Е. Тоғжанов есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде кеңес өткізді

 

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысының елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы іс-қимылға қатысты тапсырмасын орындау бойынша арнайы кеңес өткізді.

«Бүгінгі таңда есірткі қылмысы мен нашақорлық мәселесі өте өзекті. Өкінішке орай, жаңа синтетикалық есірткінің негізгі тұтынушылары – жастар. Тек осы жылдың өзінде елімізде 8,5% өсіммен 5 мың есірткі қылмысы анықталды. Бізге бұл бағытта күресу үшін жүйелі шаралар қажет», — деп атап өтті Е. Тоғжанов.

Құқық қорғау және салалық мемлекеттік органдарға бірқатар тапсыма берілді:

  • телекоммуникация желісінде, оның ішінде интернет-боттарды және басқа да автоматты бағдарламаларды пайдалана отырып жасалатын есірткі қылмысының жолын кесу;

  • тиімді мемлекеттік және әлеуметтік бақылауды белгілей отырып, нашақорлықтың бастапқы профилактикасының теңгерімді жүйесін құру;

  • есірткіге тәуелді адамдарды емдеу әдістерін жетілдіру, аумақтық сот сараптамасы органдарының мемлекеттік есірткі диспансерлерін материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту;

  • құрамында есірткі бар өсімдіктердің өсу ошақтарын анықтау үшін қашықтан зондтау жүйелерін пайдалануды кеңейту;

  • есірткі заттарын шетелден әкелуге жол бермеу жөнінде шаралар қабылдау.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары елдегі есірткі қылмысы мен нашақорлыққа қарсы жүйелі шаралар әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобын құруды тапсырды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу