Инвестициялық белсенділік және нақты сектор өндірісін ұлғайту экономика өсімінің басты факторларына айналды — ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында 2019 жылғы қаңтар–тамыздағы ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің орындалуының қорытындылары шығарылды. Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, ұлттық экономика министрі Р. Дәленов, сондай-ақ Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев баяндама жасады. 

Ағымдағы жылғы 8 айдағы экономика жағдайы туралы баяндаған Р. Дәленов тамызда ел экономикасы орнықты серпінді сақтағанын атап өтті. 8 айда Жалпы Ішкі Өнімнің өсуі 4,3%-ға дейін жеделдеді. Осының негізінде барлық халықаралық рейтингтік агенттіктер Қазақстанның кредиттік рейтингін инвестициялық тартымдылық деңгейінде растады.

«Экономиканың өсунің басты факторлары инвестициялық белсенділік пен нақты сектор өндірісінің ұлғаюы болды», — деді Р. Дәленов. Инвестициялардың өсімі 10,7% құрады. Ең жоғары инвестициялық өсім ауыл шаруашылығында, құрылыста, саудада және өнеркәсіпте байқалды.

Жылдық инфляция нысаналы дәліз шегінде сақталып, 5,5% құрады.

Өнеркәсіп өндірісі ағымдағы жылғы 8 айда 3,2%-ға дейін жылдамдады. Өсу қарқындары бойынша өңдеу өнеркәсібі кен өндіру өнеркәсібінен озық. Өңдеу өнеркәсібінде машина жасауда, жеңіл өнеркәсіпте, сусындар өндіруде, фармацевтикада екі мәнді ұлғаю байқалды. Кен өндіру өнеркәсібінде негізінен металл кенін және мұнай өндіруді ұлғайту есебінен өсу қарқыны 3,1% дейін үдеді. 

Құрылыс секторы тұрақты қарқынмен дамып келеді. Орындалған жұмыстардың көлемі 11,8%-ға өсті. Өнеркәсіп объектілерінің құрылысы, автомобиль жолдарын, газ құбырларын салу бойынша жұмыс ұлғайды. Сондай-ақ ірі зауыттарда құрылыс-монтаждау жұмыстары ұлғайды.

Ауыл шаруашылығында өндіріс көлемі 3,6%-ға ұлғайды, оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 3,9%, мал шаруашылығы 3,5%-ға ұлғайды. Ағымдағы жылғы 31  тамыздағы жағдай бойынша дәнді дақылдар себу алаңдарының 29,8% жиналды. Өнімділік гектарына 11,5 центнерді құрады.

Экономиканың нақты секторындағы іскерлік белсенділік қызмет көрсету саласының өсуімен сүйемелденді. Есепті кезеңде өсім 4,3% құрады. Оның негізгі сегменттерінде динамиканың үдеуі байқалады, саудада ең үлкен өсу байқалады — оның көлемі 8 айда көтерме сауданың есебінен 7,6%-ға өсті. Көлік қызметтері 5,5%-ға өсті. Өсуге негізі салымды әуе және автомобиль көлігінің жүк айналымы қосты.

Ағымдағы жылғы қаңтар-шілдеде сыртқы сауда айналымы 1,7%-ға $53,8 млрд-қа дейін ұлғайды. Экспорт көлемі $32,9 млрд құрады. Импорт $20,9 млрд құрады.

Ұлттық банк төрағасы Е. Досаев 8 айдың нәтижесі бойынша қаржы нарығындағы жағдай тұрақты күйде сақталғанын айтты. Инфляция таргеттелетін 4-6% дәліз шегінде қалыптасуда.

Тамызда айлық инфляция 0,2%-ды құрады. Жылдық инфляция 5,5%-ға дейін өсті. 

«Азық-түлік тауарларының бағасы жылдық көрсеткіш бойынша 9%-ға өсті және инфляцияға ең көп үлес қосуды жалғастыруда. Жылдық азық-түлік инфляциясының шамамен 60%-ы азық-түліктің кейбір түрлеріне, яғни – еттің 12,8%-ға, нан-тоқаш өнімдерінің және жармалардың 12,6%-ға қымбаттауына байланысты, олардың инфляцияға үлесі 1 пайыздық тармақты құрады. Тауарлардың бұл санаты әлемдік бағалар мен экспорт көлемінің өсу аясында қымбаттады», — деді Е. Досаев.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы бір жылда 5,7%-ға өсті. Ақылы қызметтер бағасының жылдық серпіні тарихи тұрғыдан ең төмен деңгейде қалуда – 0,8%.

Негізгі проинфляциялық фактор бюджеттен жұмсалатын әлеуметтік шығыстардың өсуі аясындағы елеулі фискалдық шараларға жауап ретінде тұтынушылық сұраныстың ұлғаюы болып табылады. 

«Біз 2019 жылы фискалдық ынталандырудан болатын инфляцияға қосымша үлесті 0,5 пайыздық тармақ мөлшерінде бағалаймыз. Ағымдағы жылдың соңына инфляцияны 5,7-5,8% деңгейінде күтеміз. Осындай жағдайларда кеше 9 қыркүйекте Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 9,25%-ға дейін көтеру туралы шешім қабылдады және пайыздық дәліз +/-1 пайыздық тармақ деңгейінде сақталды», — деді Е. Досаев.

Өз кезегінде Премьер-Министрдің Бірінші Орынбасары - қаржы министрі Ә. Смайылов республикалық бюджетің орындалуы туралы айтып берді.  Мемлекеттік бюджеттің түсімдері есепті кезеңде 102,8%-ға орындалды. Осылайша, бюджетке 8 трлн 407 млрд теңге қаражат түсті. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары есепті кезеңде 8 трлн 910 млрд теңгеге атқарылды, яғни 98,3%. Олардың жартысынан астамы немесе 4 трлн 856 млрд теңгесі әлеуметтік салаға жіберілді. Бюджет тапшылығы 503 млрд теңге немесе Жалпы Ішкі Өнімге шаққанда 0,7% деңгейінде қалыптасты.

«Кірістер бойынша (трансферттерді есепке алмағанда) есепті кезеңнің жоспары бюджеттердің барлық деңгейлерінде артығымен орындалды. Мемлекеттік бюджет кірістері өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 114,6%-ға өсті», — деді Ә. Смайылов.

Республикалық бюджетке 4 трлн 363 млрд теңге кірістер түсті. 2018 жылдың 8 аймен салыстырғанда кірістер 118,1%-ға өсті немесе 669 млрд теңгеге көп. Олар негізінен салықтар есебінен қалыптасты. Салықтардың өсуіне салықтық-кедендік әкімшілендірудің жақсаруы және экономиканың өсуі себеп болды.

Жергілікті бюджеттердің өз кірістері 1 трлн 659 млрд теңгеге атқарылды. 

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,3%-ға, республикалық бюджетте – 98,9% және жергілікті бюджеттерде – 98%-ға атқарылды. Республикалық бюджеттің шығыстары 7 трлн 725 млрд теңгені құрады. 

Бүгінгі күнге Жекешелендірудің кешенді жоспары 91%-ға орындалды. Есепті кезеңде 62 объекті сауда-саттыққа шығарылды. 31 объекті 33 млрд теңгеге сатылды. 31 объекті сауда-саттықта. 

«Біз қаржылық жыл соңына дейін тым аз уақыт қалғанын ескеруіміз керек. Сондықтан да, орталық және жергілікті атқарушы органдар жұмыстардың белгіленген уақытта орындалуына бақылау жасауы тиіс», — деп түйіндеді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу