ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ЕҚҚДБ Директорлар кеңесінің мүшелерімен кездесті

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Еуропа қайта құру және даму банкінің (ЕҚҚДБ) Директорлар кеңесінің мүшелерімен Қазақстан аумағында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асырудың келешегі мен қазіргі жағдайын талқылады. 

Үкімет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚҚДБ қоса алғанда, жетекші халықаралық қаржы институттарымен орнатылған ынтымақтастыққа үлкен көңіл бөлетіндерін атап өтті.  

Соңғы 27 жылда ЕҚҚДБ-ның Қазақстанға салған инвестицияларының көлемі 260 жобадан астам – $9 млрд-тан астамды құраған, олардың ішінде 2018 және 2019 жылдары 43-і бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді. 

«Біз тұрақты жеке сектор негізінде экономикалық өсім моделін құруға ұмтыламыз. 2019 жылдың 8 айында Қазақстан экономикасының өсімі 4,3% құрады. Біздің стратегиялық мақсатымыз – ЖІӨ 5% жыл сайынғы өсіміне қол жеткізу. Ол үшін бізге жыл сайын тартылатын инвестициялар көлемін 2018 жылғы $24 млрд-тан 2025 жылға қарай $34 млрд-тан астамға арттыру маңызды», — деді А. Мамин.  

ҚР Премьер-Министрі ЕҚҚДБ Директорлар кеңесінің мүшелерін энергетика, «жасыл экономика», тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, шағын және орта бизнесті дамыту, көлік және қаржы секторлары, инфрақұрылым құрылысы салаларындағы жобаларды іске асыруға белсенді қатысуды жалғастыруға шақырды.  

Асқар Мамин ЕҚҚДБ өкілдерінің назарын Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласында аса ірі жобаны — Үлкен Алматы айналма автокөлік жолының құрылысын іске асыруда ынтымақтастықты одан әрі тереңдетудің маңыздылығына аудартты, бұл Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, Алматы қаласы мен Алматы облысында экологиялық ахуалдың жақсаруына ықпалын тигізетін болады. 

Үкімет басшысы мен министрлер инвестициялық ахуалды жетілдіру шаралары, экономика және адамдардың әл-ауқаты тұрғысынан елдің негізгі стратегиялық басымдықтары туралы айтып берді және ЕҚҚДБ Директорлар кеңесінің мүшелерінің қызығушылық танытқан сұрақтарына жауап берді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу