2019 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарда 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады

ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов ауылдарда тұрмыс сапасын арттыру және жоғары білікті мамандарды тарту шаралары туралы айтып берді. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша, қазіргі таңда елімізде 18,4 млн шамасында адам бар, олардың ішінде қала тұрғындары — 10,7 млн адам, ауыл тұрғындары — 7,7 млн адам. Ауыл халқының саны 42% құрайды.   

Е. Алпысовтың айтуынша, жаңа өңірлік саясатқа сәйкес Өңірлерді дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы әзірленді, ол басқарылатын кенттену арқылы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға және өңірлердің экономикалық бәсекеге қабілеттігін арттыруға бағытталған.

«Кенттену мәселелерімен қатар, мемлекеттік бағдарламада жаңа шаралар қарастырылған. Бұл — “Ауыл – Ел бесігі” жобасын іске асыру, ірі қалалардың төңіректерін дамыту жобаларын іске асыру және Өңірлік стандарттар жүйесін енгізу», — деді Е. Алпысов.  

Осы мақсатқа қол жеткізу ауылдық елді мекендердің әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын дамытуға қаражат бөлу, ауыл тұрғындарының қабылданған өңірлік стандарттарға сәйкес әлеуметтік игіліктер мен қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы жүзеге асырылады.

Е. Алпысовтың айтуынша, алдағы үш жылда «Ауыл – Ел Бесігі» жобасының іс-шараларын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 90 млрд теңге, оның ішінде 2019 жылы 30 млрд теңге бөлінді. Сонымен бірге, жобаны жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен шамамен 4,7 млрд теңге бөлінді.

«Биыл 700 мыңға жуық адам тұратын 53 ауылдық елді мекен таңдалды. 2019 жылы жұмыстар үлкен ауылдық елді мекендерде –  халқы көп аудан орталықтарында жүргізіледі, онда жинақталып қалған өткір инфрақұрылымдық проблемаларды тез арада шешу қажет», — деді ол.

Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша 2019 жылы 4673 жаңа жұмыс орны құрылады, 73 мектеп пен балабақша, 14 емхана, 47 мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделеді, 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 13 абаттандыру нысанының құрылысы басталады.

Сондай-ақ, 516 км жол, 35 км сумен жабдықтау желісі, 229 км электрмен жабдықтау (жарықтандыру), 136 км газбен жабдықтау, 20 км және 6 жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынады.

«Келесі жылдан бастап кластерлік тәсілді енгізуді көздейміз, онда ауылдық елді мекендер жекелеген топтар – кластерлер (тірек ауылдан 10-15 км радиуста) аясында қарастырылатын болады», — деді Е. Алпысов.   

Мәселен, Шортанды ауылы жақын орналасқан ауылдар үшін тірек ауыл болып саналады. Аталған ауылдардың халқы үшін барлық әлеуметтік игіліктер мен қызметтер тірек ауылда ұсынылады. Көлік байланысы орнайды.

«2025 жылға дейін 6,6 млн ауыл тұрғынын жақсартылған инфрақұрылыммен және әлеуметтік игіліктермен қамту жоспарланған», — деді вице-министр. 

Алдын ала деректер бойынша, 3 477 ауылдық елді мекенді біріктіретін 1 150 ауылдық кластер бар, оның ішінде 1 150 тірек ауыл, 2 327 спутниктік және шекара маңы ауылдары.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу