Асқар Мамин: Қазақстан экономикасының өсімі 8 айда 4,3% құрады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің селекторлық отырысында 2019 жылғы қаңтар–тамыздағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары қаралды.

ҚР ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев және ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов баяндама жасады.  

Халықтың жан басына шаққандағы орташа атаулы ақшалай табысы 2019 жылғы қаңтар-мамырда 486 мың теңгені құрады және 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда атаулы мәнінде 10,8%-ға, нақты мәнінде 1,7%-ға өсті.

2019 жылдың қаңтар-тамыз айларында ЖІӨ өсімі 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3% құрады.

Құрылыста – 11,8%, саудада – 7,6%, көлік саласында – 5,5%, ауыл шаруашылығында – 3,6%, байланыс қызметінде – 3,4%, өңдеу өнеркәсібінде, оның ішінде машина жасауда – 18%, жеңіл өнеркәсіпте – 17,4%, түсті металдарды өндіруде – 17,9%, мұнай өңдеу – 6,2% салаларында оң өсім динамикасы байқалады.

Үшінші ай қатарынан инфляция 0,2% төмен деңгейінде сақталды. Жылдық инфляция мақсаттық дәліз шегінде тұр және 5,5% құрады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин негізгі көрсеткіштер бойынша экономикалық өсім Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалатынын атап өтті.

Үкімет басшысы Маңғыстау, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында құрылыс, инвестициялар, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және тұрғын үйлерді пайдалануға беру көрсеткіштерінің төмендеуіне қатысты жағдайды қысқа уақыт ішінде түзеуді тапсырды.

«Өткен аптада Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауын жариялады, онда Елбасының саясатымен сабақтастық көрініс табады және Үкіметтің экономиканы одан әрі дамытуға бағытталған бірқатар негізгі міндеттері белгіленген. Үкіметтің басты міндеті - ЖІӨ-нің жыл сайынғы тұрақты өсуін қамтамасыз ету және оны 2025 жылға қарай 5% және одан да жоғары деңгейге жеткізу», — деп А. Мамин, салалық министрліктерге белгіленген мақсатты индикаторларға қол жеткізу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Осы жылдың сегіз айының қорытындысы бойынша республикалық бюджетке кірістер 6 958,3 млрд теңгені құрады (жоспардың 101,1%), өсу қарқыны 119,2% құрады. Есепті кезеңдегі республикалық бюджеттің игерілуі 98,9% құрады.

Бірқатар бағдарлама әкімшілерінен байқалып отырған бюджеттің толық орындалмауына байланысты, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бюджет қаражаттарын уақытылы игеруді қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу