Қазақстанның машина жасау саласы 120,6% деңгейіндегі тұрақты өсімін көрсетті — Б. Атамқұлов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметі отырысы барысында ҚР 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары және республикалық бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралды. Даму бағыттары бойынша қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев пен индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов баяндама жасады.

Е. Жамаубаев өз сөзінде төрт айдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджетке 3 трлн 217 млрд теңге сомасында кіріс түскенін немесе жоспар 117,1% орындалғанын хабарлады.

Республикалық бюджетке 1 трлн 909 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 106,7%-ға атқарылды. 

Кірістер бойынша жоспар 120 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 88 млрд теңгеге асыра орындалды.

Асыра орындау негізінен импортқа салынатын қосылған құн салығы, мұнайға экспорттық кеден бажы және корпоративтік табыс салығы есебінен қамтамасыз етілді.

Импортқа салынатын қосылған құн салығы бойынша жоспардың асыра орындалуы өткен жылғы 1-тоқсанмен салыстырғанда үшінші елдермен импорт көлемінің 9,4%-ке ұлғаюымен байланысты. 

Бұл ретте, Қытай Халық Республикасынанан импорт биылғы 1-тоқсанда 47,4%-ке немесе $525 млн-ға, оның ішінде биылғы наурызда 2,2 есеге немесе $348 млн артты.

Шикі мұнайға экспорттық кедендік баж бойынша асыра орындау экспорттық кеден бажы мөлшерлемесінің ұлғаюына байланысты.

«Корпоративтік табыс салығының асыра орындалуының негізгі себебі – пандемияның экономикаға теріс әсер етуіне байланысты өткен жылдың салық базасының төмендеуі. Биыл әлемде экономикалық белсенділіктің біртіндеп қалпына келуі негізгі экспорттық тауарлар бағасының орта есеппен 32,5%-ға өсуіне әсер етті», — деді Е. Жамаубаев.

Бұл мәлімделген аванстық төлемдер сомасының 11%-ға немесе 47,7 млрд теңгеге ұлғаюына әкелді.

Жергілікті бюджеттердің кірістері 136,7%-ға атқарылды және 1 трлн 308 млрд теңгені құрады. Жоспар 351 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар бойынша – 319 млрд теңгеге асыра орындалды.

Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 99,1%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98,7%-ға атқарылды.

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бюджеттердің барлық деңгейлерінде атқарылу көрсеткіші жоғары.

Республикалық бюджет бойынша сомасы 4,8 трлн теңгеге шығыстар жүргізілді. Атқарылмау 20 млрд теңгені құрады, оның ішінде 7 млрд теңге — үнемдеу. 13 млрд теңге игерілмеген.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 2,1 трлн теңгені құрады. 28 млрд теңге атқарылмаған.

Мемлекеттік аудит саласында биылғы 4 айдың ішінде камералдық бақылаумен сомасы 3,5 трлн теңгеге 395 мың мемлекеттік сатып алу рәсімі қамтылды. 

Тексеру қорытындылары бойынша 11 587 рәсім бойынша бұзушылықтар анықталды.

Мемлекеттік аудит объектілері бұзушылықтарды жою туралы 10 933 хабарламаны орындады. 1 124 аудиторлық іс-шара өткізілді. Аудитпен 604 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. 60 млрд теңге сомасына қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізумен, қызметтерді көрсетумен және жұмыстарды орындаумен қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 44 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру мен арттыру үшін 947 ұсыным берілді.

Мемлекеттік активтерді басқару саласында жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында 673 объектіні сату көзделген.

Есепті кезеңде сомасы 16,6 млрд теңгеге 22 объект сатылды және кейіннен сатып алу құқығымен сенімгерлік басқаруға берілді.

  • 20 объект сатылымға қойылды.
  • 5 объекті таратылуға жіберілді.
  • Алдағы уақытта 626 объектіні өткізу керек.

Министр Б. Атамқұлов өз кезегінде осы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің барлық секторларында жиынтық көрсеткіші 107,7% болатын дамудың оң үрдісі байқалатынын атап өтті.

Машина жасау саласында 120,6% өсім болды. Автокөлік құралдары, трейлерлер және ашық тіркемелер, машиналар мен жабдықтар өндірісі, өзге де көлік құралдары, компьютерлер, электрондық және оптикалық жабдықтар, электр жабдықтарын жасау, жөндеу және орнату көлемі артты.  

Түсті металлургияда оң динамика сақталып, өсім 3% болды. Оған тазартылған алтын, тазартылған күміс, құйма алтын, катодты мыс және басқа да көрсеткіштердің өсімі есебінен қол жеткізілді.  

Қара металлургияда нақты көлем индексі 102,7% құрады. Шойын, көміртекті болат,  ферро-силико-марганец өндірісі өсті.

Фармацевтика өнеркәсібінде өндіріс көлемі 26,2% артты.

Министрдің айтуынша, саладағы өсім негізінен халықтың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сұранысының артуы есебінен болды. 

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс 4,9% өсті. Оған киім және былғары өнімдері өндірісінің ұлғаюы оң әсер етті.   

«Дезинфекциялық құралдар мен минералдық тыңайтқыштарға сұраныстың артуы химия өнеркәсібінің өндіріс көлемін арттырды. Өсім 11,2% құрады», — деді Б. Атамқұлов. 

Құрылыс материалдары өндірісі 126,5% құрады. Оған жылу оқшаулағыш материалдар, портланд-цемент, гипс, кірпіштер (2,9 есеге) және құрылыс ерітінділері өндірісінің артуы есебінен қол жеткізілді.

Көлік саласында есепті кезеңде нақты көлем индексі 91% құрады. Транзиттік контейнерлік тасымалда оң динамика сақталды. Көрсеткіш 337,5 мың жиырма фунттық баламаны құрады. Өсім 52% болды. Көліктің барлық түрімен жүк тасымалдау көлемі 1,07 млрд тонна немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 97,8% құрады.

Құрылыс саласында нақты көлем индексі 2021 жылдың 4 айының қорытындысында 112,5% болды. Батыс Қазақстан облысынан басқа 16 өңірде оң көрсеткіш тіркелді. 

Тұрғын үй құрылысында биыл қаңтар-сәуір айларында 3 528 мың шаршы метр баспана салынды. Яғни, 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 113,3% құрады. 

«Республика бойынша барлығы 28 874 баспана пайдалануға берілді», — деді Б. Атамқұлов. 

Өткен жылмен салыстырғанда тиісті көрсеткіш Алматы  және Павлодар облыстарынан басқа 15 өңірде артты.  

«Жалпы, биыл елімізде 17 млн шаршы метр тұрғын үй салынады», — деп сендірді Б. Атамқұлов.  

Министрдің айтуынша, қабылданған шаралардың нәтижесінде жыл соңында Министрлік жетекшілік ететін барлық салада тиісті көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарда бар.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу