Жаңадан құрылатын жұмыс орындарының 95%-ында қазақстандықтар жұмыс істейтін болады — Ж. Қасымбек ҚХР-мен бірлескен жобалар туралы

Қытаймен бірлескен жобаларды іске асыру аясында 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары құрылатын болады, оның 95%-ында қазақстандықтар жұмыс істейді. Қалған 5% - түрлі елдерден келген мамандар, оның ішінде Канада, Қытай т.б. елдерден келгендер. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Жеңіс Қасымбек айтты. 

Оның айтуынша, ұсынылған инвестициялық жобалардан басымдық қазақстандық қамтуы жоғары, ҚР азаматтары үшін барынша көп жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін жоғары технологиялық жобаларға беріледі. Ж. Қасымбек бірлескен қазақстандық-қытайлық жобалар жаңа жобалар екенін, алдағы 5-6  жылда барлығы іске асырылатынын жеткізді. 

«Осы зауыттар, жаңа жобалар Қазақстан аумағына көшірілетін “таза емес”, ескі жобалар деген сипатта әңгімелер айтылып жүр. Ресми түрде мәлімдеймін: ешқандай ескі зауыт немесе Қазақстан аумағына көшірілетін зауыт жоқ. Бұл жобалардың барлығы жаңа жобалар», — деді Ж. Қасымбек.

Оның айтуынша, жуырда ғана Қапшағай маңында баламалы энергетика электр станциясы ашылды (күн энергетикасы), онда 30 адам жұмыс істейді, олардың барлығы — Қазақстан азаматтары. 

«Бұл баламалы энергетика – аса жаңа жоба. Біз біртіндеп оған көшетін боламыз. Қазақстанда жыл соңына дейін жел мен күн есебінен 1000 мегаватт қуат өндірілетін болады. Бұл әлемдік беталыстан біз бас тарта алмаймыз. Барлық ақпарат ғаламторда, ИИДМ сайтында бар. Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Тағы да айта кеткім келеді, бұл – жаңа технологиялар, бір елдің аумағынан екінші елдің аумағына көшірілетін ешқандай “таза емес” немесе ескі кәсіпорындар жоқ. Барлық жобалар жаңа. Жалпы, біз осы кәсіпорындар жұмысы аясында 20 мыңға дейін жаңа жұмыс орындарын құруды жоспарлап отырмыз», — деп түсіндірді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Ж. Қасымбектің мәлімдеуінше, бүгінде 15 Қазақстан – Қытай жобасы іске асырылған, жыл соңына дейін тағы 5 жоба жүзеге асырылмақ. 

«Аталған жобалардың елімізде қолға алынғанына бірінші жыл болып тұрған жоқ. Бүгінде 15 жоба іске асырылған. 20-ға жуық жоба белсенді іске асырылу сатысында тұр. Соңғы жылдары қытайлық инвестициялар үлесі бір деңгейде сақталып тұр – 5-6%. Еш өзгеріс болмады», — деп ол, жобалар машина жасау, өнеркәсіп, көлік, агроөнеркәсіп кешені, энергетика салаларында іске асырылып жатқанын атап өтті.  

Бұдан өзге, Ж. Қасымбек экологиялық талаптарға сай келмейтін бір де бір зауыт Қазақстанда салынбайтынын айтты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу