ҚР ҰЭМ: 7 жыл ішінде 7 млн адам сапалы әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтылады 

Қазақстанда Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы кезеңі аяқталды. Бағдарламада көзделген мақсаттарға орай, 2019 жылы еліміздегі бірқатар қалалардың, аудан орталықтары мен ауылдардың инфрақұрылымы жетілдірілді. Бұл ретте, 2019 жылы Өңірлерді дамыту бағдарламасына жаңа жобалар енгізілді. Бұл туралы ұлттық экономкиа вице-министрі Ермек Алпысов айтып берді. 

Оның айтуынша, осыған дейін тек ірі қалалар мен облыс орталықтарының, моноқалалардың инженерлік жүйелерін ретке келтіру жұмыстары ғана атқарылып келген. 

«Ал 2019 жылы ірі қалалардың шет аймақтары да қамтылды. Бұл жұмыстарға 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 43 жоба бойынша жоспар жүзеге асырылуда. 2021-2022 жылдары бұл жоба өз жалғасын таппақ», — деп нақтылады ұлттық экономика вице-министрі.

Сонымен қатар ол ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша биылғы жылы қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының іске асырылу барысы туралы айтып берді. Өңірлерді дамыту бағдарламасында қарастырылған бұл жобаны жүзеге асыру мақсатында Ұлттық экономика министрлігі арнайы әдістеме бойынша әлеуеті бар 3,5 мың ауылды іріктеп, бекітті. 

«Биыл 53 ауылдық елді мекенде инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Яғни мектеп, аурухана, спорт нысандарымен қатар сумен қамту жүйелерін салу, жолдарды жөндеу жұмыстары атқарылды. Ол ауылдарда 700 мыңға жуық адам тұрады», — деді Е. Алпысов. 

3,5 мың ауылда қазір еліміздегі барлық ауылдықтардың 85%-ы тұрады. Ауыл экономикасын дамытуға оң серпін беру мақсатында 2027 жылға дейін аталған елді мекендердегі барлық әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды толыққанды жаңғырту көзделген. 

Ұлттық экономика вице-министрі жобаны іске асыру нәтижесі бойынша 2027 жылға қарай аталған ауылдық елді мекендерде ел халқының шамамен 90%-ы тұрады деп күтіліп отырғанын атап айтты. Демек, 7 млн адам сапалы әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылыммен қамтылатын болады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу