Қазақстанда «Wildberries» халықаралық компаниясының сауда-логистикалық орталықтары ашылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Қазан қаласына жұмыс сапары барысында «Wildberries» жетекші ресейлік халықаралық интернет-дүкенінің бас директоры Татьяна Бакальчукпен кездесті.

Кездесуде «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен Wildberries компаниясы арасындағы Қазақстанда электронды сауданы дамыту бойынша ынтымақтастық жоспарлары мен перспективалары талқыланды. Кездесудің қорытындысы бойынша Т. Бакальчукке АХҚО қатысушысы ретінде «Wildberries» тіркеу туралы сертификат табыс етілді, сондай-ақ, Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Т. Бакальчук primeminister.кz-ке берген сұхбатында сауда-логистикалық орталықтар салу және Wildberries электронды алаңында қазақстандық тауар өндірушілерді ілгерілету жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру туралы толығырақ айтып берді.

— Біз Нұр Сұлтан және Алматы қалаларында шамамен 50 мың шаршы метр ауданы бар екі сауда-логистикалық орталығын салғымыз келеді. Біз екі орталық салуды жоспарлап отырмыз, өйткені біз Қырғызстан нарығында жұмыс істеп жатырмыз және болашақта Өзбекстан нарығына шығуды көздеп отырмыз. Бізге Қазақстан аумағында осы елдермен логистикалық жұмыс істеу өте ыңғайлы болады. Біздің команда ол жаққа кетті, біз тез құрыламыз. Шамамен 2 жылдан кейін аталған логистикалық орталықтар толық қуатымен жұмыс істей алады деп ойлаймын.

 

— Инвестициялық жобаны жүзеге асырудан не күтесіз? Бұл орталықтар қазақстандық тауар өндірушілер үшін бірыңғай онлайн алаң бола ала ма?

— Мен үшін Қазақстанмен бұл жобаны іске асыру өте маңызды. Мен оның 100% толық жүзеге асқанын қалаймын. Біз оның қазақстандық интернет кеңістіктің үздігі болғанын қалаймыз, оны жасауға барлық күш-жігерді жұмсауға тырысамыз. Ол үшін барлық мүмкіндіктер мен жағдайлар жасалған. 

 

— Қазақстанда электронды сауда қаншалықты белсенді дамып жатыр деп ойлайсыз? 

— Жаздың басында біз AХҚО-да болып, онда басқа да алаңдармен таныстық. Әріптестеріміздің айтуы бойынша, нарық қазір қарқынды түрде дамуда, бірнеше ондаған интернет алаңдар бар, жергілікті ірі қатысушылар бар. Жалпы, менің ойымша, бүкіл әлемде, атап айтқанда, Кеден Одағы аумағында интернет нарығы басқа елдермен салыстырғанда жылдам дамып келеді. Кейінірек бастағанымызға байланысты шығар.

 

— Қазіргі таңда Интернет адам іс-әрекетінің барлық салаларын «жаулап алды» деуге болады. Алдағы 10 жылда онлайн-сауданың болашағы қандай болмақ? Электрондық коммерция дәстүрлі сауданы алмастыра ма?

— Біріншіден, арнайы сақтау шарттарын қажет етпейтін және адамдарға интернет арқылы тапсырыс беруге ыңғайлы болатын заттар сатылады. Оффлайн-сауда дами береді, бірақ сәл өзгеше бағытта дамиды. Қазірдің өзінде сауда орталықтары өз қызмет түрлерін өзгертіп жатқаны белгілі. Ойын-сауық мазмұны мен көңілді уақыт өткізуге көңіл бөлінуде, отбасылардың демалуы үшін жағдайлар жасалуда.

Менің ойымша, нарық тұтынушының қалауына сәйкес дамиды. Егер оған онлайн режимінде бәріне тапсырыс беру ыңғайлы болса, онда жағдай солай болады. Бірақ әрқашан дәстүрлі сауда арқылы сатылатын заттар болады, яғни онлайн-саудаға толық көшу процесі болмайды.

 

— Wildberries компаниясы жұмыс істеу кезеңінде үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бизнесті «нөлден» бастап қалай осындай үлкен табысқа қол жеткізілгені туралы айтып берсеңіз? Табысқа жетудің кілті қандай?

— Біріншіден, кез-келген істе көп еңбектену керек. Табысқа жетудің кілті — еңбекқорлық, істеп жатқан ісіңізге деген сүйіспеншілік және сенімді серіктестердің болуы.

 

— Сұхбатыңызға рақмет!

Wildberries компаниясы — бұл нарықта 16 жыл бойы қызмет көрсетіп келе жатқан, ЕАЭО елдерінің аумағындағы ең ірі онлайн-ритейлер. Компанияның географиясы бес елді қамтиды: Ресей, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Армения. Wildberries компаниясы үлкен сандарға қол жеткізді: 15 мыңнан астам бренд, қоймада 30 млн-нан астам тауар, күніне 400 мыңнан астам тапсырыс. 
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу