Қазақстандағы МЖӘ-нің дамуы туралы сұхбат: жай-күйі, үрдістері және келешегі

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының табысты құралы ретінде танылған. Біздің елімізде МЖӘ механизмін сапалы дамыту бағытында үлкен жұмыс жүргізілуде. «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Талғат Матаев PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында Қазақстандағы серіктестіктің осы түрінің жай-күйі мен болашағы туралы айтты.

— Талғат Мұстафаұлы, мектепке дейінгі білім беру саласындағы мемлекет пен бизнес серіктестігі бүгінгі таңда МЖӘ-нің ең табысты үлгісі саналады. Қазақстанда МЖӘ-ні жүзеге асыру жылдары қанша білім беру нысаны салынды? Елімізде мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші қалай өзгерді?

— Шынында да, МЖӘ білім беру саласында белсенді дамып келеді. Мысалы, 01.06.2020 ж. жасалған 786 МЖӘ шартының 56%-ы немесе 437 бірлігі осы салаға тиесілі. Шамамен 115 млрд теңгеге келісімшарттар жасалды.

Биылғы қаңтар-мамыр айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда білім беру саласы МЖӘ жобаларының саны бойынша көшбасшы болып қалды.

Білім беру саласындағы МЖӘ жобаларының жартысынан астамы мектепке дейінгі ұйымдар. Бүгінгі таңда 70 млрд теңгеге 240 МЖӘ шарты жасалды. Осы жобалар шеңберінде жаңа құрылыс, мектепке дейінгі мекемелерді қалпына келтіру, жаңғырту және пайдалануға беру жұмыстары жүргізілді. МЖӘ сенімгерлік басқаруға беру, жалдау және т. б. форматтарда жүзеге асырылды.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша 2019 жылы 3-6 жастағы балаларды қамту 98,5%-ға жеткен.

Дегенмен Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Алматы облысында және басқа да бірқатар өңірде көші-қонның жоғары болуына, демографиялық процестердің өсуіне байланысты мектепке дейінгі ұйымдарға қажеттілік сақталып отыр.

Сондықтан 2020-2025 жылдарға арналған ҚР білім мен ғылымды  дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасында МЖӘ мен жан басына қаржыландыру тетігі есебінен мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер желісін одан әрі кеңейту қарастырылған. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жұмысы жалғастырылады.

2025 жылға қарай 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту үлесін 85,3%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

— Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында білім беруде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудың маңыздылығына тоқталды. Атап айтқанда, Президент білім беру инфрақұрылымына инвестицияларды тартуды арттыру қажет екенін атап өтті. Осы тапсырманы іске асыру бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

— Бүгінгі таңда ҚР Білім және ғылым министрлігі инвестициялық шығындарды өтеу мерзімін 8 жылдан 5 жылға дейін қысқартуды, амортизациялық компонент мөлшерін арттыруды, аталған шығыстардың бір бөлігін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруды ұсыну арқылы орта білімді жан басына қаржыландыру механизмін одан әрі жетілдіруді жалғастыруда.

Екі механизмді, яғни МЖӘ мен жан басына шаққандағы қаржыландыруды біріктіру әлеуетті инвесторлар алдында жобаның тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді, себебі МЖӘ 5-10 жылдық ұзақ мерзімді келісімшартты, қызметтердің кепілдік берілген көлемін тұтынуды қамтамасыз етеді, жер телімін бөлу, оған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту мүмкіндігі бар. МЖӘ шарты білім беру және өзге де қызметтердің сапасына, арнайы индикаторларды қолдану арқылы ғимараттарды пайдалануға кепілдік береді.

Сондай-ақ ел аумағында мектептердің шамадан тыс жүктелуін ескерсек, республикалық маңызы бар қалалармен қатар бұл тәжірибені Қазақстанның әрбір өңірінде қолдану маңызды.

Мектептер құрылысымен қатар МЖӘ механизмдерін пайдалану білім беру саласындағы ұйымдарда асханалар, жатақханалар, спорт алаңдары сияқты объектілерде, балаларды тасымалдауды ұйымдастыру, бейнебақылау және т. б. үлкен әлеуетке ие. «Бағдарламалық МЖӘ-нің» енгізілуі МЖӘ бойынша рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.

— МЖӘ жобалары болашаққа бағытталған, олардың табыстылығын ағымдағы нәтижелер бойынша бағалау өте қиын. Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің жағдайы қалай? Тәжірибе сәтті деп айтуға бола ма?

— 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 1,8 трлн теңге сомасына 786 МЖӘ шарты жасалды, оның ішінде 10-ы республикалық деңгейде, 776-ы жергілікті деңгейде. 910 млрд теңге инвестиция тартылды.

МЖӘ-нің ең табысты жобалары деп үшінші санаттағы МЖӘ жобалары саналады. 2020 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша іске асырылатын МЖӘ жобаларының 1/3 бөлігі үшінші санаттағы жобалар болып табылады, яғни бюджеттің ағымдағы шығыстары, тарифтер және бюджеттен тыс көздер (ақылы қызметтер және т.б.) есебінен өтеледі.

Үшінші санаттағы жобаларға мысал ретінде тамақ блоктары мен асханаларды жаңғырту бойынша жобалар (елдімекеннің барлық мектебін қамтитын типтік жобалар), сондай-ақ мемлекеттік тапсырыс және студенттердің жалдау төлемдері есебінен өтелетін жатақханалар салу және пайдалануды айтуға болады.

Сондай-ақ «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңына сәйкес МЖӘ дамыту орталығы жыл сайын МЖӘ жобаларының іске асырылуын бағалайды, оның қорытындысы бойынша бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне (мемлекеттік әріптестерге) жоспарланған және іске асырылатын жобалардың тиімділігін арттыру мақсатында ұсынымдар береді. Уәкілетті мемлекеттік органдар жүргізген МЖӘ шарттарын тексеру қорытындылары бойынша мемлекеттік органдар МЖӘ жобаларын іске асыру кезінде жіберген бірқатар проблема анықталды. Қазіргі уақытта бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ҚР Ұлттық экономика министрлігімен және МЖӘ дамыту орталығымен бірлесіп жоғарыда көрсетілген ескертулерді жою, сондай-ақ МЖӘ саласындағы заңнамаға толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде.

Сонымен қатар Қазақстанда барлық өңірде қолданыста бар жобаларды (мысалы, бюджеттен тыс көздер есебінен өтелінетін үшінші санаттағы МЖӘ жобалары) іске асыру мысалдары бар.

— Мемлекет МЖӘ мәмілелерінде тиімді серіктес бола ма, оларды дайындау мен жасасуға тиімді ықпал ете ме?

— ҚР «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңына сәйкес, МЖӘ қағидаттарының бірі теңгерімділік принципі болып табылады. Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасын іске асыру процесінде мемлекеттік әріптес пен жеке әріптес арасында міндеттерді, кепілдіктерді, тәуекелдер мен табыстарды өзара тиімді бөлу дегенді білдіреді. МЖӘ жобаларында пайдалануға беру кезеңі міндетті болғандықтан, МЖӘ шарттарында құқықтармен қатар міндетті түрде мемлекеттік әріптестің міндеттемелері де көрсетіледі, оларды бұзған жағдайда жеке әріптес тарапынан санкциялар көзделген. Бүгінгі таңда мемлекет ең сенімді серіктес болып табылады және МЖС жобалары аясында жеке серіктестерге бірқатар қолдау шараларын ұсынып отыр.

— Қазақстанда МЖӘ туралы заңнаманы дамыту үшін қандай қадамдар жасалды? Өткен жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы заңнамаға қандай түзетулер енгізілді?

— «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында 2015 жылғы 31 қазанда жаңа құқықтық алаңға негіз болған МЖӘ туралы Заң қабылданды. МЖӘ туралы Заң экономиканың барлық саласында (тізбесін ҚР Үкіметі айқындайтын жекелеген объектілерді қоспағанда) МЖӘ-ні іске асыру мүмкіндігін ашты, МЖӘ-нің келісімшарттық нысандарын кеңейтті, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, жобаларды қаржыландыруды ұсынатын ұйымдардың МЖӘ жобаларына қатысуына, сондай-ақ МЖӘ шарттарын конкурс негізінде ғана емес, тікелей келіссөздер (жеке әріптес мүлкін айналымға енгізу) арқылы да жасасуға мүмкіндік берді.

Көпшілік-жекеменшік әріптестіктің жалпы әлемдік тәжірибесін біріктіретін БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясы МЖӘ-ні әлеуметтің игілігі үшін бағдарлау — «people first PPP» қағидаттары бойынша ұсынымдар әзірледі. Олар белгілі бір аспектілерді, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті және халықтың шығынның орнын толтыру және оның пікірі ескерілетіндігін есепке алуды көздейді.

Осы ұсыныстарды ескере отырып, 2019 жылы ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кейбір бұйрықтарына түзетулер енгізілді.

Атап айтқанда, МЖӘ жобаларын жоспарлау және іске асыру Ережесінде МЖӘ жобалары бойынша шешім халық үшін маңыздылығы мен жобаның жеделдігін ескере отырып қабылдануы тиіс екендігі бекітілген. Мәселен, басымдылығы бойынша мақсаттылық дәрежесі назарға алынады және бірінші кезекте халықтың базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ететін, маңызды проблемаларды шешетін МЖӘ жобаларын іске асыру қарастырылады.

Жұмыс барысындағы проблемалардың, ең алдымен, бастапқы сатыларда жобаны сапасыз әзірлеу себебінен болатындығын ескере отырып, МЖӘ ережелеріне МЖӘ жобаларының сапасын арттыруға бағытталған өзгерістер енгізілді. Мысалы, жобаны әзірлеуде кешенді, жан-жақты көзқарасты қамтамасыз ету, ескерілмеген тәуекелдерді, сыбайлас жемқорлықты азайту үшін міндетті түрде Ведомствоаралық жобалық топ құру көзделген.

Сонымен қатар енді салалық қорытындылардың нақты оң немесе теріс түйіндемесінің болуы міндетті. Егер конкурстық құжаттамаға немесе бизнес-жоспарға салалық қорытынды нысанына сәйкес өзгерістер енгізілсе, міндетті түрде қайта берілуі тиіс.

Бірқатар түзетулер жобалар бойынша ақпаратты жинау және өңдеу жүйесін жетілдіруге бағытталған: МЖӘ жобаларының бірыңғай базасын қалыптастыру, МЖӘ жобаларының іске асырылуын бағалау рәсімін нақтылау, инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша қызметтер көрсету, МЖӘ шарттарына қосымша келісімдерді міндетті тіркеу, оларды сақтау және мұрағаттау бөлігінде.

МЖӘ жобаларын әзірлеумен және іске асырумен байланысты рәсімдерге өзгерістр енгізу БҰҰ ЕЭК ұсынымдарымен және шетелдік тәжірибені зерделеумен ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы МЖӘ-нің неғұрлым кеңейтілген практикасын зерделеу нәтижелерімен байланысты.

МЖӘ туралы Заң және тұтастай алғанда МЖӘ саласындағы заңнаманы дамыту, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүргізілетін жұмыс Қазақстандағы МЖӘ жобаларының айтарлықтай сандық секіруіне алып келді, оларды іске асыруды бағалау өз кезегінде құқықтық одан әрі жетілдіру үшін негіз болды.

— Талғат Мұстафаұлы, бүгінгі таңда Қазақстанда МЖӘ бойынша қанша жоба іске асырылуда? Өткен жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда қандай динамика байқалады?

— 2019 жылы 277 МЖӘ шарты жасалды, 2020 жылдың 5 айында 31 МЖӘ шарты жасалды. Егер 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырсақ, 2019 жылдың қаңтар-мамыр айларында 45 МЖӘ шарты жасалды. МЖӘ шарттарын жасасу қарқынының төмендеуі екі факторға — ДДҰ жариялаған коронавирус пандемиясы және осыған байланысты Үкіметтің бюджет шығыстарын қысқарту шараларына, сондай-ақ үшінші санаттағы МЖӘ жобаларына басымдық беру, бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырылатын жобаларға салынған инвестицияларды қайтару туралы Үкіметтің тапсырмасына байланысты.

— Егер қолданыстағы МЖӘ жобаларын бағалайтын болсақ, экономиканың қандай салалары бизнес үшін неғұрлым тартымды және неге? Бүгінде МЖӘ-жобалары бойынша қандай секторлар сұранысқа ие емес? Оның себебі неде?

— Білім беру саласындағы МЖӘ жобалары МЖӘ шарттарының жалпы санының жартысынан (55%) астамын құрайды. Денсаулық сақтау және ТКШ салалары екінші және үшінші орында. Бұл ретте ең ірі жобалар көлік және инфрақұрылым саласында іске асырылды.

Мысалы, көлік және инфрақұрылым саласында небәрі 24 МЖӘ жобасын іске асырудың негізгі себептері осы саладағы жобалардың капиталды қажетсінетінін, оған мемлекеттің өзі тәуекелге баруға дайын емес екенін көрсетеді.

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы және туризм салаларында іске асырылған жобалар жоқ. Бұл салалық заңнаманың дайын еместігін және салалық органдардың әлеуетті жеке әріптестермен жұмысының жеткіліксіздігін көрсетеді.

— МЖӘ жаңғырту бойынша қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

— Тұрақты негізде МЖӘ жобаларын (интерактивті алаңдар, инвесторлармен, қаржы ұйымдарымен, сарапшылармен және т.б. кездесулер) іске асырудың проблемалық мәселелерін талдау бойынша жұмыс жүргізіледі және қажетті заңнамалық түзетулер енгізіледі.

Уәкілетті органдардың ұсынымдарының қорытындысы бойынша, сондай-ақ БҰҰ ЕЭК, ХҚҰ, ҰКП және сараптамалық қоғамдастықтың ұсынымдарын ескере отырып, инвестициялық ынталандыруға және жобаларды іске асыру тәуекелдерінің алдын алуға бағытталған заңнамалық түзетулер әзірленді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісуден өтеді.

— Бүгінде Қазақстанда МЖӘ-нің қандай түрлері бар және олар қалай енгізілуде? Әрекет етіп тұрғандарынан өзге МЖӘ-нің жаңа формалары енгізіле ме?

— МЖӘ жүзеге асыру тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.

Бүгінгі таңда келісімшарттық МЖӘ белсенді қолданылады. Келісімшарттық МЖӘ мынадай түрлерде іске асырылады:

1) концессия;

2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;

3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдауға (жалға алуға) беру;

4) лизинг;

5) технологияны әзірлеуге, тәжірибелік үлгіні дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және ұсақ сериялы өндіріске жасалатын шарттар;

6) өмірлік цикл келісімшарты;

7) сервистік келісімшарт;

8) МЖӘ белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар.

МЖӘ-ні МЖӘ шартына сәйкес МЖӘ компаниясы іске асырады. Қазіргі уақытта институционалдық МЖӘ енгізу сатысында тұр, әзірлеушілер оны қолдану мүмкіндігін зерттейді.

2017 жылы білім беру және денсаулық сақтау саласында қолданылатын «Бағдарламалық МЖӘ» енгізілді. Мемлекет мемлекеттік және үкіметтік бағдарламаларды жоспарлау сатысында МЖӘ жобасының базалық параметрлерін, мемлекеттік қолдау және бюджеттен төлеу шараларын, сондай-ақ жеке әріптесті айқындау және МЖӘ шартын жасасу тәртібін айқындайды. Мұндай механизм бизнес қоғамдастық пен мемлекеттік органдардың өкілдерін МЖӘ-нің стандартты жобалары бойынша құжаттаманың үлкен пакетін әзірлеуден және көптеген сараптамалар мен келісімдерден өтуден босатуға мүмкіндік береді, сондай-ақ барлық әлеуетті инвесторларға тең мүмкіндіктер ұсынады.

Механизмді қолданудың әлеуетті салалары: білім беру, медицина (фельдшерлік-акушерлік пункттер), дене шынықтыру және спорт (дене шынықтыру-сауықтыру кешендері), сервистік қызметтер, ТКШ объектілері және басқалар.

Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде студенттерді жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету бойынша ҚР БҒМ мысалға ала отырып, салалық мемлекеттік органдарға «Бағдарламалық МЖӘ» қолдануды тездету, осы бағытты іс жүзінде қолданысқа енгізулері қажет деп ойлаймыз.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне МЖӘ мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң жобасы шеңберінде (мемлекеттік органдармен келісу сатысында, ҚР Парламентіне енгізу мерзімі – биылғы IV тоқсан). «Қайтарымды МЖӘ» деп аталатын МЖӘ жаңа нысаны қарастырылуда.

Бүгінгі күні жеке инвестициялардың негізгі объектілерінің басым бөлігі инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қажет етеді. Бұл ретте мұндай инфрақұрылымды салуға кеткен жеке инвестор шығынын мемлекеттік бюджет есебінен өтеу механизмі жоқ. Осы мақсатта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымын дамыту үшін қажетті ИКИ құруға бағытталған инвестордың инвестициялық шығындарын қайтару мүмкіндігін енгізу ұсынылады. Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды одан әрі пайдалануға беру мемлекет тарапынан да, бизнес қауымдастық тарапынан да жүзеге асырылуы мүмкін.

Негізгі объект бойынша МЖӘ шартында айқындалған талаптарға орындалғаннан кейін 5 жыл ішінде жеке әріптестің инвестициялық шығындарын өтеу.

2016 жылы БҰҰ ЕЭК халықаралық форумында МЖӘ моделі даму құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін деген келісімге қол жеткізілді. Жаңа буындағы МЖӘ – бұл «адамдарға арналған құндылықтарды» (People First PPP) қамтамасыз етуге бағытталған жобалар.

«Адамдарға арналған құндылықтар» қағидатын имплементациялау «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа Заң жобасы шеңберінде қарастырылады.

— Қазақстанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік механизмдері қандай салаларда қолданылады?

— МЖӘ экономиканың барлық саласында жүзеге асырылады. Бұл ретте тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілер МЖӘ-ні іске асыру үшін берілмейді. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру үшін, оның ішінде концессияға беруге жатпайтын объектілердің тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 6 қарашадағы №710 қаулысымен бекітілген

— МЖӘ механизміне жеке сектордың қызығушылығы қалай өзгеруде?

— МЖӘ механизмі келісімшарттардың әртүрлі нысандары мен түрлеріне ие. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңның 31-бабының 1-тармағына сәйкес жеке әріптесті таңдау конкурс не тікелей келіссөздер арқылы айқындалады. Жеке сектор жобаға бастамашылық жасауға және баламалы ұсыныстар болмаған жағдайда тікелей келіссөздер негізінде конкурс өткізбей МЖӘ шартын жасасуға құқылы.

Жеке сектор ештеңеден шектелмегенін атап өту қажет. Кез келген әлеуметтік бағыттағы жобалар іске асырылуы мүмкін. Мысалы, энергетика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, туризм, мәдениет, ТКШ және т. б. салаларда.

Әлеуметтік жобалардың тартымдылығын арттыру жөніндегі пәрменді шара мемлекеттік-жекеменшік әріптестік субъектілерінің шығындарын өтеу және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік субъектілерінің табыс алу көздері болып табылады.

Бұдан өзге, МЖӘ жобаларында жеке сектордың қосымша табыс алу үшін коммерциялық үй-жайларды орналастыруға мүмкіндігі бар.

kzppp.kz сайтында орналастырылған статистикаға сәйкес, елдегі МЖӘ-ні дамытуға жеке инвесторлардың қаншалықты белсенді қатысатынын қарастыруды ұсынамыз. «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заң қабылданғаннан бастап 5 жыл ішінде МЖӘ бойнша 785 жоба жасалды, оның ішінде жеке қаржылық бастама схемасы бойынша МЖӘ 347 жобасына бастама жасалды, бұл 44%-ды құрады.

Тәжірибе көрсетіп отырғандай, жеке инвесторлар денсаулық сақтау және білім беру саласындағы жобаларды қолға алуда.

МЖӘ-нің құралы бүгінгі күні ашық, икемді, сонымен қатар халықтың үшін өзекті мәселелерді шешуде өте маңызды. МЖӘ механизмдері мемлекет үшін де, бизнесті дамыту үшін де бірқатар артықшылық ұсынады. Екі тараптың да қызығушылығы орынды. Жеке сектор үшін жаңа инвестициялық мүмкіндіктер және тиісінше жаңа кіріс көздері ашылады. Мемлекет бюджетті әлеуметтік маңызы бар объектілерге салынған жеке капиталдың көмегімен оңтайландыра алады, сол арқылы өзінен қаржылық жүктемені алып тастайды.

— Алдағы жылдары еліміздің МЖӘ алаңында қандай өзгерістер болуы мүмкін?

— МЖӘ Орталығы 2019 жылы МЖӘ туралы Заңда және концессиялар туралы заңда көзделген мемлекеттік қолдау шараларын және бюджеттен төлемдерді қысқартуға бағытталған ұсынымдар әзірлегенін атап өткен жөн.

Алайда ұсыныстарды «Атамекен» ҰКП, сондай-ақ МЖӘ саласындағы жекелеген сарапшылар қолдамады. Олардың пікірінше, мемлекеттік қолдау мен бюджеттен төленетін төлемдерді қысқарту жаңа жобаларға кедергі келтіреді және бизнесті МЖӘ жобаларын іске асыруға ынталандырмайды.

Сонымен қатар әлемдік және отандық экономикадағы қазіргі дағдарысты ескере отырып, бюджеттен жеке әріптестің барлық шығынын өтеудің жалғасып отырған тренді кезінде, сондай-ақ, мемлекеттің МЖӘ міндеттемелерін қабылдау мүмкіндігінің шектеулі болуы кезінде МЖӘ төлеу механизмін одан әрі қолдану мүмкіндігіне қатысты үлкен тәуекел туындайды.

МЖӘ схемалары бойынша іске асырылатын жобалар әсіресе дағдарыс кезеңінде осал келеді, бұл МЖӘ институтының күрделі табиғатына, жоғары тәуекелдерге (атап айтқанда, валюталық тәуекелге) байланысты.

Қалыптасқан статистиканы, жобаларды іске асыру практикасын, стейкхолдерлердің (мүдделі тараптардың) пікірін ескере отырып, МЖӘ саласын институционалдық сауықтыру мақсатында МЖӘ Орталығы мыналарды ұсынады.

Концессия сұраныс тәуекелін бере отырып, концессия объектісін құру және пайдалану жөніндегі жеке тараптың міндеттемелеріне байланысты инфрақұрылымдық жобаларға ғана бағдарлансын. Қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан өтеу қызмет бірлігіне арналған тарифтер бойынша жүргізілсін (әлемдік тәжірибе). Егер тариф қажетті деңгейден төмен немесе жоғары болса, субсидиялау механизмін қолдану не концессиялық жобалар үшін арнайы тарифті белгілеу қажет.

МЖӘ жобаларын мемлекеттің қызметтерді жеке әріптестен сатып алу жөніндегі жобаларға тариф (мемлекеттік тапсырыс, ақылы қызметтер және т.б.) есебінен өтей отырып тарату ұсынылады. Осылайша мемлекет жеке сектордың активтерін сатып алмайды, ШОБ айналымына енгізеді.

ҚР Бәсекелестік туралы заңнамасын сақтау мақсатында қолдау болған жағдайда ұсынылып отырға тәсіл қосымша пысықталатын болады.

— Сұхбатыңызға рахмет!

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу