Қоршаған ортаны қорғау саласындағы бұзушылықтар үшін салынатын айыппұлдарды 2 есеге арттыру көзделген — М. Мырзағалиев Жолдаудың экология саласында іске асырылуы туралы айтты

ҚР Үкіметінде өткен брифингте экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Мемлекет басшысының 01.09.2020 жылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауын іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді.

ҚР Президентінің Жолдауында экология мәселелеріне жеке тармақ арналды.

М. Мырзағалиев брифинг барысында Мемлекет басшысының «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларын іске асыру туралы айтып берді. Министрдің айтуынша, «Жануарларға жауапты қарау туралы» заң жобасы әзірленді.

«Біз Министрлік алаңында депутаттармен және қоғам белсенділерімен кездестік. Жоба кең қоғамдық талқылауға ие болды. Қазіргі таңда ол Үкіметке енгізілді. Үкімет қарағаннан кейін заң жобасы Парламентке енгізіледі», — деді М. Мырзағалиев.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы құқық бұзушылықтар үшін жазаны қатаңдату тұрғысынан министр жалпы жоба жануарларға ізгілікті және жауапты қарау мәселелерін реттейтінін түсіндірді.

«Алайда, жазаны қатаңдатуды көздейтін барлық бағыт қылмыстық және әкімшілік кодекстерге өзгерістер енгізуді көздейді. Сондықтан тиісті тұжырымдар кейіннен Парламентте әзірленеді», — деп түсіндірді М. Мырзағалиев.

Оның айтуынша, мұндай нормалар алдын ала қарастырылған.

«Қазір аталған заң жобасы тиісті талқылауды талап ететіндіктен, қылмыстық заңнамаға сәйкес қандай мерзімдер қолданылатынын айтуға әлі ерте», — деп атап өтті министр.

Сондай-ақ заң жобасында дельфинарийлерді жабу туралы баптар қарастырылған.

«Біз жоба драфтына тиісті норманы енгіздік. Соңғы уақытта дельфинарийлердің жабылуына қатысты біздің және халықаралық қоғам қайраткерлерінің үндеуі болды. Сондықтан мұндай норма әзірленді. Ол тек дельфинарийлерге ғана емес, сонымен қатар жабайы жануарларды ұстауға байланысты басқа да тыйымдарға да қатысты болады», — деп түсіндірді М. Мырзағалиев.

Бұған қоса брифинг барысында табиғатқа келтірілген залал үшін жазаны қатаңдату болжанып отыр ма деген мәселе де айтылды.

«Осы бағытта заң жобасында табиғат қорғау заңнамасын бұзған азаматтарға қатысты айыппұл сомасы 10 АЕК-тен 20 АЕК-ке дейін, яғни екі есе көбейтіледі деген норма ұсынылды», — деп түсіндірді М. Мырзағалиев.

Министрдің айтуынша, орта және ірі бизнес өкілдері үшін 30 және 70 АЕК-тен 75 және 500 АЕК-ке дейін айыппұл сомасы арттырылады.

Сонымен қатар М. Мырзағалиевтің айтуынша, табиғат қорғау құрылымдары қызметкерлерінің өкілеттіктері кеңейтіледі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу