ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады.

«Құрметті қазақстандықтар, баршаңызды Жаңа 2021 жылмен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа жыл – өткен жылды қорытындылап, табалдырықтан енді аттаған жылға жоспар құруға жетелейтін шуақты мереке.

Адамдардың күнделікті өмірі мен экономикаға айтарлықтай кері әсерін тигізген 2020 жыл бүкіл әлем елдерімен бірге біздің еліміз үшін де қиын-қыстау кезең болды. Коронавирус пандемиясы халқымызға ғана емес, мемлекеттік билік институттары мен бизнес үшін де ауыр сынаққа айналды.

2020 жылы қазақстандықтар қауіпті індетпен бел шеше күресіп қана қоймай, оның еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсерін барынша азайту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Нәтижесінде, Қазақстан ұлттық экономикасының тұрақтылығы мен дамуының зор әлеуетін көрсете отырып, қиындықтардың барлығын лайықты еңсере білді.

Биыл да алдымызда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын, қазақстандықтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру бойынша ауқымды істер күтіп тұр.

Өз күшімізге деген сенімділік, ынта мен жауапкершілік, алмағайып әлемдегі өзгерістер лебінен қалыс қалмау, жаңа құзыреттерді игеру, еңбексүйгіштік пен табандылық біздің ойға алған жоспарларымызды іске асырып, мақсат-мұратымызға жеткізетініне сенімдімін!

Қазақстандықтарға шын жүрегімнен мықты денсаулық, сенім мен сәттілік тілеймін! Шуақты мереке әр отбасына жылылық пен құт-береке сыйласын!

 

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин»

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу