Электр энергетикасы саласындағы түзетулер, жинақтаушы қондырғылар құрылысы, атом энергетикасын дамыту әлеуеті — Қазақстанда жылу энергетикасының бүгінгі жай-күйі қандай

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстанның жылу энергетикасы саласындағы проблемалар туралы баяндады. 

Қазақстанның энергия жүйесіндегі қазіргі жағдаймен таныстыра отырып, Б. Ақшолақов бүгінгі таңда елімізде әртүрлі меншік нысанындағы 214 электр станциясы электр энергиясын өндіретінін айтты. Электр станцияларының қолда бар қуаты 20,1 ГВт құрады.

«11 ақпандағы жағдай бойынша жұмыс қуаты шамамен 15 ГВт құрайды, қолда бар және жұмыс қуаты арасындағы айырмашылық елдің моральдық тұрғыдан ескірген энергия көздеріндегі жоспарлы және авариялық жөндеу жұмыстарына және теңгерімге ЖЭК объектілерінің қатыспауына байланысты. 2021 жылы электр энергиясын тұтынудың күрт өсуі байқалды және ол 113,89 млрд кВтсағ құрады, бұл 2020 жылдың көрсеткіштерінен 6,1%-ға жоғары. 2021 жылдың қорытындысы бойынша электр энергиясын өндіру көлемі 114,4 млрд кВт сағ немесе 2020 жылдың көлеміне 105,89% құрады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша өндіру құрылымындағы отын түрлері бойынша генерациялайтын көздердің үлесі мынадай: көмірде - 69%; газбен – 20%; гидроэлектр станциялары (шағын ГЭС-сіз) – 7,4%; ЖЭК (КЭС, ЖЭС, шағын ГЭС, БГҚ) – 3,6%», — деді энергетика министрі.

Статистикалық талдау көрсеткендей, 2021 жылға дейін, елде мұндай тұтынушылар болмаған кезде, электр энергиясын тұтыну жылына орта есеппен 2%-ға өскен болатын. 2021 жылы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тұтыну өсімі бұл көрсеткіштерден әлдеқайда асып түсті және 6,1% құрады. Ал БЭЖ-дің оңтүстік аймағында бұл көрсеткіш 12% құрады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесі өзін-өзі теңгерімдеп жұмыс істеуде. Бұл ретте, ең жоғары жүктеме сағаттарында энергия жүйесінде электр қуатының тапшылығы байқалуда, бұл энергия өндіруші ұйымдар жабдықтарының авариялық тоқтатылуының жиілеуіне, сондай-ақ қосылған қуаттың күрт өсуіне байланысты. 

ҚР ЭМ басшысы ведомствоның пікірінше, қажеттіліктің өсуінің негізгі себебі – цифрлік майнинг субъектілерінің қызметі болуы мүмкін екенін жеткізді. Айта кету керек, криптовалюта өндіру – ауқымды энергияны қажет ететін процесс. Қандай да бір цифрлық валюта түрінде сыйақы алу мақсатында қосылған жабдық тәулік бойы жұмыс істейді. Бұл ретте жабдықтың жекелеген модельдері шамамен 2,5 – 3 кВт/сағ тұтынады, бұл бір жабдықтың айлық тұтынуына тең, яғни үш бөлмелі пәтердің тұтынуынан 8 есе артық. Қазіргі уақытта халық үшін энергия шектеуге байланысты ауыр салдарға жол бермеу мақсатында Жүйелік оператор күнделікті негізде барлық қажетті шараларды қабылдауда. 

«Энергетика министрлігі электр энергетикасы саласындағы кейбір нормативтік құқықтық актілерге түзетулер енгізді. 2022 жылғы 8 ақпанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Цифрлық майнингтің заңсыз жұмыс істейтін субъектілерін анықтау және оларға қатысты тексеру іс-шараларын жүргізу бойынша шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік және құқық қорғау органдары электр энергиясы нарығын «көлеңкелі» цифрлық майнинг субъектілерінен тазартуға бағытталған тиісті іс-шараларды жүзеге асыруда», — деді энергетика министрі.

Оңтүстік аймақ жаңа генерацияны енгізу бойынша жобалар шоғырланған орын болып табылады. 2026 жылға дейін оңтүстік өңірлерде жиынтық қуаты шамамен 3050 МВт болатын 7 генерациялайтын қондырғы салу жоспарлануда, олардың бір бөлігі түпкілікті тұтынушылар үшін тарифке жүктемені барынша азайтуға мүмкіндік беретін аукциондық сауда-саттық тетігі арқылы іске асырылатын болады. 

«Сондай-ақ энергия жүйесінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және ел экономикасын электр энергиясымен толық қамтамасыз ету үшін Энергетика министрлігі жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдармен 13 инвестициялық келісім жасасты, олардың шеңберінде генерациялайтын жабдықты реконструкциялау және кеңейту жөніндегі іс-шараларды іске асыру болжанып отыр. Нәтижелері бойынша, көлемі шамамен 1 600 МВт болатын қосымша электр қуатын іске қосу жоспарлануда, оның ішінде көмір 950 МВт және газ 650 МВт құрайды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының гидроэнергетикалық саласын дамытудың 2030 жылдарға арналған жоспары шеңберінде судың гидродинамикалық энергиясын пайдаланатын шамамен 1 500 МВт электр қуатын іске қосу жоспарлануда», — деді Болат Ақшолақов.

Мұнымен қоса, Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының 2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерімін әзірледі. Энергия теңгерімін әзірлеу барысында секторлар бөлінісінде Қазақстанның энергетика саласының ағымдағы жай-күйіне талдау жүзеге асырылды және көздер бөлінісінде генерацияны дамыту, сондай-ақ жаңа тұтынушыларды енгізу перспективаларын ескеретін өндіру-тұтыну теңгерімдерін модельдеуге сәйкес пайдалануға беру талап етілетін электр қуатының қажетті көлемі әзірленді. 

«Энергия теңгеріміне сәйкес электр энергиясын тұтыну 2035 жылға қарай 152,9 млрд. КВт*сағ дейін өседі, 2021-2035 кезеңінде электр энергиясын тұтынудың орташа жылдық өсуі 2,7%-ға артады. Экономика мен халықтың қажеттілігін жабу үшін 2035 жылға қарай 17,5 ГВт жаңа генерация қажет болады», — деді ол. 

Айта кетейік, елдің энергия жүйесінің тұрақты жұмысы үшін базалық генерацияны енгізу қажеттілігі, белгіленген қуатты пайдалану коэффициентінің төмен көрсеткіші және жаңартылатын энергия көздерін өндірудің тұрақсыздығы, көміртегі бейтараптығының әлемдік күн тәртібі және Қазақстанның парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі міндеттемелері Қазақстанда қауіпсіз және тұрақты атом энергетикасын дамыту қажеттілігіне түрткі болады. Барлық жоспарланған жобаларды іске асыру энергия жүйесінің шектес мемлекеттердің энергия жүйелерінен тәуелсіздігін қамтамасыз ете отырып, базалық және реттеу қуатының тапшылығын жабуға мүмкіндік береді.

«Қазақстанда атом энергетикасын дамыту әлеуеті жеткілікті. Біз өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша әлемде бірінші орындамыз. Бізде ядролық отын компоненттері өндіріледі, сондай-ақ біздің елде уранды изотопты байыту бойынша қызметтерге қолжетімділік бар», — деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Б. Ақшолақов.

Өткен жылы Үлбі металлургия зауытының базасында Қытайдың атом электр станциялары үшін дайын ядролық отын шығаратын зауыт ашылды. Ядролық отын белсенді шығарыла басталды. Кадрлық әлеует пен тәжірибеге келетін болсақ, атом өнеркәсібі мен ғылым саласында бізде 24 000-ға жуық адам еңбек етеді. Қазақстанның жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық және техникалық физика бағыттары бойынша 3000 жуық кадр даярланды. 

«Бұл ретте, өткен аптада Ресейде біздің елдеріміз арасында екі президенттің қатысуымен әлемдегі жетекші жоғары оқу орындары болып табылатын ресейлік жоғары оқу орындарында осы саланың кадрларын даярлау жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Электр энергиясының алдағы тапшылығын, әлемдік экологиялық күн тәртібіне байланысты көмір генерациясына тәуелділікті төмендету қажеттілігін, өндірістік қуаттардың тозуын, сондай-ақ Қазақстанның атом энергетикасын дамытудағы зор әлеуетін ескере отырып, елімізде АЭС салу неғұрлым перспективті шешім болып көрінеді», — деді спикер.

25 қаңтарда Орталық Азияның энергия жүйесінде электр энергиясын өндірудің күрт төмендеуіне байланысты 500 кВ «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті шамадан тыс жүктелді. «KEGOC» АҚ-ның алдын ала ақпараты бойынша Өзбекстандағы Сырдария ЖЭС-індегі 500 кВ тарату құрылғысындағы қысқа тұйықталу нәтижесінде, жалпы қуаты 1000 МВт болатын 4 энергия блогы қорғаныс әрекетінен ажыратылды, бұл жиіліктің 47 Гц-ке дейін күрт төмендеуіне және Орталық Азияның Біріккен энергия жүйесінің бөлінуіне әкелді. 

«Электр желілерінің бұзылуына және ірі жүйелік аварияның өршуіне жол бермеу мақсатында «Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» электр транзиті аварияға қарсы автоматиканың дұрыс жұмыс істеуі арқылы бөлінді, бұл Қазақстанның оңтүстік аймағы тұтынушыларын толық ажыратуға жол бермеді. Аварияға қарсы автоматиканың әрекетімен Жамбыл МАЭС, Шымкент ЖЭО-3, Қызылорда ЖЭО-6 және Алматы облысының электр станциялары тұтынушыларды жылумен және электрмен жабдықтауды сақтай отырып, толық тоқтауға жол бермеді. 50 Гц нормативтік жиілік кезінде Орталық Азияның энергия жүйесіндегі жиілік 47 Гц-ке дейін күрт төмендеді, соның салдарынан Өзбекстан мен Қырғызстанның энергия жүйелері толық сөндірілді», — деді министр. 

Жүйелік оператор мен өңірлік энергетикалық ұйымдардың уақтылы қабылдаған шараларының арқасында энергия жүйесінің қалыпты режимі және тұтынушыларды электрмен жабдықтау барынша қысқа мерзімде қалпына келтірілді. Арнайы комиссия жұмысының нәтижелері бойынша технологиялық бұзушылықтың пайда болу және даму себептері анықталды. Комиссия жұмысының қорытындысы бойынша технологиялық бұзушылық туындаған, оқшаулау және жою кезіндегі персоналдың іс-әрекетіне, релелік қорғау және аварияға қарсы автоматика жұмысына баға берілді, сондай-ақ осындай технологиялық бұзушылықтарды болдырмау бойынша ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу