Р. Дәленов: Кешенді жоспардың басты мақсаты тұрғындарды жұмыспен қамту

Бүгін ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифингте ұлттық экономика министрі Рсулан Дәленов 2020 жылдың соңына дейін экономикалық өсуді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. 

Министрдің айтуынша, Кешенді жоспар экономика салаларын қолдау жөніндегі жедел шараларды қамтиды. Олар өндеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп және тау-кен металлургиясы кешені, құрылыс, азаматтық авиация, логистика, туризм, шағын және орта бизнес, қызмет көрсету секторы және  іргелес салалар. Өзекті мәселелерді жедел шешу мақсатында әр сала бойынша жаңа шаралар әзірленді.

«Барлық шаралар маңызды, барлық салалар тыңдалып, жоспарға әрбір сектор бойынша нақты шаралар енгізілді. Жыл соңына дейінгі бұл шараларды мен аса маңызды деп санаймын, бұл несиелендіру, әсіресе, шағын және микробизнесті несиелендіру мәселелері, кепіл, қазақстандық өндірушіні қолдау мәселелері, салықтық ынталандыру, рәсімдерді жеңілдету. Ең басты мақсат - бұл жұмыспен қамту», —  деді Р. Дәленов.

Оның айтуынша, алғаш рет микро және шағын бизнестің жаңа бағыты ашылады. Олар үйдің жанындағы дүкендер, шаштараздар, шағын өндірістер, наубайханалар, СТО. 

«Олар 6% мөлшерлемемен несие алу түріндегі қолдауға ие болады. Егер айналма қаражаты қажет болса, онда несие 5 млн теңге болады, егер өндірістік қажеттіліктерге қажет болса 20 млн теңгеге дейін беріледі. Бұл ретте, егер кепілі болмаса, онда мемлекет тарапынан несие сомасының 85%-ы көлемінде кепілдіктер ұсынылатын болады», —  деп түсіндірді ұлттық экономика министрі.

Сонымен қатар Р. Дәленов елімізде төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де салықтан босату мерзімдерінің сақталатыны туралы айтып берді. 

«Төтенше жағдай аяқталды, бірақ салықтан босату, оны кейінге қалдыру бұрын қабылданған шешімдерде көрсетілген мерзімдер бойы жалғаса береді», — деді Р. Дәленов.

Мысалы, шағын және орта бизнес үшін салық төлеуді кейінге қалдыру 1 маусымға дейін күшінде болады, мәжбүрлеп өндіріп алу, камералдық хабарландыру шараларын қолданбау 1 маусымға дейін жалғасады. 1 қазанға дейін Еңбекақы төлеу қорынан салық пен төлемдерден сауда және азық-түлік тауарлары, қоғамдық тамақтану, сауда орталықтары, шаштараздар т.б. босатылады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу