Серік Жұманғарин Алматы облысының  тұрғындарымен кездесті

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин Алматы облысына жұмыс сапары аясында тамақ өнеркәсібімен айналысатын кәсіпкерлермен кездесіп, нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. 

Вице-премьер алдымен Еңбекшіқазақ ауданы Балтабай ауылында орналасқан «Unifruit» компаниясына барды. 100 га алаңда қарқынды бау-бақша өсірумен айналысатын компания бүгінде 65 адамды тұрақты және 150-ге жуық адамды маусымдық жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Алма және шие өсіретін кәсіпорын 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Жобалық қуаты жылына 5 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ жалпы сақтау көлемі 4200 тонна болатын екі жеміс сақтау қоймасы бар.

Сонымен қатар жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин Қайнар ауылындағы «Есік жеміс консерві зауытының» бүгінгі жұмыс қарқынымен танысты. Зауыт ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді жүзеге асырады. Мәселен, қызанақ концентратын, алма және өрік пюресін өндіреді. Тәулігіне шамамен 600 тонна қызанақ және 300 тоннаға дейін басқа да жеміс-көкөніс шикізатын дайындайды.

Республиканы сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған «Adal сүт» зауыты да Алматы өңірінде орналасқан. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт күніне 150 тонна сүт өнімін шығарады және 600-ден астам адамды жұмыспен қамтып отыр.

Кездесуде кәсіпкерлер алдағы жоспарларымен бөлісіп, экспорт географиясын кеңейту, жобаның қуаттылығын арттыру, газ мәселесін шешу бойынша өз өтініштерін жеткізді. Вице-премьер барлық мәселелер бойынша оң шешім табу үшін тиісті шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.

Жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин облыс халқымен де кездесу өткізіп, тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ елімізде жүргізіліп жатқан саяси-экономикалық реформаларға, осы өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға және өзекті мәселелерге тоқталды.

«Баға мәселесі өте маңызды. Бүгінде картоп пен сәбіз бағасын бекіту үшін Павлодар, Қарағанды, Қостанай және Жамбыл облыстарының ірі өндірушілерімен 4 млрд теңгеге дейін «айналым қаражатын» ұсыну бойынша келісімдерге қол жеткізілді. Бұл нарықты белгіленген баға бойынша көкөніс өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді С. Жұманғарин. 

Кездесуге келгендер арасында кәсіпкерлер де болды. Мәселен, картоп егумен айналысатын кәсіпкерлердің бірі «Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» картоптың тиімді тұқымын алу бойынша зерттеу нәтижесімен бөліспейтінін, яғни шаруалар мен институт арасында тиісті байланыс жоқ екенін айтып шағымданды.

Өз кезегінде Серік Жұманғарин облыс әкімдігіндегі жауапты тұлғаларға шаруаны қолдау мақсатында картоптың бүгінгі күнгі тиімді тұқымын беруді ашық ету және институт әкімшілігіне шаруалармен байланысты күшейтуді тапсырды.

Сондай-ақ кездесуде жол, аурухана, жол, экспорт мәселелері де қаралды. Қатысушылардың өтініштері бойынша тиісті мамандарға тапсырма берілді.

Бұдан бөлек, жұмыс сапары аясында Серік Жұманғарин журналистермен кездесіп, министрлік жұмысына қатысты қойылған сұрақтарға жауап берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу