Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы жыл соңына дейін ұсынылады — Б. Сапарбаев

ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» жолдауын іске асыру шаралары талқыланды. Білім беру мәселесі бойынша ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев баяндады. 

2019 жылдың соңына дейін «Тыңдаушы мемлекет» тұжырымдамасы және азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жасалады. Сондай-ақ, жыл соңына дейін кәсіптік диагностика мен оқушылардың болашақ мамандығын таңдау бағдарын ескере отырып, орта білім беру бағдарламаларын әзірлеу жоспарлануда. Қала мен ауыл арасындағы білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша шаралар кешені 2020 жылы әзірленеді. Шағын жиынтықты мектептерді қаржыландырудың жаңа моделі мен тетігі жасалады, «мобильді мұғалім» жобасы, жақын мамандықтар бойынша педагогтарды даярлау шаралары енгізіледі.

«Шағын жиынтықты мектептердегі ауыл мен қала арасындағы білім сапасындағы алшақтыққа байланысты ауылдық мектептерде мұғалімдердің жұмыс жағдайын жақсарту үшін өзгерістер енгізіледі. Үкіметке дарынды балаларды қолдау картасын әзірлеу, сұранысы жоқ мамандарды даярлау жағдайын талдау тапсырылды. Қазіргі уақытта ғылымды дамыту үшін біз нормативті-құқықтық актілерге түзетулер енгізіп жатырмыз», деді Бердібек Сапарбаев.

Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі балалар мүдделеріне арналған мемлекеттік саясатының тұжырымдамасы 2019 жылдың соңына дейін әзірленуі керек. 2020-2022 жылдары қиын өмірлік жағдайдағы балаларды қолдау орталықтарының желісі дамиды. 2020 жылы әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес туралы заңнаманы жетілдіру жоспарлануда.

Зейнетақы жинақтарының кірістілігін арттыру мақсатында зейнетақы активтерін инвестициялау тәсілдері 2019 жылдың соңына дейін қайта қарастырылады. Жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі туралы, сондай-ақ бюджеттен тыс әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін (бірыңғай әлеуметтік қор құру және бірыңғай әлеуметтік төлемді енгізу арқылы) шоғырландыру бойынша ұсыныстар дайындау 2020 жылға жоспарланған.

«Балаларды қорғаудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді. Осы тұжырымдамамен балалар арасындағы қылмыс пен суицид жағдайларын төмендету көзделген. Аталған бағыттағы жұмыстар жергілікті билік органдарымен бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен қатар, балалардың жағдайын жақсарту индексі арттырылады», деді Бердібек Сапарбаев.

Зорлық-зомбылықты бастан өткерген балаларды қолдау үшін өңірлерде балалар орталықтары ашылады. Сондай-ақ, аталған тұжырымдама аясында әйелдердің құқығын қорғау шаралары қарастырылатын болады.

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу