Үкімет ҚР Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының тұжырымдамасын бекітті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның Су ресурстарын басқару жөніндегі 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасының жобасының тұжырымдамасы қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев баяндама жасады, ол ҚР-ның жыл сайынғы жер үсті су ресурстары шамамен 100 текше км құрайтынын, оның 44%-дан астамы елден тыс жерде қалыптасатынын хабарлады. Су тұтынудың 67%-ы ауыл шаруашылығына, 30%-ы – өнеркәсіпке, қалғаны – шаруашылық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады. 2040 жылға қарай Қазақстанның су тұтыну көлемі 56%-ға өседі деп күтілуде.

Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару бағдарламасы қосымша жер үсті су ресурстарын ұлғайту есебінен 2030 жылға қарай 100 текше км деңгейінде су теңгерімін сақтауға бағытталған: 5-7 текше км-ге жаңа су қоймаларын салу, 5 текше км дейін су үнемдеу, 15 текше км дейін жер асты суларын пайдалану.

Көрсетілген кезеңге қарай ЖІӨ бірлігіне суды тұтынуды $1 мың-ға 91,2-ден 73 текше метрге дейін азайту, 26 жаңа гидротехникалық құрылыстар салу, 182 республикалық, 300 коммуналдық гидротехникалық құрылыстарды қайта жаңарту жоспарлануда.

Құжат суармалы жерлерді 1,7-ден 3 млн га-ға дейін ұлғайту үшін жаңа ирригациялық жүйелерді салуды, 3423-ден 19 мың км-ге дейін қапталған магистральды және тарату арналарының ұзындығын арттыруды көздейді.

Бассейндік инспекцияларды материалдық-техникалық жарақтандыру 100%-ға дейін қамтамасыз етіледі, ал су жинау алаңдарының ормандылығы 1-ден 200 мың га-ға дейін арттырылады.

Қазақстанның 2020-2030 жылдарға арналған су ресурстарын басқару бағдарламасы 10 негізгі бағытты қамтиды, олар: халықаралық ынтымақтастық, құқықтық базаны жаңарту, институционалдық реформалау, су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту және реконструкциялау, су нарығын құру жөніндегі халықаралық озық тәжірибені зерделеу, су шаруашылығын цифрландыру, «Smart Water» жобасын енгізу, су ресурстарын экологиялық оңтайлы пайдалану, су саласының мамандарын заманауи дағдылармен даярлау және маңызды ұлттық су жобаларын іске асыру.

«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев біздің алдымызға еліміздің су ресурстарын пайдалану мен қорғаудың тиімділігін арттыру міндетін қойды. Осыған байланысты Су ресурстарын басқару бағдарламасының тұжырымдамасы жасалды. Ол біздің стратегиялық мақсаттарымызға жауап береді және Парламенттен қолдау көрсетілген. Тұжырымдама сала сарапшылары, депутаттар және "Nur Otan" фракциясының мүшелерінің қатысуымен талқыланды», — деп А. Мамин, бағдарламаның сапалы әзірленуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу