2019 жылы «Дипломмен ауылға» жобасы аясында 4 мыңға жуық маман баспана алады

ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов пен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Думан Оспанов ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру қорытындылары мен тетіктері туралы айтып берді. 

«Дипломмен ауылға» жобасының негізгі мақсаты — ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы дипломы бар мамандарды ынталандыру.

Жоба аясында 100 АЕК немесе 252 500 теңге мөлшерінде көтерме жәрдемақы төлеу түріндегі әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған. Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында тұрғын үй алуға 1500 АЕК немесе 3 787 500 теңгеден аспайтын мөлшерде бюджеттік несие қарастырылған.

«Дипломмен ауылға» жобасын жүзеге асыру кезеңінде 60 мыңнан астам маманға 7,4 млрд теңге көлемінде көтерме жәрдемақы берілді, ал 27,5 мыңнан астам маманға тұрғын үй сатып алуға 70,6 млрд теңге бюджеттік несие берілді.

«Жылдан жылға несие алушылар саны артып келеді. 15 жыл ішінде жылдық 0,01% пайыздық мөлшерлемемен артық төлем 6 мың теңгеге жуық құрайды», — деді Е. Алпысов.

2019 жылы 1,3 млрд теңгеге 7 176 маман көтерме жәрдемақы алады. 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 5172 маманға 911,4 млн теңге сомасында көтерме жәрдемақы төленді. 2019 жылы 3 908 маманға 14,8 млрд теңге көлемінде тұрғын үй алуға несие беріледі. 2019 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша 9,1 млрд теңгеге 2 527 маман тұрғын үй алуға несие алды.

Салалар тұрғысынан алғанда, келген мамандардың жалпы санынан 42 745 адам (71,2%) білім беру саласында, 12 705 (21,2%) денсаулық сақтау саласында, 1 604 (2,7%) - мәдениет, 863 (1, 4%) спорт, әлеуметтік қамсыздандыру саласында - 483 (0,8%) және агроөнеркәсіптік кешенде - 1665 (2,8%) адам жұмыс істейді.

Е. Алпысов «Дипломмен ауылға» жобасын іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында соңғы 10 жыл ішінде заңнамалық және нормативтік актілерге белгілі бір өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Сонымен, 2011 жылы тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие мөлшері 630 АЕК-тен 1500 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. 2012 жылдан бастап әлеуметтік қолдау шаралары ветеринария мамандарына, ал 2014 жылдан бастап агроөнеркәсіптік кешен мамандарына ұсынылады. 

Е. Алпысовтың айтуынша, бүгінде ауылдық жерлерде жұмыс істеуге және тұруға келген мамандарды ынталандыру және ұстап қалу бойынша жобаның негізгі мақсаты толықтай орындалып жатыр.

«Алайда, жоба аясында мамандарды қолдау шараларын кеңейту туралы ұсыныстар келіп түсуде. Жобаны жетілдіру жұмыстары жалғасады», — деп сендірді вице-министр.

Өз кезегінде, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарушы директоры Думан Оспанов Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры 2010 жылдан бастап аталған жобаның басты операторы екенін айтты. 

2010 жылдан бастап Қор ауылда 28 753 маманды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 75 млрд тг берді. Бүгінге дейін бұл мамандар баспанамен қамтамасыз етілген.

Д. Оспановтың айтуынша, бұл несиені беру туралы түпкілікті шешімді жергілікті атқарушы орган қабылдайды. Атап айтқанда, әкімдіктер маманның талаптарға сәйкестігін қарастырады және олардан қажетті құжаттарды қабылдайды, кейін оларды Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына тапсырады. Қордың негізгі қызметі — несиенің уақытылы өтелуін бақылау және мониторинг жасау.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу