Қазақстан мен Қытай суды үнемдейтін технологияларды сынап көруге және отандық ауыл шаруашылығы өнімдері үшін «жасыл дәліз» құруға келісті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Серік Жұманғарин мен Қытай Халық Республикасы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы Халық үкіметінің төрағасы Эркин Тунияз ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық және ондағы өнімділікті 30%-дан 70%-ға дейін арттыратын су үнемдеу технологияларын енгізу мәселелерін талқылады.

Қазақстанда суармалы жерлердің 50%-ына дейін су үнемдеу технологияларымен қамту жоспарлануда. Әзірге бұл көрсеткіш 16%-ды құрап отыр. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін бірқатар кешенді шара қабылданып жатыр.

«Бізде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте су үнемдеуді енгізуді қолдау және ынталандыру үшін барлық бағдарламалық құжат бар. Біз бизнес-құрылымдармен жұмыс істеуге дайынбыз. Алматы, Түркістан және Қарағанды облыстарында жобаларды іске асыру басталды», — деді ҚР су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз.

Қытайлық тарап суды үнемдеу саласында кешенді қызметтер көрсетуші «Тянье» компаниясының технологияларын қарастыруды ұсынды. Корпорация ҚХР-дағы 500 ірі компанияның қатарына кіреді. Оның өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісуге дайын, соның арқасында фермерлер 1 му-дан  (1 га=15 му) 500 кг мақта мен бір тонна жүгері жинайды.

Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде су үнемдеу технологияларын енгізу бойынша бірлескен ғылыми сынақтар жүргізу үшін Серік Жұманғарин өз жерлері бар Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығымен ынтымақтастықты ұсынды. Сондай-ақ компанияның біздің елімізде тек өндіріс орындарын ғана емес, оған қоса арнайы техника арқылы тамшылатып суару бойынша оқу орталықтарын ашу мүмкіндігін қарастыру ұсынысы қолдау тапты.

Сонымен қатар тараптар отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу бекеттері арқылы көлік құралдарымен жеделдетіп өту үшін «жасыл дәліз» құру және «жасыл пломбалар» түріндегі бірыңғай сәйкестендіру құралдарын енгізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды талқылады. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков қазақстандық тарап осы тетіктерді қолдануды толық қолдайтынын атап өтті. Шекарада бақылауды жеңілдетуге мүмкіндік беретін ережелерді біріздендіру бойынша ҚХР-дан нұсқаулар алынды. Мәселе мүдделі мемлекеттік құрылымдармен келісу сатысында тұр.

Анықтама: Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық – қазақ-қытай қатынастарының маңызды құрамдас бөлігі. 2023 жылы ҚР мен ҚХР арасындағы АӨК өнімінің тауар айналымы 1,7 есе өсіп, $1,3 млрд-тан асты (экспорт – $1,01 млрд (+184%), импорт – $290,2 млн (+125%).

#Ауыл шаруашылығы #АӨК #Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу