Жылу беру маусымына дайындық штаттық режимде жүріп жатыр — Энергетика министрлігі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 15 шілдесінде өткен ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттерді алға қойды. Әлеуметтік жағдайды жақсартуда тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның тиімді жұмысына маңызды рөл аударылады. 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына дайындық туралы PrimeMinister.kz сайтына берген сұхбатында ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерболұлы Ертаев айтып берді.

— Жылыту кәсіпорындарының алдағы жылу маусымына жалпы дайындығы қандай?

— Жылыту кезеңіне жалпы дайындық штаттық режимде өтуде. Энергетика министрлігі Үкіметтің тапсырмасы бойынша әр ай сайын  энергетикалық кәсіпорындардың басшыларымен және облыстық әкімдіктермен бірлесіп селекторлық салалық кеңес өткізеді. Бұл кеңесте әр өңірдің жылу маусымына дайындығы және проблемалық мәселелері қарастырылады.

Атап айтсақ, бүгінгі таңда 2019 жылға арналған кесте бойынша 11 энергоблоктан 5 энергоблокты, 63 қазаннан 34 қазанды 46 турбинадан 20 турбинаны жөндеу жұмыстары аяқталды. Әр түрлі кезеңдерде 4 энергоблокта, 30 қазандықта, 17 турбинада жұмыс жүргізілуде.

Электр желілері бойынша қазіргі таңда 15 мың шақырым электр желілері жөнделіп, 836 қосалқы станцияда жұмыстар аяқталды.

 

— Жылыту кәсіпорындарында жылу маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстары уақытылы аяқтала ма?

— Бұл мәселе бойынша Энергетика министрлігі кәсіпорындардың жөндеу жұмыстары барысына үнемі мониторинг жүргізеді және жөндеу жұмыстарының кестеге сәйкес орындалуын тұрақты түрде бақылайды.

Жалпы, еліміздің барлық өңірлерінде жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Сонымен қатар кейбір өңірлерде артта қалушылықтар бар. Бірақ мұның жылу кезеңінің басталуына еш кедергі болмай, уақытылы аяқталатынына сенімдіміз.   

 

— Жылу маусымының басталуына орай жылыту кәсіпорындары отынмен қамтамасыз етілген бе?

— Жалпы, энергия көздерінің қоймаларында қазіргі таңда 3,7 млн тонна көмір қоры жинақталған. Бұл көмір қоры өткен жылмен салыстырғанда 21%-ға артық. 103 мың тонна мазут қоры бар, бұл өткен жылмен салыстырғанда 24%-ға артық. Бүгінгі күнгі жинақталған отын қоры жылу кезеңін бастау үшін жеткілікті.

Энергетикалық кәсіпорындар отынды келісімшарт бойынша бекітілген кестеге сәйкес сатып алады. Сондықтан отын қоры жеткілікті деп есептейміз.

 

— Жылыту кәсіпорындарының қарызы қаншалық және Энергетика министрлігі тарапынан қарызды азайту үшін қандай шаралар қабылдануда?

 — Жалпы алғанда, бүгінгі күні жеткізілген газ үшін «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдында энергия жеткізуші кәсіпорындардың берешегі 7,9 млрд теңгені құрайды.

Сондай-ақ, «Богатырь Көмір» АҚ алдында жеткізілген көмір үшін  «Көкшетау Жылу» мен «Севказэнерго»-ның жалпы 527 млн теңге көлемінде берешегі бар. Осы берешекті өтеу үшін екіжақты келісімшарт жасалып, осы келісімшартта бекітілген кестеге сәйкес төлемдер жүргізіледі.

Салалық селекторлық кеңесте Энергетика министрі кәсіпорындардың басшыларына және облыс әкімдіктеріне бірқатар тапсырмалар берді. Соның ішінде осы берешекті уақытылы, бекітілген кестеге сәйкес өтеуді тапсырды. Бұл мәселе Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауына алынған.  

 

— Министрлікте әлеуметтік өндіріс нысандарына әлеуметтік мазутты жеткізу бойынша жағдай қандай?

— Әлеуметтік мазутпен қамтамасыз ету бойынша. Бүгінгі таңда министрлікте 277 мың тонна көлеміндегі мазутпен әлеуметтік өндіріс нысандарын қамтамасыз ету бойынша кесте әзірленген.

Алдын-ала бағалау бойынша әлеуметтік мазуттың бағасы қосымша құн салығымен қоса есептегенде 100 мың теңгені құрайтын болады. Қазіргі уақытта бұл кесте келісу, бекітілу сатысында.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу