2021 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалды — С. Шәпкенов

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Серік Шәпкенов 2021 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылады.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігінің, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің, орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, Кәсіподақтар федерациясы, «Атамекен» ҰКП, халықаралық ұйымдар, ҮЕҰ өкілдері қатысты.

Отырыс жұмысын ашқан Серік Шәпкенов 2021 жылы әлеуметтік-еңбек саласын дамыту аясында ҚР ЕХӘҚМ Президент пен Үкімет қойған міндеттерді уақытылы және жауапкершілікпен іске асырғанын атап өтті.

Есепті жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалды. Әлеуметтік төлемдерге 3,7 трлн теңге бағытталды, бұл республикалық бюджет шығыстарының 24%-ын құрады. Жыл сайынғы индекстеу аясында 4 млн қазақстандық үшін зейнетақы мен жәрдемақының мөлшері өсті. Азаматтық қызметшілердің жалақысы кезең-кезеңімен арттырылды, орта есеппен оның өсуі білім беру жүйесінде 19%-ды, денсаулық сақтау саласында 20-30%-ды, әлеуметтік салада 45%-ға дейін құрады. 

«Бұдан басқа, жұмыс істейтін қазақстандықтар сақтандыру тәуекелдері басталған кезде Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлемдер алды. 2021 жылы төлемдер көлемі шамамен 1,1 млн адам үшін 340 млрд жуық теңгені құрады», — деді министр.

Ол сондай-ақ, өткен жылы ҚР ЕХӘҚМ Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыс жүргізгенін айтты. 

Биылғы жылдың басынан бері 591 мың азаматтық қызметшінің (мәдениет, мұрағат ісі ұйымдарының қызметкерлері, оның ішінде техникалық персонал және т.б.) жалақысы өсті. Өсім 2025 жылға дейін жыл сайын орта есеппен 20%-ды құрайды.

Сондай-ақ, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. Бұл өсім 1 млн 650 мың жалдамалы қызметкердің табысына оң әсерін тигізеді.

 

Зейнетақы жүйесі одан әрі жаңғыртылып жатыр

Еліміздің зейнетақы жүйесін дамыту қорытындысын таныстыра отырып, Серік Шәпкенов азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру – бұл Министрлік жұмысының болашақ зейнеткерлердің жағдайының нашарлауына жол бермеу үшін бүгінде батыл шараларды талап ететін бағыты екенін атап өтті.

Министр бүгінгі таңда елімізде 2,2 млн зейнеткер бар екенін, бюджеттен орташа зейнетақы мөлшері 99 937 теңгені құрайтынын (оның ішінде ынтымақты зейнетақы – 68 839 теңге, базалық зейнетақы – 31 098 теңге) еске салды.

2021 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға өздерінің зейнетақы жинағының бір бөлігін алу құқығы берілді. 2022 жылғы 18 ақпандағы жағдай бойынша барлығы 2,79 трлн теңгеге жуық сомаға 1 млн-нан астам өтініш мақұлданды. 

Сонымен бірге жоғалған табысты зейнетақымен алмастыру коэффициенті ынтымақты зейнетақыдан жинақтаушы зейнетақыға көшуді ескере отырып, жыл сайын төмендейді.

«БЖЗҚ актуарлық есебіне сәйкес, 2028 жылы зейнетақы орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ын ғана, 2040 жылы 39,2%, ал 2060 жылы бар болғаны 29,5% алмастыратын болады. Сондықтан зейнетақы жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету үшін қазіргі уақытта зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың қолданыстағы Тұжырымдамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде», — деді Серік Шәпкенов.

Біріншіден, ең төменгі кепілдіктер жүйесін жетілдіру шеңберінде, 2028 жылдан бастап базалық зейнетақы төлемінен ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға көшу көзделген. Бүгінде оны тағайындаудың нақты тетігі қарастырылуда. 

Екіншіден, 2023 жылдан бастап жұмыс берушілердің 5% міндетті зейнетақы жарнасын енгізу көзделген. ЖМЗЖ енгізу қолданыстағы Тұжырымдамада көрініс тапқан. Соның нәтижесінде азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру деңгейін Халықаралық еңбек ұйымы ұсынатын стандарттан төмен емес деңгейде сақтау қамтамасыз етіледі (жоғалған табыстың кемінде 40%-ын зейнетақымен алмастыру).

 

Мүгедектігі бар адамдар үшін объектілер нақты қолжетімді болуы тиіс — С. Шәпкенов

С. Шәпкенов мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасы мәселесіне көше отырып, жергілікті атқарушы органдардың объектілерді мүгедек адамдарға арнап бейімдеу жөніндегі жұмысын сынға алды.

Министр өз сөзінде Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың (бұдан әрі – МБА) өмір сүру сапасын арттыру үшін кешенді шаралар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Мәселен, 2021 жылғы қазанда заңнамаға бірқатар жағдайды жақсартатын нормаларды көздейтін түзетулер қабылданды. Соның нәтижесінде I топтағы мүгедектігі бар адамдарды күту және оларды сүйемелдеп жүру бойынша бірыңғай жәрдемақыны 26,3 мың адам алды; 57,2 мың мүгедектігі бар бала үшін жәрдемақы мөлшерін ұлғайтуды көздейтін топтарға бөлу жүргізілді; 2,8 мың көмек алушы бір мезгілде мүгедектік және асыраушысынан айырылу жөнінде жәрдемақыларды иелене алады. 

«Елімізде шамамен 700 мың мүгедектігі бар адам тұрады. Экономикада еңбекке қабілеттілердің 126 мыңы немесе шамамен 25%-ы жұмыспен қамтылған (417,8 мың). 2022 жылдың соңына дейін еңбекке қабілетті жастағы жұмыспен қамтылғандардың үлесін 25%-ға дейін арттыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылдан бастап Әлеуметтік қызметтер порталы толыққанды іске қосылды. Компенсаторлық құралдармен 371 мың адам немесе қажеттіліктің 87,4%-ы қамтамасыз етілді», — деді Серік Шәпкенов.

Сонымен қатар ЕХӘҚМ басшысы, түйінін тарқатуды талап ететін мәселелер әлі де бар екенін атап өтті. 

«Әсіресе оңалту мәселесі өзекті. Осыған байланысты 2022-2024 жылдары 12 өңірде әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланған. 2021 жылы олардың құрылысы Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Түркістан облыстарында басталды. Биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында құрылысты жүргізу жоспарлануда. Еңбекмині бұл мәселені ерекше бақылауда ұстайды. Өңірлерде де құрылыс барысына қатаң бақылау жүргізілуі тиіс», — деді Серік Шәпкенов. 

Министр сондай-ақ әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарының МБА үшін қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдар «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында интерактивті қолжетімділік картасына 5 мыңнан астам объект енгізді. Олардың барлығы мүгедектігі бар адамдардың барлық санаттарына бейімделген ретінде көрсетілген. Алайда, Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің аумақтық департаменттері жүргізген тексерулер 2 мыңнан астам бұзушылықты анықтады (барлығы 3 258 объект тексерілді немесе 2021 жылға арналған бейімдеу жоспарының 74%-ы). Сондықтан нысандарды бейімдеу және қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс ерекше бақылауда болуы тиіс. Объектілер қолжетімділігі қағаз жүзінде қалмай, шынымен де олар қолжетімді нысандар болуы керек», — деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы.

 

АӘК төлемдерін тағайындау орталықтандырылған болады – С. Шәпкенов

Министрдің айтуынша, Атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) тағайындау кезінде бұзушылықтарды болдырмау мақсатында бұл процесс орталықтандырылған болады. 

«2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК 198,4 мың отбасына (оның ішінде 990,5 мың адам) тағайындалды, бұл 2020 жылдың көрсеткішінен 7,4%-ға жоғары (184,6 мың отбасы немесе 936,2 мың адам). АӘК төлеуге 65,6 млрд теңге бағытталды», — деді Серік Шәпкенов.

Кепілдік берілген әлеуметтік топтама АӘК алатын отбасылардан шыққан 517,2 мың балаға берілді (оның ішінде 259,4 мың мектеп жасына дейінгі бала, 257,8 мың мектеп жасындағы бала). Кепілдік берілген әлеуметтік топтама төлеуге 20,5 млрд теңге қарастырылған. 

АӘК алушылар санының өсуіне байланысты 2021 жылы Еңбекминінің қызметкерлері АӘК тағайындауға көшпелі мониторинг жүргізді, нәтижелері бойынша елдің жекелеген өңірлерінде бұзушылықтар анықталды, бұл көмек алушылардың өсуіне әкелді. Мысалы, Шымкентте 2021 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар санының өсуі 28,5%-ды құрайды, бұл ең жоғары өсім.

«Анықталған бұзушылықтарды жою бойынша жұмыстар жүргізілді. Болашақта мұндай фактілер қайталанбауы керек. АӘК тетігінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін биыл «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы төлемдерді орталықтандыру жұмыстары басталды», — деді Серік Шәпкенов.

 

ҚР ЕХӘҚМ халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу процесін автоматтандырады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі субсидияланатын жұмыс шараларын жасау шарттарын қатаңдатты және қызмет көрсету процесінде сыбайлас жемқорлық қаупін болдырмау үшін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын автоматтандыру жұмысын бастады. 

Министр 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 815 мыңнан астам адам қамтылғанын хабарлады. 486 мың адам жұмысқа орналастырылса, оның ішінде 402 мың адам тұрақты жұмыс орындарына тұрды. 

Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 247 жоба жүзеге асырылуда. Картаның бірінші бағыты бойынша 10,9 мың жұмыс орны құрылды.

Сонымен қатар 566 мың жұмыс орны мемлекеттік және жеке бастамалар аясында құрылды.

«2021 жылдың қазан айында Кәсіпкерлікті дамыту бойынша ұлттық жоба бекітіліп, онда ағымдағы жылдың негізгі міндеттері мен жоспарлы көрсеткіштері қарастырылған. Биыл жұмыспен қамту шараларымен 700 мың адамды қамту жоспарланып отыр», — деді Серік Шәпкенов.

Ұлттық жобалар шеңберінде 2025 жылға дейін жұмыс орындарын құру Модельдік өңірлік картаның негізіне айналды. Мониторинг ақпараттық жүйе арқылы жүзеге асырылатын болады. Онлайн оқыту мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында Skills.enbek.kz порталының жұмысы жалғасып, бұл еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ЕХӘҚМ басшысы іске асырылып жатқан шаралардың тиімділігі тұрғысында мәселелер бар екенін атап өтті. 

2021 жылы 180 мыңнан астам адам субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілді. Бұл құрал халықты жұмыспен қамтуда қажет. Алайда, қажетті тәсілдерді қайта қарастыру қажет. Өйткені уақытша жұмыс аяқталғаннан кейін барлық қатысушы тұрақты жұмысқа орналаса бермейді. 2021 жылдың қорытындысы әлеуметтік жұмыс орындарынан соң қатысушылардың 78%-ы, жастар практикасынан кейін 62%-ы, ал қоғамдық жұмыстардан кейін тек 32%-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында тұрақты жұмыс орындарына орналасу көрсеткіші ең төмен. 

«Тағы бір мәселе, жекелеген жұмыс берушілер өз штаты болмаса да, субсидияланатын жұмыс орындарын пайдалануда. Әріптестер, субсидияланатын жұмыс орындарына жолдама беру жұмыссыздық мәселесін шешпейді. Жұмыс берушілермен жұмыс атқару қажет. Әлеуметтік жұмыс орындары кейіннен жұмыссыздар үшін тұрақты жұмысқа орналасуға трамплин іспетті болуы тиіс», — деді Серік Шәпкенов. 

ЕХӘҚМ қатаң шарттары бар қағидаларды бекітті.

Біріншіден, құрылатын субсидияланатын жұмыс орындарының саны ұйымның штат санына байланысты болады.

Екіншіден, қатысушылардың жалақы мөлшері ұлғайтылды, қатысу мерзімдері, субсидияланатын жұмыс орындарына қатысушылар контингенті қайта қаралды. 

«Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің барлық шараларын автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау үшін қызмет көрсету процесіне адам факторының қатысуы барынша қысқартылатын болады», — деді Серік Шәпкенов. 

Министр сондай-ақ, 2021 жылы Жұмыспен қамту жол картасын іске асыру тәсілдері қайта қаралғанын еске салды. Сонымен қатар барлық өңірлер жоспарланған мақсаттарға қол жеткізуді қамтамасыз ете алмады.

«Қызылорда облысы бойынша игерілмеу қаупіне байланысты облигациялық қарыздар есебінен 1,9 млрд теңге алынып тасталды. Осыған қарамастан, жыл қорытындысы бойынша өңірде қаражатты игеру 59%-ды құрады. Қаражат Ұлттық қордан бөлінді. Барлығымыздан жауапкершілік сұралатын болады», — деді министр.

Жұмыспен қамту бөлігінде министр ЖҚЖК жобаларын іске асыру кезінде Алматы облысын атап өтті. 2021 жылы 16 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілді, оның ішінде 2020 жылдан бастап 8 жоба қолға алынған. Шамамен 2,5 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болатын, алайда 519 адам немесе 21,3% ғана жұмысқа орналастырылды. 

«Бүгінде біз ақпараттық жүйе арқылы жобаларға жұмысқа орналасқан адамдардың міндетті зейнетақы жарналарының (бұдан әрі – МЗЖ) болуын толық қадағалай аламыз. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысында (76,8%) және Алматыда (81,5%) МЗЖ бойынша төмен көрсеткіштер бар», — деп атап өтті ЕХӘҚМ басшысы. 

Серік Шәпкенов жұмыс күшіне сұраныс пен ұсыныстың теңгерімділігі қазіргі заманғы еңбек нарығының талаптарына жауап беретін сұранысқа ие білікті кадрлардың болуын білдіретінін де атап өтті.

«2022 жылы бейресми және өзін жұмыспен қамтыған халықты еңбек нарығына тарту және азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға, әсіресе цифрлық дағдылар мен құзыреттерді дамытуға ынталандыру үшін нормаларды заңнамалық түрде бекіту жоспарлануда. Жақын болашақта қандай мамандар сұранысқа ие болатынын түсіну үшін Еңбекмині жыл сайын салалар мен өңірлер бөлінісінде сұранысқа ие кәсіптердің болжамын ұсынатын болады. Сондай-ақ, Еңбек ресурстарын болжаудың ұлттық жүйесін қалыптастыру қағидаларын қайта қарау жоспарлануда», — деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

 

С. Шәпкенов көші-қон процестері қалай реттелетінін айтты

ҚР ЕХӘҚМ басшысы 2021 жылы 7 мыңнан астам қандас пен қоныс аударушылар (2,6 мың отбасы) өңірлік квотаға енгізілгенін және қоныс аудару бойынша мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілгенін хабарлады. 2021 жылы этникалық қазақтарды қолдауды дамыту үшін көшуге субсидия мөлшері екі есеге (35 АЕК-тен (107,2 мың теңге) 70 АЕК-ке (214,4 мың теңге) дейін ұлғайтылды. 

Министр сондай-ақ ішкі еңбек нарығын қорғау мақсатында жыл сайын республикаға шетелдік мамандарды тартуға квота белгіленетінін және бөлінетінін атап өтті. 

Серік Шәпкенов қазіргі уақытта Еңбек және халықты қорғау министрлігі еңбек иммигранттары мен босқындар мәселелері бойынша функцияларды қабылдау бойынша жұмысты жалғастырып жатқанын айтты. 

«Министрлік Көші-қон саясатының келесі бесжылдыққа дамуын айқындайтын жаңа тұжырымдамасының жобасын әзірледі. Шетелде жұмыс істейтін қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғау үшін еңбек мигранттарының еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету туралы екіжақты келісімдер (меморандумдар) жасалады», — деді ол.

Министр жергілікті атқарушы органдарға қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ету және 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу қажеттігін атап өтті. 

Біріншіден, өңіраралық еңбек ұтқырлығы шеңберінде 6,3 мыңнан кем емес қоныс аударушы (Оңтүстік-Солтүстік);

Екіншіден, шетелдік жұмыс күшін тарту квотасын қалыптастыру кезінде ерекше назар аудару қажет:

- 3 және 4-санаттар бойынша қызметкерлер санын азайту;

- кадрлардағы қазақстандық қамтуды қамтамасыз ету жөніндегі талаптарды сақтауды қамтамасыз ету;

Үшіншіден, қазақстандық және шетелдік жұмыскерлер арасында еңбекақы төлеудегі сәйкессіздіктерге жол бермеу жөнінде алдын алу шараларын қабылдау қажет.

 

ҚР ЕХӘҚМ еңбек қатынастары саласындағы заңнамаға түзетулер әзірлейді — С. Шәпкенов

Серік Шәпкенов еңбек қатынастарын реттеу мәселелері Министрліктің ерекше бақылауында екенін атап өтті.

Бүгінде 66 кәсіпорын мониторингпен қамтылған. Жұмысшылардың жалақы мөлшеріне наразылығына байланысты сын-тегеуріндер әлі де бар. Олар негізінен Маңғыстау (27 кәсіпорын), Атырау (12) және Батыс Қазақстан (7) облыстарында байқалады. Қазіргі уақытта тәуекел аймағында орналасқан 46 кәсіпорын бойынша қызметкерлердің негізгі талабы жалақыны арттыру болып табылады. 

Сондықтан жалдамалы қызметкерлердің жалақыларына олар үшін міндетті зейнетақы жарналарының түсуі негізінде талдау жүргізілді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша қызметкерлердің 53,4%-ы (3,1 млн адам) 157 мың теңгеге дейін немесе «медианалық» деңгейден төмен жалақы алды. Еңбекақы мониторингінің нәтижесінде біз әкімдіктерге 2,8 мың ірі кәсіпорынның тізімін жібердік, олармен кәсіподақтармен бірге жалақыны арттыруға байланысты жұмыс жүргізу қажет», – деді Серік Шәпкенов.

Уақытылы еңбекақы төлеу мәселесі тұрақты бақылауда. Бүгінгі таңда жалақы бойынша берешек 901 млн теңгені құрайды, оның ішінде ағымдағы және мерзімі өткен – 188 млн теңге, банкроттық кәсіпорындарында – 713 млн теңге.

«Жалақы берешегі мәселесіне көзқарас айрықша болуы керек. Әкімдіктер мемлекеттік кірістер органдарымен бірлесіп, жалақы борышы бар әрбір кәсіпорынды, оның ішінде банкроттық кәсіпорындарды да егжей-тегжейлі қарастыруы тиіс», — деп атап өтті Еңбек министрі.

Еңбек заңнамасын жетілдіру шеңберінде, 2021 жылы, соңғы уақытта кеңінен дамыған қашықтан жұмыс істеу нысандары реттелетін заң қабылданды.

Үкімет кәсіподақтар және жұмыс берушілер бірлестіктерімен бірлесіп, жаңа Бас келісімді іске асыра бастады, онда жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, кәсіптік стандарттар, еңбек жағдайы мен оған ақы төлеуді жетілдіру, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі және тағы басқа салалардағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары айқындалды. 

Әйелдердің еңбегін шектейтін жұмыстардың тізімі жойылды. Сол арқылы оларды жұмысқа орналастыру, оның ішінде неғұрлым жоғары еңбекақысы бар өнеркәсіп салаларында жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері кеңейтілді.

Қазіргі уақытта әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың жұмысын өңірлердің әкімдері басқарады.

Еңбек ресурстарының «hr.enbek.kz» порталында 2021 жылдың 1 желтоқсанынан бастап «Онлайн еңбек кеңесшісі» қызметі іске қосылды. Жұмыс беруші осы еңбек инспекторын алмастыратын сервиске жүгіне алады және интерактивті режимде жоспарланған немесе жасалған рәсімдердің дұрыстығын тексереді.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша мыналарды атап өтуге болады. 23 мыңнан астам жұмыскердің жалақысы бойынша 5,6 млрд теңге қарыз өтелді. Өндірістегі жазатайым оқиғалардың саны 2,5%-ға азайды», — деді Серік Шәпкенов.

Сөз соңында, министр, қазақстандықтарды лайықты еңбекпен қамтамасыз ету бойынша 2022 жылға арналған жұмыс жоспары жөніндегі ақпаратты жеткізді. 

«Біріншіден, жалдаудың жаңа нысандарын реттеуді, еңбек жанжалдарын шешуге кәсіподақтардың қатысуын көздейтін заң жобалары әзірленетін болады. Екіншіден, Еңбек жанжалдарының алдын алу және оларды шешу жөніндегі кешенді жоспарды, сондай-ақ Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын өзектендіруді көздейміз. Жұмысшылардың жалақысын арттыру және өндірістік жарақаттануды азайту жөніндегі шараларға ерекше назар аударылатын болады», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.

 

С. Шәпкенов Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау барысы туралы айтты

Биылғы қаңтар айында Парламент Мәжілісінің отырысында Мемлекет басшысы жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударып, нақты тапсырмалар берді. Министрдің айтуынша, олардың кейбіреулері толығымен орындалды.

Мәселен, Президенттің тапсырмаларын іске асыру мақсатында жастарды жұмыспен қамту бөлігінде «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобалары бойынша өту мерзімі мен жалақы мөлшері ұлғайтылды. Жастар практикасы 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды, еңбекақы төлеу 30 АЕК-ке дейін ұлғайтылды (қазіргі уақытта – 25 АЕК). «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімі жалақыны 30 АЕК-ке дейін өсіре отырып (қазіргі уақытта – 20 АЕК), 12 айдан 18 айға дейін ұзартылды.

Жастардың іскерлік бастамаларын дамыту үшін Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша грант көлемі екі есеге артты (200 АЕК-тен 400 АЕК-ке дейін немесе 612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін). 

«Осы жылдың 21 қаңтарында Мемлекет басшысы ірі отандық бизнес өкілдерімен кездесуде шетелдік жұмыс күшін тартуға квотаны қысқарту бойынша тапсырма берді. Тапсырма орындалды, біз тиісті бұйрықты қабылдадық. Квота 28 352 бірліктен 23 560 бірлікке дейін қысқартылды. Бұл шара ішкі еңбек нарығын қорғауға, сондай-ақ қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруға әкеледі», — деді Серік Шәпкенов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу