Ауыл шаруашылығы министрлігі Президенттің тапсырмаларына сай бірқатар жүйелі шара әзірледі

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларын орындау үшін қабылданып жатқан бірқатар жүйелі және жедел шара туралы баяндады.

Бірінші кезекте Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшысы импортты алмастыру мәселесі кешенді түрде шешілетінін мәлімдеді. Жалпы 2022 жылдың соңына дейін агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 295 млрд теңге сомасына 237 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның ішінде импортталатын позициялардың 6 түрі бойынша 128,5 млрд теңге сомасына 81 жоба іске асырылатын болады. Бұл үшін осы жобаларға жеңілдетілген кредит беру, субсидиялау, жер ресурстары мен инфрақұрылымды беру қамтамасыз етіледі.

«Елді қантпен қамтамасыз ету мақсатында жаңа суармалы жерлерді енгізу, су үнемдейтін суару технологияларын енгізу, тұқым шаруашылығын дамыту, сондай-ақ қант қызылшасын өңдейтін қолда бар қуаттарды техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру және қант зауыттарын салу мен жаңғырту есебінен қант қызылшасының егіс алаңдарын кеңейту арқылы шикізат базасын ұлғайтуды көздейтін Қант саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар әзірленетін болады. Тиісінше, қант саласын мемлекеттік реттеу және қолдау шаралары күшейтілетін болады», — деді Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ ақ қант импортының және құрақ қанты шикізатының өңдеу көлемдерін ұлғайту бойынша шаралар қабылданады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі нарықтағы бағаларды тұрақтандыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, «айналым схемасы» аясында, оның ішінде форвардтық келісімшарттар тетігін дамыту жөніндегі жұмысты жандандыру жолымен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың басымдығы мәселесі пысықталатын болады. Сонымен қатар өңірлік тұрақтандыру қорларының одан әрі жұмыс істеуі туралы мәселе қаралатын болады.

Негізгі азық-түлік тауарларының теңгерімін қалыптастыру үшін тиісті қағидалар әзірленіп, бекітіледі, сондай-ақ Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, қорлар мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бар-жоғы және оның қорлары туралы деректерді автоматтандыру және интеграциялау бойынша жұмыс күшейтіледі. Бұл дұрыс шешімдер қабылдау үшін өнім теңгерімдері бойынша анық деректердің болуына мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің сауда желілеріне қол жеткізу проблемасын шешу мақсатында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ірі сауда желілерімен ықпалдасу үшін фермерлерді қолдау тәсілдерін әзірлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ әзірленетін субсидиялау, жеңілдетілген кредит беру жүйесін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің форвардтық келісімшарттар негізінде өңдеу және сауда кәсіпорындарына тұрақты бағалар бойынша өнім жеткізу жөніндегі қарсы міндеттемелерімен байланыстыру мәселесі пысықталатын болады.

Тұқым шаруашылығын дамыту мақсатында бірыңғай тізбекте «селекция-тұқым шаруашылығы-өндіріс» біріктірілетін тұқым шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығын құруды, барлық деңгейлерде тұқым шаруашылығын жүргізудің материалдық-техникалық базасын жақсартуды көздейтін Қазақстан Республикасын отандық селекцияның ауыл шаруашылығы дақылдарының тұқымдарымен қамтамасыз етудің және импортқа тәуелділікті азайтудың жеке стратегиясын әзірлеу жоспарланып отыр.

«Машина-трактор паркін жаңарту мақсатында инвестициялық субсидиялау, кредиттер мен лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау, сондай-ақ Бәйтерек еншілес компаниялары арқылы жеңілдікпен кредит беру және лизинг жалғастырылатын болады. Осы қолдау шараларын іске асыру соңғы бес жылда ғана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу деңгейін 8,5 мыңнан 17 мың бірлікке дейін 2 есе арттыруға мүмкіндік берді», — деді ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев. 

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді минералдық тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында ведомство тыңайтқыштарды субсидиялаудың қолданыстағы тетігін сақтауды жоспарлап отыр, сондай-ақ айналым мақсаттарына жеңілдетілген кредит беру көлемін ұлғайту мәселесі пысықталатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу