Қазақ тілінің «Google аудармашы» 
жаһандық аударма жүйесіне ену жобасы тіл тасымалдаушы тарапынан қолдауды қажет етеді, деген пікір білдірді бүгін ОКҚ брифингінде 
«WikiBilim» қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Рауан Кенжеханұлы.

«Google-аудармашы - бұл пайдаланушылардың тарапынан қолдау мен көмекке тәуелді және соған негізделіп құрылған жүйе. Тілді қосу және жетілдіру пайдаланушыларға байланысты», - деді Р.Кенжеханұлы. 

Жалпы қор басшысы атап өткендей, аударма сапасы қажетті талаптарға жауап береді.

«Осы ретте әлемде кең қолданылатын Google-аудармашы жүйесінде қазақ тілінің пайда болуы біз үшін өте маңызды. Бір жағынан, тілді меңгеріп жатқан ортаға көмекші құрал, екінші жағынан түрлі мәтіндер жазатын мамандарға, ғылымға көмек болады деп сенеміз», - деді ол. 

Оның айтуынша, «Google-аудармашы» жүйесінде 80-нен астам тіл бар, олардың ішінде түрік тілдерінен түрік және әзірбайжан тілдері жүйеден қолдау тапқан. Бүгінде күн сайын әлемде Google-аудармашы қызметін 200 млн адам пайдаланады. Ол тек сөздерді ғана емес, сондай-ақ, сөз тіркестерін, шағын мәтіндерді және толық веб-беттерді аударуға мүмкіндік береді

«Бұл жобаның басталғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Жасалатын жұмыс көлемі ауқымды. Әу бастан осы жобаға жанашыр болатын, қазақ және ағылшын тілін білетін қауымдастық құруға тырыстық. Жалпы, «WikiBilim» қоры интернеттегі қазақ тілді контентті дамытумен айналысатынын жиі айтып жүрміз», - деп түсіндірді қор басшысы.

Р.Кенжеханұлының мәліметінше, қазақ тілі «Google» аудармашы жүйесіне 2014 жылдың соңында қосылады.