мұндай нәтижеге модульдік блоктардың — таза әрленген дайын бөлмелердің арқасында қол жеткізіледі, яғни, олар конструктор бөлшектері тәрізді біртұтас болып жинақталады. 

«Құрылыс секторы – Қазақстан экономикасының ең серпінді дамып келе жатқан саласы, өсімі 11,5% құрайды. Бұл жоба ел халқы үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттырып қана қоймай, құрылыс индустриясының дамуына қарқын беруге мүмкіндік тудырады», — деді ҚР Премьер-Министрі зауыт қызметкерлерінің алдында сөйлеген сөзінде.

Толық қазақстандық жергіліктендірумен жобаны BI Group холдингі іске асырады, оның басшысы А. Рахымбаев таныстырылым өткізді. Зауыт 700-ден астам жұмыс орнын құрып,  жылына 405 мың шаршы метр тұрғын үй салуға мүмкіндік береді, бұл халықтың жұмыспен қамтылуын арттырумен қатар, азаматтардың қолжетімді баспанамен қамтылуын жақсартады. 

Зауыттың бірінші кезегін осы жылдың 1 желтоқсанына дейін, ал екінші кезегін – 2020 жылы, үшінші кезегін 2021 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Персоналды даярлау үшін қосарлы білім беру жүйесі қарастырылған. 

Индустриялық нысанды аралау кезінде Қазақстан Үкіметінің басшысы керамзит бетон мен темір бетон бұйымдардан жасалған модульді блок-бөлмелерді өндіру технологиясымен, оның ішінде интеллектуалды тұрғын үйдің 100-ге жуық функциясын қамтитын «Ақылды үй» опциясымен танысты. Шараға сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ж. Қасымбек пен Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А. Көлгінов қатысты. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу