Қазақстандықтар 2022 жылғы 1 шілдеге дейін ПИК-ті алмастыратын ұйым құруы қажет

Пәтер иелері кооперативтерінің (ПИК) орнына құрылатын Меншік иелерінің бірлестігін (МИБ) құру бойынша нормативтік-құқықтық құжаттар наурыз айының соңына дейін толық бекітілетін болады. Бұл туралы Primeminister.kz-ке берген сұхбатында «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Методология және өңірлік даму департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Әбдікәрімов айтып берді.

Айта кетейік, елімізде 7 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қолданысқа енді. Заң шеңберінде қосымша нормативтік-құқықтық актілер қабылданады. Оның ішінде тұрғын үйге қатысты 3 қаулы және 17 бұйрық, жалпы саны 20 құжат дайындалып жатыр. Олардың барлығы наурыз айдың соңына дейін бекітіледі.

«Меншік иелерінің бірлестігі – тұрғындардың өз ішінен құрылатын коммерциялық емес ұйым. Тұрғындар жиналысында үш жыл мерзімге көппәтерлі тұрғын үй кеңесі және ревизиялық комиссия сайланады, бір жыл мерзімге бірлестік төрағасы белгіленеді», — деп түсіндірді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығының өкілі.

М. Әбдікәрімовтің айтуынша, Заң күшіне енген күннен бастап бір жыл ішінде көппәтерлі тұрғын үй иелері жиналыс өткізулері тиіс. Жиналысқа сол тұрғын үйдегі меншік иелерінің кемінде 51%-ның қатысуы міндетті. Мәселен, бір тұрғын үйде 100 пәтер болса, жиналысқа кемінде 51 пәтер иесі қатысуы керек, ал ұсынылған шешімді кемі 26 меншік иесі (пәтер иесі) қолдауы тиіс.

Бірлестік төрағасы тұрғындардың арасынан сайлана алады. Оған жалақы төленеді. Төраға бірлестікті заңды тұлға ретінде тіркейді, сервистік ұйымдармен келісімшартқа отырады. Жиналыста үй кеңесі мүшелерімен клининг, сантехникалық жөндеу жүргізетін сервистік ұйымдарды тарту т.б. мәселелер реттеледі. Сонымен қатар бірлестіктің атынан есепшот ашылады. Ай сайын сервистік ұйымдар жұмыстарын атқарған соң, акті бойынша қаражат бірлестіктің атынан сервистік ұйымға аударылады.

Меншік иелері бірлестігінде пәтер иелерінің өз қаражатын өзі басқара алу мүмкіндігі бар. Мәселен, қазіргі уақытта қарамағында 10, тіпті 100-ге жуық көппәтерлі тұрғын үйлер бар пәтер иелері кооперативтері жұмыс істейді. Бұл жағдайда, әрине, қаражат ортақ есепшотқа жиналады. Сәйкесінше, тұрғындар қаражаттың қайда жұмсалып жатқанын білмеуі де мүмкін. Ал меншік иелері бірлестігі құрылған уақыттан бастап ай сайынғы төлемдер пәтер иелері кооперативтеріне емес, сол бірлестіктің есепшотына аударылатын болады.

Ескере кететін жайт, қазір жұмыс істеп жатқан пәтер иелері кооперативтері тұрғындардың көңілінен шыққан болса, өз жұмысын жалғастыруға мүмкіндіктері бар.

«Жаңа Заңға сәйкес, олар пәтер иелері кооперативі ретінде 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін ғана жұмыс істей алады. Ал одан кейін  қызметін жалғастыруы үшін басқарушы компания немесе сервистік ұйым ретінде қайта құрылуы керек», - деп нақтылады М. Әбдікәрімов.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу