Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы хабардар етті

Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Ведомство басшысы Президенттің «Әділетті мемлекет. Біртұтас  ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған әлеуметтік-еңбек саласындағы тапсырмаларын іске асыру барысы туралы баяндады.  

Тамара Дүйсенова Президент Жолдауында жастарды жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету және еңбек ресурстарының сапасын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өтті. Жыл сайын республика бойынша 300 мыңнан астам жас адам еңбекке қабілетті жасқа жетіп, еңбек нарығына шығады. 2030 жылға қарай жұмыс күшіндегі жастар үлесі шамамен 60%-ға жетеді деп күтілуде.

«2000 жылдан кейін дүниеге келген жастарымыз бүгінгі таңда еңбек жасына жетіп отыр. Қазір жұмыс күшінің 56%-ы 1987 жылдан кейін өмірге келген жастар болса, енді 2030 жылға қарай, жалпы жұмыс күшінің дені осы жастардың есебінен болады. Сондықтан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік кодекске жастарды жұмыспен қамту мемлекет, жұмыс беруші және жұмысқа тұрушы азаматтың араларындағы жауапкершілік қағидат аясында болмақ», — ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Олардың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік және жеке бастамалар аясындағы жобалар бойынша жыл сайын жастар үшін мемлекет тарапынан субсидияланатын 100 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Тамара Дүйсенова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Агрокредиттік корпорация» АҚ-мен бірлесіп, жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында жылдық мөлшерлемесі 2,5% жеңілдетілген несие берудің тетіктері мен параметрлерін әзірлеп жатқанын айтты. 

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексі жобасы аясында еңбек ресурстарының сапасын арттыруға бағытталған бірқатар шаралар қарастырылған. Құзыреттілікті арттыру үшін қызметкердің, жұмыс берушінің және мемлекеттің бірлескен жауапкершілігін көздейтін жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы қалыптастырылды. Бұдан былай жұмыс берушілер қызметкерлерді өздері оқытатын болады. Себебі жастардың кәсіби дағдысын көтеру мәселесі олардың бизнесі үшін тиімді. Осы орайда Салық кодексінде тиісті жеңілдіктер қарастырылды. Сондай-ақ «Кәсіби біліктілік туралы» заң жобасы Мәжіліске енгізілді. Оның аясында жастардың білімін, дағдыларын бағалайтын сертификаттау институты іске қосылады.

«Енді жастар дипломы болмаса да, сертификат алып, жұмысқа орналаса алатын болады. Әлемдік тәжірибеге қарасақ, бүгінде жұмысқа орналасқан кезде жұмысшының дағдыларын растайтын сертификаты маңызды рөл атқарады, яғни практикалық жұмысы мен біліктілігі», — деді спикер. 

Сонымен қатар реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыруға және сұранысқа ие, тапшы мамандықтар бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту көзі ретінде сыртқы көші-қонға жаңа тәсілдерді енгізуге бағытталған Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасы әзірленді. Тамара Дүйсенованың айтуынша, бұған дейін сұранысқа ие, тапшы мамандықтар бойынша жоғары білікті шетелдік мамандарды тарту үшін бір жылдық квота беріліп келген. Ал енді бұл мерзім 3-5 жылға дейін ұзартылмақ. Осы уақыт ішінде мамандарды тартып қана қоймай, оларды дайындау да жолға қойылатын болады.  

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің солтүстік және орталық өңірлеріне реттелетін ішкі көші-қонды ұйымдастыру тәсілдері қайта қаралды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі ішкі миграциядағы ең басты мәселе – оңтүстіктен солтүстікке азаматтарды көшіру ғана емес, солтүстікте жұмыс орнының болуы, содан кейін баспананың болуы, одан кейін ғана көшуді ойластырған жөн екенін атап өтті.

«Бүгінде көші-қонды ұйымдастыру бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Ондағы бірінші өзгеріс – көшетін азамат жұмыс орнын белгілеуі керек. Яғни жұмыс берушілер немесе сол жердегі жергілікті атқарушы органдар жұмысқа орналастырады. Қажетті келісімшартты жасағаннан кейін оған қоныс аударуды ынталандыру үшін қоныс аудару аумағындағы тұрғын үй құнының 50%-на дейін өтемақы алуға құқық беретін ұтқырлық сертификаты беріледі. Ол бұл қаражатты үй салуға немесе сатып алуға жұмсай алады, не болмаса Отбасы банкке алғашқы жарна ретінде салып қояды», — деді ведомство басшысы.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова этникалық қазақтарға берілетін «Қазақ картасының» артықшылықтарын да түсіндіріп өтті.

«Қандастарымыз жөнінде еш мәселе жоқ. Олардың келуі бүгінгі таңда қолданыстағы заңда толық қамтылған. Сонымен қатар шетте жүрген, өз бизнесі бар, бірақ елмен тарихи байланыста болғысы келетін этникалық қазақтар да бар. Сондықтан “Қазақ картасы” деген әлемдік тәжірибеде бар карталардың бірін қолданбақшымыз. Ондағы негізгі түйін – егер шетелдегі этникалық қазақ сол елде тұра берем, бірақ еліме келіп, бизнес ашып, өз елімнің дамуына үлес қосам десе, олардың келіп-кетуіне толық мүмкіндік беріледі және жеңілдетілген визалар беріледі, 10 жылға дейін уақытша тұру мүмкіндігін алады», — деді ЕХӘҚМ басшысы.

Айта кетейік, шетелдегі қандастардың тарихи отанымен байланысын нығайту үшін оларға Қазақ картасы беріледі. Бұл картаның иесі саяси құқықтарды қоспағанда, тұру құқығымен бірдей болатын елге жеңілдетілген кіру құқығын (бизнес ашу, жылжымайтын мүлікке және басқа мүлікке иелік ету, қаржылық операцияларды жүргізу) иеленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова елімізге көшіп келетін қандастарға қандай жағдай жасалатынын айтты.

«Егер қандастарымыз осында келеміз дейтін болса, есігіміз әркез ашық. Ол бәріне белгілі. Бірақ қандастарымыз елге келген кезде жұмыс қарастырып отырмыз. Екіншіден, оларда баспаналы болу мүмкіншілігі болуы керек. Жұмыс орны жөнінде біздің комитет қабылдайтын 7 өңірде арнаулы бағдарлама жасап жатыр. Яғни, келген кезде азаматтар әр өңірдің өзіне сай мамандықтар мен салалары бар екенін білуі керек. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында көбіне ауыл шарушылығы бар, ол жерде қандай мамандықтар керек, қандай сала басым сол сияқты мемлекеттік мекемелерде дәрігерлер, педагогтерді де жұмысқа тарту қаралады. Сол себепті әрбір облыс желтоқсан айына дейін өзінің бағдарламасын жасап шығады», — деді ведомство басшысы.

Тамара Дүйсенованың айтуынша, қандастарымыздың елге оралғысы келетін болса, мамандығы сәйкес келіп тұрса, тұрғылықты жерінде тұрып-ақ өтініш жаза алады. Оған қандас мәртебесі беріледі. 

Сонымен қатар Қазақстанда Цифрлық отбасы картасы енгізіліп жатыр. Ол «электрондық хабарлаушы» ретінде азаматты кепілдендірілген мемлекеттік қолдаудың сол немесе басқа түрін алуға құқығының пайда болуы туралы хабардар етеді. Азаматтарға тиісті органдарға жүгінусіз проактивті форматта қызмет көрсету қамтамасыз етіледі.

«Азаматтардың әлеуметтік статусына қарай мемлекет тарапынан берілетін кепілдендірілген көмек проактивті форматта ұсынылады. Биыл 1 қыркүйектен бастап 5 қызмет бойынша жоба пилоттық режимде іске қосылды. 20 мыңнан астам азаматқа СМС арқылы ақпарат жіберілді. 6 мыңға жуық азаматқа проактивті түрде жәрдемақылар тағайындалды. Ал 1 қазаннан бастап тағы 4 жәрдемақы қосылады. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап әлеуметтік қамсыздандыруға қатысты қызметтердің бәрі осы Цифрлық карта арқылы көрсетілетін болады», — деді ЕХӘҚМ басшысы.

Ал оқу, денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі қызметтер кезең-кезеңмен 2024-2025 жылдары қосылады. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысы айқындап берген басымдықтар аясында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі қайта қаралды. Осы орайда Әлеуметтік кодекске қажетті нормалар енгізілді.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту мыналарды көздейді:

  • Порталды пайдаланушылардың әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарын, әлеуметтік қызметкерлерді және техникалық оңалту құралдарын өз бетінше таңдау мүмкіндігімен Әлеуметтік қызметтер порталын одан әрі жетілдіру; 
  • Мүгедектігі бар адамдар тұратын отбасы мүшелерін жеке көмекшілер ретінде тарту. Олардың еңбегіне ақы төленеді, әлеуметтік аударымдар жасалады, зейнетақы тағайындау кезінде осы қызметі еңбек өтіліне есептеледі;
  • «Қызмет көрсетудің бірыңғай тәсілдерін әзірлеу үшін жаңа стандарттар әзірленетін болады. Баға саясаты қайта қаралады. Жалпы тарифтердің орнына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдар үшін жан басына шаққандағы стандарт және өтемдік техникалық құралдарды жеткізетін ұйымдар үшін шекті бағалар енгізіледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін 61 жаста тоқтатылды. Осы уақытқа дейін базалық зейнетақы, ынтымақтастырылған жүйеден төленетін зейнетақының көлемдері көтерілетін болды. Бұған қажет қаржы 2023-25 жылдарға арналған бюджет жобасында қарастырылды. 

«Жалпы зейнетақы жасына байланысты қосылатын қаражатты есептегенде, осы зейнетақыны көбейтуге және азаматшалардың ерте зейнетке шығуына қажетті 4 трлн теңге қаржы бөлінеді», — деді министр.  

Мемлекет басшысы айқындаған келесі басымдық – халықтың табысын арттыру, жұмыс істейтін азаматтардың құқықтарын қорғау және халықтың әлеуметтік осал санаттарын қолдау шараларын күшейту. ҚР ЕХӘҚМ биыл Қазақстанда ең төменгі жалақы 60 мың теңгені, келесі жылы 70 мың теңгені құрайтынын атап өтті. 

Мемлекет Басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, ең төменгі жалақыны белгілеу әдістемесін әзірлеу қолға алынды. Бұл жұмысты 2023 жылға дейін аяқтау жоспарланған. 

«Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны көтеру 1,8 млн адамды қамтиды. Ал бала күтімі бойынша төлем мерзімін 1-ден 1,5 жасқа дейін ұзарту бойынша жәрдемақыны 500 мыңға жуық азамат алатын болады», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу