Қазақстанның Тұңғыш Президенті Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинді қабылдады

Бұл туралы ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының баспасөз қызметі хабарлайды.

Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа былтыр күзде өткен кеңес барысында берілген тапсырмалардың Nur Otan партиясы фракциясының орындауы жөнінде мәлімет берілді.

Елбасы депутаттардың азаматтардың сұраныстарына уақытылы жауап беру жұмыстарын жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

«Халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, етене жұмыс жасау қажет. Бұл – партияның, сондай-ақ барлық деңгейдегі депутаттардың міндеті. Біздің ортақ парызымыз», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімге қол жеткізу, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды.

«Алдымызда ел экономикасының өсімін қаматамасыз ету міндеті тұр. Осы орайда Парламент пен партия бірлесе жұмыс атқаруға тиіс», — деді Елбасы.

Сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев Парламенттің рөлін арттыру мәселесіне назар аудару қажеттігін атап өтті.

«Үкіметті қалыптастыруда Парламент негізгі рөл атқаруға тиіс. Заңдар мен бағдарламаларды бірге қабылдап, халыққа бірлесе есеп бергені абзал», — деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Кездесу барысында Нұрлан Нығматулин Елбасына Мәжіліс депутаттарының өңірлерге сапарларының қорытындылары және Парламенттің төменгі палатасының заң шығару қызметі туралы ақпарат ұсынды.

«Осы жылдың бесінші қаңтарынан бастап депутаттар, оның ішінде фракция депутаттары еліміздің барлық өңірлерін, шалғайда жатқан елді мекендерді аралап шықты. Бұл күндері депуттар жұртшылықпен шамамен бір жарым мың кездесу өткізді. Онда көптеген мәселелер көтерілді. Соның ішінде, әлеуметтік көмектің жаңа форматы, жаңа денсаулық сақтау Кодексі, халықты жұмыспен қамту мәселелері қозғалды. Алдағы заң шығару ісінде тұрғындардың барлық пікірлері мен ұсыныстары ескеріледі. Жалпы өткен жылдың қыркүйек айынан бері Мәжіліс қарауына 97 заң жобасы енгізілді. Оның 37-сі қолдау тауып Парламент Сенатына жолданды», — деді Мәжіліс Төрағасы.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу