Е. Тоғжанов С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-ға барды

Бүгін Ғылым қызметкерлері күніне орай Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетіне барды.

Вице-Премьер ауыл шаруашылығы биотехнологиясының ғылыми-зерттеу платформасының қызметімен танысты. Е. Тоғжановқа жем-шөп қоспалары мен химиотерапиялық препараттар әзірленетін, топырақ құрамы тексерілетін зертханалар таныстырылды.

ЖОО басшылығының айтуынша, университеттің ғылыми-зерттеу қызметі әлемдік ғылыми-білім беру кеңістігіне бірігуді тереңдету жөніндегі стратегияны іске асыруға, жекелеген ғылыми бағыттар шеңберінде озық білім мен технологияларды игеруге және АҚШ, Франция, Австралия, Германия, Нидерланды мен ҚХР, РФ, Беларусь Республикасы, Польша, Чехия және өзге де елдердің жетекші аграрлық бейіндегі зерттеу университеттерімен және ғылыми ұйымдарымен ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Жыл сайын С. Сейфуллин атындағы ҚазАТУ ҚР АШМ, ҚР БҒМ гранттық және бағдарламалық-мақсаттық қаржыландыру шеңберінде ғылыми-техникалық бағдарламалар мен ғылыми жобалардың, сондай-ақ түрлі бағыттар бойынша халықаралық жобалардың табысты іске асырылуын қамтамасыз етеді.

Әрі қарай Е. Тоғжанов қазақстандық ғалымдармен және университет ұжымымен кездесу өткізді. ҚазАТУ қызметкерлері ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, сондай-ақ әлеуметтік мәселелердің шешілу барысы туралы баяндады. Олардың айтуынша, университетте заманауи материалдық-техникалық база, жаңа ғылыми зертханалар мен технологиялық платформалар бар. Жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған.

Өз кезегінде Вице-Премьер Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес Үкімет тарапынан ғылымды дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқандығын атап өтті.

«Бекітілген "Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс" ұлттық жобасы аясында осы саланы дамыту бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Қазіргі уақытта Ғылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы әзірленуде. Президенттің тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап жетекші ғалымдардың, яғни 1200 ғылыми қызметкердің жалақысы орта есеппен 152 мыңнан 300 мың теңгеге дейін ұлғайтылады», — деді ол.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары қазақстандық ғылым қызметкерлеріне алғыс хаттар табыс етіп, олардың қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді.

«Заманауи ғылым мемлекеттік мүдделерді қорғап қана қоймай, қазіргі әлемнің көптеген жаһандық мәселелерін шешуге көмектеседі. Сондықтан сіздердің атқаратын қызметтеріңіз айрықша маңызға ие», — деп түйіндеді Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу