Президенттің тапсырмаларын орындау: Қазақстанда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық ұлттық жобасын іске қосу жоспарланып отыр

14 шілдеде ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысы барысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев Үкіметтің алдына алдағы уақытқа бірқатар маңызды міндет қойды. Оларды іске асыру шаралары туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінгі таңда ана мен бала мәселелері бойынша жедел шешім қабылдауды қажет ететін проблемалар бар. 

Министрдің сөзінше, жүкті әйелдер мен балаларға кешенді, жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсету үшін Нұр-Сұлтан, Қостанай, Жезқазған, Атырау, Орал, Шымкент қалаларында, Түркістан облысының Сарыағаш қаласында және Ордабасы ауданында 8 заманауи перинаталдық орталық салу көзделіп отыр.

Жергілікті атқарушы органдар перзентханалар мен балалар ауруханаларының қазіргі және күрделі жөндеуін, материалдық-техникалық жарақтандырылуын, кадрлармен жасақталуын қамтамасыз етуі қажет.

«Медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру үшін біз Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігімен бірлесіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу нәтижелеріне талдау жүргіземіз және оны іске асырудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар енгіземіз», — деді А. Ғиният.

Оның айтуынша, сондай-ақ МӘМС жүйесіне кіру үшін дербес төлеушілер жарнаны 12 ай бұрын төлеу механизмі енгізіледі. Бұл халықты жүйеге кең тартуға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру деңгейін жақсарту үшін цифрлық денсаулық сақтау объектілерін сүйемелдеу және ықпалдастыру жөніндегі бірыңғай оператор айқындалады және «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы аясында eHealth денсаулық сақтаудың жаңа экожүйесіне көшу қамтамасыз етіледі, сондай-ақ цифрлық денсаулық сақтау объектілерін ықпалдастыру іске асырылады.

«Коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимылды күшейту үшін денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктемені ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуын болжау матрицасы қаралды. Соған байланысты шектеу шаралары ведомствоаралық комиссияның отырысында енгізілетін болады», — деді А. Ғиният.

Сонымен қатар ұжымдық қорғаныс пен тұрақты эпидемиологиялық ахуалды сақтау үшін бұрын КВИ-ге қарсы вакцина алғандардың кемінде 65%-ы екпе алады.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасын табысты іске асыру үшін биылғы қыркүйекке дейін медициналық санитариялық алғашқы көмектің 620 объектісін (222 медпункт, 235 ФАП, 163 дәрігерлік амбулатория) салуға, сондай-ақ 32 көп бейінді орталық аудандық ауруханаларды ұйымдастыруға, оның ішінде қолданыстағы 2 аурухананы жаңғыртуға және қайта жабдықтау, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу,  медициналық кадрлармен толықтыру арқылы инсульт және кардиологиялық орталықтары, медициналық бөлімшелері, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия, триаж-жүйесі бар қабылдау бөлмесі қарастырылған 20 аурухананы ашуға қажетті материалдық шығындардың барлық есептері жүргізілетін болады. 

«Мемлекет басшысының денсаулық сақтау жүйесінің алдына қойған міндеттерін толық көлемде және көрсетілген мерзімде іске асыру жоспарланып отыр», — деп түйіндеді А. Ғиният.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу