Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған жаңа тәсілдер талқыланды

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру мәселелері бойынша селекторлық кеңес өткізді.

Талқылаудың негізгі тақырыбы күрт өзгеріс пен тапшылықсыз негізгі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға бағытталған жаңа тәсілдерді іске асыру болды. СИМ Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаевтың хабарлауынша, «айналым қаражатын» бөлудің жаңа тетіктерін іске асыру аясында қазірдің өзінде әр аймақ үшін қаржыландыруды қайта бөлу схемалары әкімдіктердің назарына ұсынылды. Тоғыз облыс әлі қаржыландыруды қажетті көрсеткішке жеткізбеген, жиынтықта бұл 14,9 млрд теңге. 2022 жылдың 1 қазанына дейін барлық қажетті рәсімдерді аяқтау міндеті қойылды.

20 қыркүйектен бастап әкімдіктер «Атамекен» ҰКП өкілдерімен бірлесе отырып, үй жанындағы дүкендер, ірі супермаркеттер иелері және ӘМАТ басқа да сатушылары арасында сауда саясаты туралы қолданыстағы заңнама бойынша өңірлерде ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Негізгі элемент – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне 15%-дан аспайтын сауда үстемесінің белгіленген нормасын сақтау.

15 қыркүйектен бастап СИМ Сауда комитеті негізгі азық-түлік тауарлары бағасының өсу серпіні деректерін талдаудың анықтығын арттыру үшін қоғамдық бақылауды енгізді: ӘМАТ тізбесіне кіретін азық-түліктің шектен тыс жоғары бағасына тұрғындардың өтініштерін қабылдау үшін call-орталықтыр құрылды.

Сондай-ақ шағымдар Instagram және Facebook әлеуметтік желілеріндегі СИМ аккаунттары арқылы қабылданады. Жұмыс істеген 9 күн ішінде жаңа арналар арқылы өңір тұрғындарынан 31 арыз-шағым келіп түсіп, олардың 18-і бойынша дүкен иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Сауда үстемесінің көлемінен едәуір асып түсудің анықталған фактілері бойынша материалдар тиісті атқарушы органдарға жіберілді. Жалпы, 2022 жылдың басынан бері әкімдіктерге сауда үстемеақысының асып кетуіне қатысты 340-қа жуық шағым түскен. Олардың басым көпшілігі үйдің жанындағы дүкендердегі шектен жоғары бағалар бойынша.

«Аз ғана адамға қызмет көрсететін үйдің жанындағы дүкендер әлеуметтік азық-түлікке бағалық бағдар ретінде қызмет етпеуі тиіс. 2 апта ішінде барлық өңірлерде сауда желілерімен, супермаркеттермен жыл соңына дейін әлеуметтік маңызы бар өнімдердің сауда үстемесін 10%-дан аспайтын мөлшерде сақтау туралы меморандумдарға қол қою бойынша жұмыс жүргізу қажет», — деді Серік Жұманғарин..

Бағаны тұрақтандырудың тағы бір маңызды міндеті – тауар балансын қалыптастыруды автоматтандыру бойынша жұмысты жолға қою.

Ержан Қазанбаевтың айтуынша, ұлттық тауар өткізу жүйесінің бірыңғай автоматтандырылған платформасы осы жылдың қазан айынан бастап пилоттық режимде жұмыс істей бастайды. Келесі жылдан бастап көкөніс сақтау қоймаларының модулі бойынша өнеркәсіптік пайдалануға қосу жоспарлануда.

Кеңесте Астана әкімдігі тарапынан елордада сауда желілерін дамыту бойынша ұсыныстар айтылды. Ұсыныстар қолдау тапты, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдардың және ұйымдардың пысықтауына жіберілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу