ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қостанай облысында болып қайтты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапарымен Қостанай облысында болып, өңірдің индустриялық және инфрақұрылымдық даму барысымен танысты.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың стратегиялық мақсаттарына, сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес, машина жасау саласын дамыту ҚР Үкіметі қызметінің басымдықтарының біріне айналды. Сондықтан да, жұмыс сапары барысында машина жасау саласын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Қостанай қ. жаңа Индустриялық аймағының аумағында құрылыстың алғашқы кезеңі аяқталды, «Беларусь» және «Кировец» қуатқа қанық тракторларының өндірісі іске қосылды. Барлығы аймақ аумағында 3 мың жұмыс орнын құрумен, 350 млрд теңгеге 14 жобаны орналастыру көзделген.

Өңір экономикасы мен барлық саланы индустриялық-технологиялық дамыту драйверлерінің бірі — автомобиль құрастыру. Асқар Мамин сала көшбасшысы — «СарыарқаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС өндірістік цехтарын қарады, онда жеңіл және жүк автокөліктерінің, автобустардың шанақтарын құрастыру, біріктіру және бояу жұмыстары жүргізіледі. Кәсіпорынның жыл сайынғы өндірістік қуаттылығы 27 мың данадан астам, мұнда 8 брендтің 50-ден астам автокөлік үлгілері құрастырылады. 

ҚР Премьер-Министрі Қазақстанда автокөлік құрастыру және ауыл шаруашылығы машинасын жасау мәселелері жөнінде жұмыс кеңесін өткізді, онда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, сондай-ақ, бірқатар кәсіпорын басшылары, олардың ішінде «Astana Group» компаниясының басшысы Н. Смағұлов, «КАМАЗ» ААҚ  басқарма төрағасы С. Когогин, «China National Vehicles Import and Export Corporation» директоры Ву И, «Петербург трактор зауыты» АҚ директоры С. Серебряков, «Гомсельмаш» ААҚ бас директоры А. Новиков сөз сөйледі.

ҚР Үкіметінің басшысы биыл шілдеде қабылданған Машина жасауды дамытудың 2019–2024 жылдарға арналған жол картасында қолдаудың жүйелік шараларының кешені қарастырылғанын атап өтті, олардың қатарында салықтық преференциялар, қаржылық және шикізаттық қолдау, білікті мамандармен қамтамасыз ету шаралары бар. Сала алдында 2020 жылға қарай жылына 100 мың автокөлік құралына дейін шығаруды қамтамасыз ету міндеті тұр.  

ҚР Премьер-Министрі жұмыс сапары барысында «Баян Сұлу» АҚ кондитерлік фабрикасына барып, Қостанай ауданының «Заречное» ТШ» ЖШС алаңдарында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс жағдайын қарады.

Асқар Мамин Заречное ауылында «Северный» шағын ауданына барды, онда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 279 жеке және 11 көп қабатты тұрғын үйлер салу көзделген. Бүгінде 172 үй бойынша жұмыстар аяқталған, осы жылдың соңына дейін 107 үй салынады. 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин күннің екінші жартысында Рудный қаласында бірқатар жүйе құрушы кәсіпорындарға барды, олар: «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Соколов карьері, Рудный цемент зауыты, «Лидер-2010» ЖШС сүт өңдеу және сүт өнімдерін шығару кәсіпорны.  

 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу