Индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 11 мың жұмыс орны құрылды — ҚР ИИДМ

Бүгін ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А. Ержанов ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша жоспарлар мен машина жасау саласын дамыту туралы айтып берді. 

Индустриялық даму — Қазақстан экономикасы үшін маңызды міндет. 2010 жылы экономиканы әртараптандыру және шикізаттық емес сектордың өсуін жеделдету бойынша нақты бағыт қабылданды. 2010-2014 жылдары Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы іске асырылды. Бүгінгі таңда индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру аяқталуға жақын. Индустриялық-инновациялық дамудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында өңдеу өнеркәсібінің басымдықты салаларына баса назар аударылды.

Индустрияландырудың 2020-2024 жылдарға арналған үшінші бесжылдығының тұжырымдамасы қабылдау сатысында тұр.

А. Ержанов индустрияландыру бағдарламасын іске асыру жылдары машина жасау саласында 276 млрд теңгеге жуық сомаға 114 жоба іске асырылып, 11 мыңға жуық жұмыс орны құрылғанын айтты.  

Өнімдердің жаңа түрлері пайда болды, атап айтсақ: локомотивтер, трансформаторлар, коммуникациялық жабдықтар, оптикалық аспаптар, электронды бөлшектерді шығару, электрлі жарықтандыру жабдығы және т. б.

Автоөнеркәсіп және темір жол машинасын жасау белсенді түрде дамыды, ауыл шаруашылығы, электротехникалы, тау-кен және мұнай-газ машинасын жасау салалары айтарлықтай жаңартылды және нығайтылды.

«Мұның барлығы мемлекеттің табысты өнеркәсіптік саясатының арқасында жасалды. Үкімет саланы ынталандыру шараларын қабылдады, мәселен: қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер, жеңілдікті несиелендіру мен лизинг бағдарламасын әзірлеу, өнім экспортын қолдау шаралары», — деді вице-министр.  

Саланы дамытуға Alstom, General Electric, СМС–JAC Motors, Hyundai және т. б. секілді ірі трансұлттық корпорациялар тартылды. Өнімдердің қазіргі көлемі экспорт үшін ұлғайтылды (автокөлік өнімдері, мойынтіректер, желдеткіштер, аккумуляторлар, трансформаторлар, локомотивтер).

Қазақстан қосылған құнның жаһандық тізбегіне сәтті қосылуда. Мысалы, «Силумин-Восток» ЖШС қуаттылықтарында Schneider Electric электрлі техникалық өнімі өндірісі, «Алматы желдеткіш зауыты» ЖШС-де LG Electronics желдеткіш жабдықтарын шығару.

Осы жылдың сәуір айында Қазақстан мен Ресей Федерациясы арасында кооперативтік байланысты дамыту мақсатында Бірлескен іс-қимылдар бағдарламасы қабылданды. Ол «Камаз» ЖАҚ, «Петербург трактор зауыты» АҚ және т. б. бірқатар бірлескен жобаларда кооперация орнатуды қарастырады.

Ағымдағы жылдың сәуір айында Hyundai маркасының жеңіл автокөліктерін шығаратын «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС жаңа зауытының іргетасы қаланды. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық аясында елімізде автомобиль компоненттерінің базасын дамытуды бастайтын шиналар мен қозғалтқыштар шығаратын зауыттар ашу жоспарлануда.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі А. Ержанов 2018 жылы Қазақстанда 6 мыңнан астам жеңіл автокөлік шығарылғанын айтты. Оның жартысы өзге елдерге экспортқа жіберілді. Олардың қатарында — Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан бар. 2019 жылдың 8 айында 30 мыңға жуық автокөлік құрастырылды.  

Өз кезегінде, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ төрағасы Мейрам Пішембаев қазақстандық автоөнеркәсіпті жергіліктендіру шамамен 30% құрайтынын айтты. 

«Бұл тек құрастыру ғана емес, сонымен қатар шанағын дәнекерлеу, сырлау, автомобильдерді сұрыптау. Қазақстандық қосалқы бөлшектерге аккумуляторлар мен автокөлік дискілері жатады. Алда жеңіл деуге келмейтін міндет тұр – алдағы екі жылда өндірісті 50%-ға дейін жеткізу, яғни тағы 20%-ға арттыру», — деді М. Пішембаев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу