Е. Тоғжанов Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық топтың отырысын өткізді

Бүгін Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бойынша ұсыныстарды әзірлеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кезекті отырысы өтті.

Отырыста жұмыс тобы мүшелерінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу бойынша, оның ішінде ІІМ-нің елдегі қазіргі есірткі ахуалы және ішкі істер органдарының осы бағыттағы жұмысының нәтижелері туралы баяндамалары тыңдалды.

Е. Тоғжанов халықтың әлеуметтік желілер арқылы синтетикалық есірткілерге қол жеткізуі, сондай-ақ жастардың қылмыстық есірткі ортасына тартылуына байланысты алаңдаушылығын ерекше атап өтті.

Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға синтетикалық есірткілердің таралуын, оның ішінде интернет-ресурстар арқылы таралуын және басқа елдерден есірткінің түсуін болдырмау, сондай-ақ халық арасында алдын алу жұмыстарын жандандыру жөнінде кешенді шараларды қабылдау тапсырылды.

Сондай-ақ мемлекеттік органдарға басқа органдармен бірге блогерлерді, қоғамдық ұйымдарды, волонтерлер мен БАҚ-ты тарта отырып, нашақорлыққа қарсы күрес бойынша алдын алу айлығын өткізу тапсырылды.

Бұдан басқа, отырыс барысында Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл және нашақорлықтың алдын алу шараларын жетілдіру жөніндегі 2022-2023 жылдарға арналған жол картасының жобасы мақұлданды, онда есірткіге байланысты құқық бұзушылықтарды, оның ішінде қазіргі заманғы технологияларды пайдалана отырып жасалатын құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу жөніндегі барынша өзекті мәселелерді, сондай-ақ есірткіге тәуелді адамдарды есепке алуды, емдеу мен оңалтуды жетілдіру жөніндегі іс-шаралар көзделеді. 

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдардың басшылары мен әкімдіктерге есірткінің таралуына қарсы іс-қимыл, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру үшін ақпараттық жұмысты күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу