Әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды сақтау: Қазақстанның өнеркәсіп секторы 2020 жылды оң даму қарқынымен аяқтады

2020 жыл біздің елде ғана емес, жалпы экономиканың көптеген салалары үшін жұмыс форматын қайта құру кезеңі болды. Электрондық коммерция, онлайн қызметтер айтарлықтай өсті. Бірақ өнеркәсіп саласы экономиканың өзгеріссіз драйвері болып қала береді. Еліміздің өнеркәсіп секторы 2020 жылды қандай көрсеткіштермен аяқтады және алдағы перспективаға жұмыстың негізгі бағыттары қандай болатыны туралы шолу материалынан оқыңыздар.

2020 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның барлық өнеркәсіп секторларында көрсеткіштердің тұрақты өсуі байқалады.

Өңдеу өнеркәсібінде өсім 3,9 пайызды құрады. Өсім машина жасау секторы есебінен 16%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 53%-ға, фармацевтикада 47%-ға, металлургияда 2,6%-ға және жеңіл өнеркәсіпте 15%-ға қамтамасыз етілді. Түсті металлургияда да оң динамика байқалады. Өсім 2,8% құрады.

Тазартылған алтынның (+8%), құймалардағы алтынның (+35%), түйіршіктердегі күмістің (+17%), Доре қорытпасының (+18%), бастапқы алюминийдің (+ 1%) және т. б. көлемі ұлғайды.

Қара металлургияда өсім 4,1% деңгейінде тіркелді.

Арматуралық прокат (+7%), рельс (+9%), ферросиликомарганец (+27%), арматураларды, шарларды және домалақ шыбықтарды тауарлық шығару (+ 4,2%) өндірісінің көлемі ұлғайды.

Фармацевтика өнеркәсібі ішкі нарықтың бірінші кезектегі қажетті тауарларға қажеттілігін толық өтей отырып, өндірістің жоғары көлемін 47% деңгейінде ұстап отыр.

Жеңіл өнеркәсіпте тоқыма бұйымдары (+4,5%), киім (+5,5%) және былғары өнімдері (+131,1%) өндірісінің ұлғаюы есебінен өсім 15%-ды құрады.

Қағаз және қағаз өнімдері өндірісінде көлем 16,4%-ға өсті.

Ағаш және тығын бұйымдары өндірісінде өсім 43,2% қамтамасыз етілді.

Құрылыс материалдары өндірісінде өсім 1,8%-ды құрады.

 

Дағдарысқа қарсы шаралар пакеті

Пандемия кезінде мемлекеттік қолдаусыз және дағдарысқа қарсы шаралар қабылдамай, сала кәсіпорындарына өндіріс қарқынын ұстап тұру және жұмыс орындарын қысқартпау оңай болған жоқ. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакетін қабылдап, іске асырды. Бұл — халық пен бизнесті қолдау жөніндегі жедел шаралар, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар және экономикалық өсімді қалпына келтірудің кешенді жоспары. 

Осының арқасында 700 мың кәсіпкер салық жеңілдіктеріне ие болды. Зардап шеккен салалардағы қарыз алушылардың 80%-ы несие төлеуді кейінге қалдыру бойынша жеңілдіктерді пайдаланды. Кәсіпкерлердің 40 мыңға жуық жобасы қаржыландырылды. Үкіметтің экономика мен халықты қолдау жөніндегі дағдарысқа қарсы шараларының жалпы көлемі 6,3 трлн теңгені құрады, бұл ЖІӨ-нің 9%-ын құрайды.

Үкімет «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2020 жылы Қазақстан аумағында өндірілетін тауарлар мен оларды жеткізушілердің тізбесін қалыптастырды, онда 42 мыңнан астам тауар позициясы бар. Тізбе отандық өнімді (көрсетілетін қызметті) оңайлатылған және басым тәртіппен сатып алуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардан немесе «Атамекен» ҰКП-дан тиісті ақпараттың түсуіне қарай осы тізбені өзектендіру көзделген.

Бұдан басқа, Жер қойнауын пайдаланушылар мен олардың мердігерлерінің пайдалы қатты қазбаларды өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларына өзгерістер енгізілді. Қағидаларда төтенше жағдай кезеңінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде пайдаланылатын тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың арнайы тәртібі көзделген. Тәртіп өндірістің тоқтап қалуына және көлемінің төмендеуіне жол бермеу, сондай-ақ өндірістік процестерге тартылған қызметкерлердің қауіпсіздігін тиісті түрде қамтамасыз ету мақсатында ғана қолданылады.

Өңірлерде және Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ірі отандық кәсіпорындардың дағдарысқа қарсы жеке жоспарлары бойынша мәселе пысықталды.

Сондай-ақ «ҚазМырыш» ЖШС, «KAZ Minerals» компаниялар тобы, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «ҚазФосфат» ЖШС және «Қазақстан алюминийі» АҚ сияқты жүйе құраушы өнеркәсіптік кәсіпорындармен дағдарысқа қарсы жоспарлар әзірленді. Өңірлердің әкімдіктерімен жалпы үйлестіру және түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру кезінде жоспарлар индустриялық сектордың басқа да ірі компанияларымен («Азия Авто» АҚ, «Химфарм» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ, «АРБЗ» ЖШС, «ЕвразКаспианСталь» ЖШС, «АгромашХолдингKZ» АҚ, «СарыаркаАвтоӨнеркәсіп» ЖШС, «ССКӨБ» АҚ, «ҚазАзот» АҚ, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «KSP Steel» ЖШС, «Проммашкомплект» ЖШС және т. б.) әзірленді.

Жалпы еліміз бойынша тау-кен өндіру, өңдеу, мұнай-газ және азық-түлік өнеркәсібін қамтитын және төмендегі салаларға бағытталған 150-ден астам дағдарысқа қарсы жеке жоспарлар әзірленіп, бекітілді:

- өндіріс көлемін сақтау;

- әлеуметтік тұрақтылық және жұмыспен қамтуды сақтау;

- қоғамдық қауіпсіздік және тапсырыстар мен шикізатпен қамтамасыз ету.

Өңдеу өнеркәсібінің барлық салалары бойынша туындайтын тәуекелдер мен проблемалық мәселелер бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі.

 

Қабылданатын шараларды заңнамалық бекіту

Дағдарысқа қарсы шаралардан кейін Үкіметтің, оның ішінде өнеркәсіп секторының қарышты дамуы үшін келесі қадамы, бірінші кезекте, экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру жөніндегі міндет болады. Бұл туралы Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Премьер-Министрі А. Мамин мәлімдеді.

Ұлттық экономиканың өнеркәсіптік әлеуетін арттыру жөніндегі жұмыс шеңберінде Индустрияландыру картасын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілетін болады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылдың соңына дейін «Өнеркәсіптік саясат туралы» біріздендірілген заң әзірлеуді тапсырды. Заң жобасы дайын және қазіргі уақытта бизнес-қауымдастықпен, салалық қауымдастықтармен және өнеркәсіптік кәсіпорындармен талқылануда.

Құжатта қарастырылған нормалар өндірушілердің бірқатар мәселелерін шешеді. Олардың негізгісі — өнеркәсіпті мемлекеттік қолдау мәселелерін регламенттейтін бірыңғай заңнамалық актінің болмауы. ҚР қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексі ;еке кәсіпкерлік субъектілерін қолдау және қорғау мәселелерін реттейді.

«Өнеркәсіптік саясат туралы» заңның қабылдануымен кәсіпорындар Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау үшін жоғары деңгейдегі алаңға — Өнеркәсіптік саясат мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ие болады. Оның көмегімен олар туындайтын проблемаларды жүйелі негізде шеше алады, Үкіметпен бірге өнеркәсіптік даму мәселелері бойынша ұстанымдар әзірлейді, өнеркәсіптік саясатты қалыптастыруға қатыса алады.

Бұдан басқа, өнеркәсіптік саясат пен мемлекеттік ынталандыру шаралары үшін негіз құрылады. Осылайша, ынталандыру шаралары елдің халықаралық міндеттемелерін ескере отырып, ішкі және сыртқы нарықтарда өнеркәсіптік өнімді жылжытумен өзара байланысты болады. Еңбек өнімділігін арттыруды, өндірістерді жаңғыртуды және кадрлармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, отандық кәсіпорындардың, бірінші кезекте, өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелеріне жеке назар аударылатын болады.

Заң жобасында көптеген жаңалықтар бар.

Мысалы, қолданыстағы Кәсіпкерлік кодексте мемлекеттік қолдау шаралары мен индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтері тізбеленген жеке тарау бар. Сонымен қатар, бұл тізімдер жабық. Бұл нені білдіреді? Мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу немесе қолданыстағыларын түзету үшін Үкімет Кәсіпкерлік кодекске тиісті өзгерістер енгізуі тиіс. Заң шығару процесі көп уақытты қажет ететіндіктен, ол бірнеше жылға созылуы мүмкін.

Мұндай жағдайларда заңнамалық өзгерістер қабылданған кезде енгізілген немесе өзгертілген қолдау шаралары өзектілігін жоғалтуы немесе тіпті кері әсер етуі мүмкін.

Көптеген мәселелерді заңнамалық реттеудің қолданыстағы тетігі Үкіметті икемділік пен жеделдіктен айырады.

Осы қиындықтарды еңсеру үшін заң жобасы жаңа тәсілдерді көздейді. Мысалы, мемлекеттік ынталандыру шаралары мен индустриялық-инновациялық инфрақұрылым элементтерінің тізбесі ашық болады.

Елдегі индустриялық климатты кәсіпкерлік немесе инвестициялық ахуалды қолда бар бағалауларға ұқсас бағалау практикасын енгізу тағы бір тұжырымдамалық жаңалық болады. Үкімет әртүрлі ішкі және сыртқы факторлардың өнеркәсіптік дамуға әсерін, сондай-ақ өнеркәсіптік саясаттың, оның ішінде мемлекеттік ынталандырудың көрсетілетін шараларының тиімділігін бағалайтын болады. Мұндай бағалау орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге арналған өнеркәсіптік саясаттың бағыттарын айқындайтын, әзірленетін бағдарламалық стратегиялық құжаттардың негізіне жатқызылатын болады.

Заң жобасында іс жүзінде өнеркәсіп салаларын қолдаудан орта және жоғары деңгейдегі өнім өндіретін неғұрлым тиімді кәсіпорындарды ынталандыруға көшу жүзеге асырылатын болады. Мұндай қолдаудың идеологиясы — сұранысқа ие өнеркәсіптік өнімдер шығаратын нақты өнеркәсіптік кәсіпорындардың әлеуетін арттыру.

Бұл ретте алушы кәсіпорындарға мемлекеттік ынталандыру шараларын ұсыну кезінде қарсы міндеттемелер қойылатын болады.

Заң жобасында барлық қолданыстағы қолдау шаралары сақталады және жаңалары ұсынылады. Мысалы, заң жобасында өнеркәсіптік гранттар беру түрінде өнеркәсіптік-инновациялық қызмет субъектілерін мемлекеттік ынталандырудың, сондай-ақ екінші деңгейдегі банктер, Қазақстанның даму банкі, лизингтік қызметті жүзеге асыратын өзге де заңды тұлғалар отандық өңделген жоғары технологиялық өнімдер мен көрсетілетін қызметтерді шетелдік сатып алушыларға беретін кредиттер мен жасалатын лизингтік мәмілелер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялаудың жаңа шаралары ұсынылады.

 

Фармацевтика

2020 жылы пандемия кезінде елдің ішкі нарығын фармацевтикалық өніммен қамтамасыз ету мәселесі өте өткір болды.

Жыл қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемі 47%-ға өсті. Бұған отандық кәсіпорындарда шығарылатын өнім көлемінің ұлғаюы себеп болды.

Бұдан басқа, көрсеткіштердің өсуі «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибьюторы арқылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттарды жеткізудің ұлғаюымен, сондай-ақ коронавирус пандемиясына байланысты дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға халықтың жоғары сұранысына байланысты бөлшек саудада өткізудің ұлғаюымен қамтамасыз етілді.

Мәселен, «Химфарм» АҚ шығаратын өнім көлемі 2 есеге артты. Сонымен қатар компания соңғы 2 жылда экспорт көлемін 2,5 есеге арттырды.

Бүгінгі таңда кәсіпорынның дәрілік препараттары Орталық Азия және ЕАЭО нарықтарында кеңінен сұранысқа ие. Сондай-ақ, өнімдер Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия және Ресей сияқты елдерге экспортталады.

Биыл Өзбекстан нарығына шығу арқылы экспортты екі есеге арттыру жоспарлануда. Сондай-ақ маңызды сын-тегеуріндердің бірі — Еуропалық Одақтың дәрі-дәрмек нарығына шығу. Осылайша, 2023 жылға қарай экспорт көлемін 16 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделіп отыр.

Бүгінгі таңда кәсіпорын қоржынында 11 өндірістік желіде өндірілетін 9 түрлі формадағы 120-дан астам дәрі-дәрмек атауы бар, ал бұл отандық өндірушінің 10-нан астам терапиялық топтарда ұсынылғанының көрсеткіші болып табылады.

Сондай-ақ, шығарылатын өнім көлемін 5 есеге арттырған Dolce-Pharm фармацевтикалық компаниясы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Кәсіпорын 1998 жылы құрылды және өткен 23 жыл ішінде медициналық мақсаттағы бір реттік құралдарды өндіру саласында ұлттық көшбасшы позициясын алды. Бүгінде компания 200-ге жуық түрлі медициналық өнімдер шығарады. Өндірістік кешен Алматы облысы, Ынтымақ кентінде орналасқан, онда 450 адам жұмыс істейді. Зауытта 6 өндірістік цех бар.

«Абди Ибрагим Глобал Фарм» ЖШС компаниясы өткен жылдың қорытындысы бойынша шығарылатын өнім көлемін 3%-ға ұлғайтты. Қазіргі уақытта кәсіпорын отандық нарықтан басқа, инновациялық өнімдерді сату мен жан-жақты маркетингті қалыптастыру арқылы ТМД елдері арасында дәрілік заттарды экспорттау бойынша жетекші орынға шығуды жоспарлап отыр.

Елдің фармацевтика саласын дамыту жөніндегі таяудағы бес жылға арналған жоспарлар өткен жылы бекітілген фармацевтика өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарда айқындалған. Құжат 54 іс-шарадан, 8 бөлімнен тұрады және саланы дамытудың негізгі бағыттарын нақтылайды.

 

Жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындары

Өңірлердің кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде 2020 жылдың қорытындысы бойынша 18,6 мың тұрақты жұмыс орнын құра отырып, 916,8 млрд теңге сомасына 201 жоба пайдалануға берілді.

Жобалар келесі салаларда жүзеге асырылды:

- АӨК және азық-түлік өнеркәсібі — 71 жоба (181,1 млрд тг.);

- құрылыс индустриясы және құрылыс материалдары өндірісі – 34 жоба (115,1 млрд тг);

- энергетика – 12 жоба (121,8 млрд тг);

- тау-кен өндіру өнеркәсібі – 4 жоба (46,4 млрд тг);

- металлургия – 13 жоба (196,9 млрд тг);

- химия өнеркәсібі – 12 жоба (36,9 млрд тг);

- машина жасау – 17 жоба (120,2 млрд тг);

- мұнай-химия өнеркәсібі – 2 жоба (9,5 млрд тг);

- жеңіл өнеркәсіп – 6 жоба (1,6 млрд тг);

- фармацевтика – 9 жоба (8,4 млрд тг);

- ағаш өңдеу өнеркәсібі – 10 жоба (11,8 млрд тг);

- қалған салалар – 11 жоба (67 млрд тг).

Ең маңыздыларының ішінде мына жобаларды атауға болады:

  1. «Hyundai Trans Kazakhstan» ЖШС, автокөлік құралдарын шығаратын зауыт, Алматы қ. (28 млрд тг, 700 жұмыс орны);
  2. «Steelmanufacturing» ЖШС, патрон зауыты (28,1 млрд тг, 164 жұмыс орны);
  3. «Linde Gas» ЖШС техникалық газ өндірісі (27,5 млрд тг, 20 жұмыс орны);
  4. «ModeX» ЖШС көлемді-блоктық үй құрылысы зауыты (15 млрд тг, 130 жұмыс орны);
  5. «Жетісу Мажико» агрокешені» ЖШС, өсімдік майларын өндіру үшін майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты (соя, жүгері, рапс, күнбағыс) (5,8 млрд тг, 350 жұмыс орны).

 

Жеңіл өнеркәсіп

2020 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру көлемі 128,7 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексінің өсуі 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%. Өсім жеңіл өнеркәсіптің барлық шағын салаларында байқалады.

Жеңіл өнеркәсіп өндірісі көлемінің жыл сайынғы өсуіне қарамастан, ЖІӨ құрылымындағы үлесі бар болғаны – 0,1%, өнеркәсіп өндірісінде – 0,5%, өңдеу өнеркәсібінде – 1%. Дегенмен бұл салада айтарлықтай әлеуметтік-экономикалық маңыздылық бар, бұл еңбекке қабілетті халықтың, негізінен әйелдердің жоғары жұмыспен қамтылуын қамтамасыз етеді. Саланың маңыздылығы тұтыну деңгейі бойынша ол азық-түлік өнімдерін тұтынудан кейін екінші орында тұратындығында.

ҚР статистикасының деректеріне сәйкес, 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жұмыс істеп тұрған жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының саны 1 210-ды құрады, онда негізгі үлесті (58% немесе 705 кәсіпорын) тігін кәсіпорындары алады, өйткені киім өндірісін құрып, ұйымдастыру үшін тоқыма және былғары-аяқ киім өндірістерін құруға қарағанда инвестиция аз талап етіледі. Тігін өнеркәсібінде 687 шағын, 14 орта және 4 ірі кәсіпорын жұмыс істейді.

32%-ы немесе 392-сі тоқыма бұйымдарын өндіретін кәсіпорын, онда 378 шағын, 7 орта және 7 ірі кәсіпорын бар.

10% немесе 113 кәсіпорын – былғары және оған жататын өнімдер өндірісі бойынша, онда 108 шағын, 4 орта және 1 ірі кәсіпорын бар.

Жеңіл өнеркәсіп саласында барлығы 20,6 мың адам жұмыс істейді, оның 60%-ға жуығы әйел адамдар.

Жеңіл өнеркәсіп саласына 20-дан астам кіші салалар кіреді, олар үш негізгі топқа біріктірілген: бұл тоқыма өнеркәсібі 55%-ды, киім өндірісі 36%-ды және былғары және оған жататын өнімдер өндірісі 9%-ды құрайды.

Қазіргі таңда қосылған құн тізбегінің ең дамыған сегменті тоқыма саласында байқалады. Мақтадан дайын бұйымдарға дейін (мата, үй тоқымасы) өндіру жолға қойылған.

Сондай-ақ былғары және оған жататын өнімдер саласын дамытуда әлеует бар. Былғары және оған қатысты өнімдер өндірісінің өсу қарқынының баяулауы шикізат пен басқа материалдарды сатып алу үшін кәсіпорындарда айналым қаражатының жетіспеушілігімен түсіндіріледі.

Өндіріс көлемінің жыл сайынғы өсуіне қарамастан, ішкі нарықтың қамтамасыз етілуі бар болғаны 5%-ды құрайды (95%-ы импорттық өнімге тиесілі). Қолда бар шикізатты қолданған жағдайда Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі жартылай дайын өнімдер мен фурнитура өндірісінде нашар дамыған, бұл дайын бұйымдар сегментінің бәсекеге қабілеттілігін тежейді.

Жалпы алғанда, өндіріс көлемінде сала негізінен ірі және орта кәсіпорындармен ұсынылады, олар көп жағдайда мемлекеттік тапсырысқа (арнайы киім, нысанды киім-кешек және басқалары) бағдарланған. Осы сыйымды қажеттіліктер тауашасын игеру жергілікті тігін өндірістері мен шикізат жеткізушілер үшін тұрақты табыс көзіне айналды, бұл саланы жыл сайынғы мемлекеттік-корпоративтік тапсырыс пакетіне тәуелді етті.

Сондай-ақ, елімізде мемлекеттік тапсырыстарға бағдарланған қазақстандық кәсіпорындардың (негізінен Алматы қ., Алматы облысы, Шымкент қ.) басым болуына қарамастан, коммерциялық нарықта табысты жұмыс істейтін, өндіріс стратегиясын және өз брендін өз бетінше құрған компаниялар бар екенін атап өткен жөн. Мұндай кәсіпорындардың қатарына «КазСПО-N» (ZIBROO брендімен спорттық костюмдер мен мамық күртешелер), «Қазақстан ТекстиЛайн» ЖШС (Mimioriki брендімен балалар киімі), «Glasman» ЖШС (ерлер костюмдері және мектеп формасы), «АГФ Групп» ЖШС (ішкі нарыққа және IKEA компаниясына арналған төсек жабдықтары) жатады. Сондай-ақ, еліміздің ірі сауда орталықтарында сатылатын «Shoes Republic», «Zshoes», «Sharkey» аяқ киім өнімдерін шығаратын, «Qazaq Republic» киім тігетін және т. б. жас әрі қарқынды дамушы компанияларды атап өткен жөн.

Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының мемлекеттік-корпоративтік тапсырыстарға ағымдағы бағдарлануы мемлекеттік тапсырыс секторының шектеулі көлеміне байланысты шағын өсу резервтеріне ие. Сондықтан отандық индустрияны дамыту перспективасы коммерциялық сегментті дамытуда жатыр.

Жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасы – саланың жұмысына әсер ететін негізгі факторлардың бірі. Дайын өнімнің өзіндік құнындағы шикізаттың үлесі шамамен 70% құрайды.

Жеңіл өнеркәсіп негізінен ауыл шаруашылығы шикізатын, сондай-ақ химия және мұнай-химия саласының өнімдерін пайдаланады және ауыл шаруашылығының, химия саласының даму деңгейіне тікелей байланысты.

Мақта, тері және жүн түріндегі өз шикізатының болуы саланың дамуына оң әсер етеді.

Сондықтан бүгінгі таңдағы басты міндет жеңіл өнеркәсіптің шикізат базасын дамыту болып отыр. Сонымен қатар, шикізатты қайта өңдеуден дайын өнімге дейінгі толық циклды дамыту бойынша жаңа тәсілдерді әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Қазақстанның фэшн-нарығында бағасы, стилі және сапасы бойынша қатты ерекшеленетін киім брендтерінің саны өте көп. Дизайн киімдері – сән нарығының қымбат сегменті. Мұндай киім жоғары сапалы маталардан тұрады және қолмен тігіледі, сондықтан сәйкесінше дайын өнімнің бағасы орташа деңгейден жоғары. Бұған біздің қазақстандық дизайнерлер – «Aida KaumeNOVA» сән үйі, Aigul' Kassymova, Assel, Malli, AiSho, Kamila Kurbani және т. б. мысал бола алады.

Сондай-ақ, брендтері күнкөріс деңгейі орташа адамдар үшін қолжетімді өндірушілер бар. Мысал ретінде: Zibroo Design (мамықтан жасалған бұйымдар, әйелдер киімі, спорттық киім), KazLegProm (QLP) (ерлер киімі және аяқ киімі), GLASMAN компаниялар тобы (ерлер киімі, костюмдер, мектеп формасы), Adili (аксессуарлар, орамалдар, үйне арналған тоқыма бұйымдар), Azala Textile (үйге арналған тоқыма бұйымдар), Shoes Republic (ерлер аяқ киімі), ZSHOES (әйелдер және ерлер аяқ киімі), «MIMIORIKI» (балалар киімі), «Manera» (сырт киім өндірісі), Arua (төсек жаймалары), LaPeri (шұлық бұйымдары, колготки), Qazaq Republic (киім), shoqan (ерлер костюмдері) және т. б. келтіруге болады. 

 

Қарапайым заттар экономикасы

«Бағдарлама бизнестің сұранысына ие, тек 2020 жылы 494 млрд теңге сомасына 1 803 жоба мақұлданды. Мақұлданған жобалар сомасы бойынша өсім 128% құрады», — деді Премьер-Министр А. Мамин Президент Қ. Тоқаевтың қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Отандық өндірушілерді қолдау жөніндегі жұмыстың маңызды бағыты «Қарапайым заттар экономикасы» тауарларындағы жергілікті қамту үлесін бақылау болып табылады. Өткен жылы жергілікті қамту үлесі 8 п.т. 59%-ға дейін өсті.

Қазақстандық қамту үлесін арттыру бойынша жұмыс шеңберінде мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері саланы қолдау, оның ішінде отандық өндірушілердің сатып алуға басым қатысуы бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Мәселен, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрінің 2019 жылғы 31 мамырдағы №521 бұйрығымен мемлекеттік сатып алу біліктілікті алдын ала іріктеумен жүргізілетін конкурс тәсілімен жүзеге асырылатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тізбесіне жеңіл өнеркәсіп тауарлары енгізілді.

Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алуда алдын ала біліктілік іріктеуінен өту кезінде индустриялық сертификатты ұсыну жөніндегі талапты белгілеу бөлігінде Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына түзетулер енгізілді.

Бұдан басқа, 2019 жылы әрбір өңір үшін жергілікті қамту бойынша нысаналы индикаторлар (KPI) белгіленген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша барлық өңірлерде жеңіл өнеркәсіп сатып алуларында жергілікті қамту үлесі бойынша KPI-ге қол жеткізілді. 2020 жылы KPI-ді 20%-ға ұлғайту көзделген.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ сатып алу қызметін басқару стандартына отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған түзетулер күшіне енді. Түзетулер мыналарды көздейді:

1) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тізіліміне енгізілген отандық тауар өндірушілер арасында ғана бастапқы сатып алуды өткізу;

2) «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ бекіткен тізбеге сәйкес «қарапайым заттар экономикасы» салаларының тауарларын міндетті түрде сатып алу.

Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тізіліміне енгізілген отандық тауар өндірушілер арасында сатып алу үшін киім тігу және дайындау бойынша жұмыстар мен қызметтердің ТЖҚ БНА кодтары қосымша бұғатталған.

Қосымша жеңіл өнеркәсіп тауарларын ұлттық режимнен алып тастауды көздейтін Үкімет қаулысы әзірленді.

2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «қарапайым заттар экономикасы» салаларын несиелендіру шеңберінде барлығы 7 млрд теңге сомасына 35 жоба мақұлданды.

 

Жеңіл өнеркәсіп экспорты мен импорты

10 айдың қорытындысы бойынша 2020 жылы жеңіл өнеркәсіп өнімдерін тұтынудың ішкі нарығы $1,6 млрд құрады, оның ішінде отандық өндіріске 8%-ы, импорттық өнімге 92%-ы тиесілі болды.

Импорт қаңтар-қазан айларында $1434 млн құрады. Өндіріс $245,1 млн құрады.

2020 жылдың қаңтар-қазан айларында жеңіл өнеркәсіп өнімдері экспортының көлемі $114,4 млн құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 23%-ға төмен. Экспорттық жеткізілімдердің қысқаруы COVID-19 пандемиясы салдарынан барлық елдерде карантин шараларының енгізілуімен себептеледі. 

Мақта талшығы экспортының негізгі көлемі (50% немесе $ 55,7 млн) Латвияға, Түркияға, Қытайға, Ресейге; маталар мен иірілген жіптер (11,3% немесе $13 млн) Литваға, Италияға, Германияға, Қытайға, Түркияға; төсек-орын жабдықтары (7% немесе $7,5 млн) Ресейге; поливинилхлорид сіңдірілген, қапталған немесе иленген тоқыма материалдары (6% немесе $6 млн) Түркіменстанға, Ресейге жөнелтілді.

 

Машина жасау саласы

Өнеркәсіптің ең ірі салаларының бірі — машина жасау саласы 116,3% деңгейінде тұрақты өсуді сақтап отыр. 2020 жылы сала көрсеткіштерінің ұлғаюы автокөлік құралдарын, трейлерлер мен жартылай тіркемелерді (+52,5%) шығару, өзге көлік құралдарын (+38,5%), машиналар мен жабдықтарды (+7,4%) өндіру есебінен болды.

2020 жылдың нәтижелері бойынша автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарының республиканың ЖІӨ құрылымына қосқан үлесі 611,3 млрд теңгені құрады. Есепті кезеңде автомобиль өнеркәсібі кәсіпорындарының негізгі капиталға инвестициялары 14,6 млрд теңгеге жетті. Салық және бюджетке төленетін міндетті төлемдерді төлеу 2,3 есеге өсіп, 12,2 млрд теңгені құрады.

Автомобиль өнеркәсібі машина жасау секторында маңызды рөл атқарады. 2019 жылы машина жасаудағы автомобиль жасау секторының үлесі небәрі төрттен бірін (26,3%) құрады, 2020 жылы бұл көрсеткіш үштен біріне дейін (33,4%) өсті.

2020 жылы өңдеу өнеркәсібі көлеміндегі автомобиль жасау үлесі 4,6%-ға дейін өсті (2019 жылы - 3,2%).

Пандемиямен және қаржы секторының тұрақсыздығымен байланысты әлемдік дағдарысқа қарамастан, Қазақстан Республикасының автомобиль өнеркәсібі 2020 жылы өндіріс пен сатуда елеулі өсім көрсетті.

2020 жылы 64 786 бірлік жеңіл жолаушылар автомобилі өндірілді. Көлемі өткен жылмен салыстырғанда 47%-ға өсті (2019 жылы 44 077 бірлік). Ресми дилерлік орталықтар 82,9 мың бірліктен астам жеңіл автомобильдер сатты, олардың 70%-ы отандық көліктер болды.

Ел азаматтары арасында да отандық автомобильдерге сұраныс артып келеді. 2020 жылы қазақстандықтар 93 000-нан астам жаңа техника сатып алды, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 25%-ға артық (75 156 бірлік). Бұл ретте елімізде сатып алынған 3 автомобильдің 2-і отандық өндіріс өнімі болды.

Өткен жылы Қазақстанның ең сұранысқа ие брендтері Hyundai, Chevrolet және Toyota болды. Ең танымал 5 брендтің 4-і – қазақстандық өндіріс өнімі (Hyundai, Chevrolet, Ravon және Lada).

Экспорт көлемі де өсуде. Зауыттардың экспортқа бағдарлануы өндірілетін техниканың жоғары сапасын және оған шетелдік клиенттер тарапынан сенім білдірілетінін көрсетіп отыр.

2020 жылы Қазақстан жақын шетелдерге 8 122 бірлік автомобиль экспорттады, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 3 есе көп (2 629 бірлік). Жалпы, өткен жылы 55,9 млрд теңге сомасына барлық өндірілген техниканың 10%-дан астамы елден экспортталды.

Ресей, Өзбекстан, Беларусь және Қырғызстанда Hyundai, Chevrolet және JAC брендтеріне жоғары сұраныс бар.

Импортқа келетін болсақ, 2020 жылдың 10 айында елге 33,6 мыңға жуық автокөлік импортталды. Олардың 85%-ын, негізгі үлесін жеңіл автомобильдер құрайды. Елге ең көп келетін автомобильдер Ресей, Өзбекстан және Жапониядан әкелінеді.

96 жетекші елде автомобиль өнеркәсібін сараптаумен айналысатын NCSA (Ұлттық автомобиль сату қауымдастығы) әлемдік сарапшылары жыл ортасында әлемдегі саланың жаһандық құлдырауын атап өтті. Алайда, сол кездің өзінде теріс көрсеткіштер аясында оң статистиканы тек 4 ел ғана көрсете алды, ал оларды Қазақстан басқарды.

Автоөнеркәсіпке жаһандық трансұлттық инвесторлар тартылды, оның ішінде қол жетімді сегментте жаңа брендтер пайда болды. Сала үйлесімді, ең бастысы коронавирус пандемиясымен байланысты карантин шараларына уақтылы жауап берді, автомобильдерді онлайн сату енгізілді және осылайша өндірілген өнімдерді сату тізбегі, сондай-ақ өнімнің тұтынушыларға қол жетімділігі сақталып қалды. Үкіметтің тапсырмасы бойынша автосалондарда автокөліктерді тіркеу орындары ашылды, мұны автоәуесқойлар оң бағалады.

2020 жылғы саладағы басты оқиғалар ретінде Қазақстанда жаңа зауыттар мен өндірістерді іске қосуды есептеген жөн.

2020 жылы автомобиль өнеркәсібінің көрсеткіштерінің табысты болуына Үкімет тарапынан да, отандық зауыттар тарапынан да бірқатар пәрменді қадамдардың қабылдануы әсер етті.

Көлік құралдарын өндіру жөніндегі технологиялық операцияларды оқшаулауды және тереңдетуді одан әрі ұлғайту мақсатында заңнамаға бизнестің ұсынылатын ынталандыру шараларына қарсы міндеттемелері ретінде көлік құралдары мен олардың құраушытарын өнеркәсіптік құрастыру туралы жаңа келісімдер енгізілді.

Өндірушілердің алдыңғы келісімдер бойынша міндеттемелерді міндетті орындауы жаңа келісімдер жасасу шарттары болып табылады. Алғаш рет келісім жасасатын жаңа кәсіпорындар үшін әділ жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында өндірістік активтер мен өндірістік қуаттың болуы, сондай-ақ шанақты дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі операцияларды игеру бойынша талаптар белгіленеді.

Бұдан басқа, жаңа келісімдер жергіліктендіруді бағалаудың баллдық жүйесін енгізуді қарастырады, оның негізінде ұсынылатын артықшылықтарды неғұрлым тиімді пайдалануға және бөлуге қол жеткізілетін болады.

Заңнамаға сәйкес өндірушілердің инвестициялар, технологиялық операцияларды орындау, оқшаулауды арттыру, дайын өнімді экспорттау және басқа да көрсеткіштер бойынша міндеттемелері көзделген жасалған инвестициялық келісімшарттар мен өнеркәсіптік құрастыру туралы келісімдер негізінде кәсіпорындар ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес салықтық, кедендік преференциялар мен басқа да мемлекеттік қолдау шараларын алуға үміткер болуға құқылы.

Еліміздің автопаркін жаңарту мәселесінде біраз жылдар бойы қазақстандық тұтынушылар мен шағын және орта бизнес өкілдеріне қолжетімді қаржы құралы арқылы автомобиль техникасын сатып алуға мүмкіндік беретін жеңілдікті автонесиелендіру және лизинг бағдарламалары маңызды рөл атқарады.

Жеңілдетілген автонесиелендіру және лизинг бағдарламалары шеңберінде 2015 жылдан бастап 2020 жылға дейін барлығы 26 449 бірлік жеңіл автомобиль, 1 206 бірлік арнайы мақсаттағы техника, 1 812 бірлік автобус, 815 бірлік санитарлық көлік, 872 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы (тракторлар мен комбайндар) қаржыландырылды.

Бұдан басқа, ақшалай сыйақы берумен халықты ескі техниканы кәдеге жаратуға тапсыруға немесе жаңа техниканы сатып алу кезінде жеңілдік беретін сертификат алуға ынталандыру есебінен техника паркін жаңарту бағдарламалары жұмыс істейді. Кәдеге жаратуға 2016 жылдан бастап істен шыққан 165 мыңға жуық көлік құралы қабылданды.

Өткен жылы еліміздегі автобус паркі 2 130 автобуспен, отандық шағын автобустармен толықты. Автобус паркін жаңарту жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға қосымша автобус тасымалдарын дамыту жөніндегі кешенді бағдарламаға толықтырулар әзірленді. Отандық тасымалдаушыларға көмек көрсету және автобус өндірушілерімен синергия жасау мақсатында автобустарды лизингке өткізу бағдарламасы іске қосылды. Осылайша, 2018 жылдан бастап республикалық бюджеттен қайтарымды-револьверлік негізде 58,7 млрд теңге бөлінді. Қаражат 7%-дан аспайтын қолжетімді мөлшерлеме бойынша 50/50 ара қатынасында нарықтық қорландырумен микширлеуді ескере отырып сатылады. Осы бағдарлама аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ еліміздің 9 өңірінде 78 млрд теңге сомасына 1812 бірлік автобус сатып алуды қаржыландырды.

 

Отандық автоөнеркәсіптің келешегі

Пандемияға қарамастан, елде жаңа өндірістік кәсіпорындар ашылуда. 2020 жылдың қазан айында Алматы қаласында Hyundai жеңіл автокөліктерін шығаратын зауыт ашылды. Өндірістік қуаты бірінші кезеңде – 30 мың бірлік, екінші кезеңде – экспортқа жасалған келісімшарттарды қоса алғанда, жылына 45 мың бірлікке дейін. Автомобиль шанағын дәнекерлеу және сырлау бойынша операциялар игерілді, компоненттер өндіру бойынша бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осылайша, 2020 жылы қазақстандық тұтынушылар ең танымал Hyundai маркасына ерекше адалдық танытты. Инвестицияның жалпы көлемі 28 млрд теңгені құрады. Ресей Федерациясымен, Өзбекстан Республикасымен, Беларусь Республикасымен өнеркәсіптік кооперация шеңберінде компания оқшаулауды тереңдету және өндірісті дамытуға қосымша инвестициялар тарту жөніндегі жобаны бастады. Жобаның негізгі қозғаушы күші технологиялық құзыреттілікті арттыру, компоненттерді жергілікті және шетелдік жеткізушілермен өзара іс-қимыл жасау және экспорттық әлеуетті дамыту болып табылады.

Қостанай қаласында «КАМАЗ» ЖАҚ-мен бірлесіп, қуаттылығы жылына 40 мың тонна құйма болатын KAMAZ жүк автомобильдеріне арналған картерлер арқалығын және шойын құю өндірісі бойынша зауыт құрылысының бірінші кезеңінің жұмыстары аяқталу сатысында. 2020 жылы жетекші көпірлердің редукторларын өндіру бойынша тағы бір жоба бекітілді. Жаңа зауыт жылына 62 000 бірлік компоненттер шығаруға қабілетті болады.

Екі жоба да Қостанай қаласының индустриялық аймағында іске асырылады және «КАМАЗ» ЖАҚ өндірістік тізбегіне кіріктірілген. Барлық өнімнің басым бөлігі Татарстан Республикасындағы басты конвейерге жеткізіледі. Жобаларды іске қосу мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Инвестициялардың жалпы сомасы шамамен 160 млрд теңгені құрайды.

Саран қаласы және жалпы алғанда, барлық автомобиль өнеркәсібі үшін «Татнефть» ЖАҚ-мен бірлескен шина өндірісі бойынша жаңа зауыттың пайда болуы маңызды оқиға болады. Жоғары технологиялық өндіріс 1 100 жаңа жұмыс орнын құруға, ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге және Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Зауыт жеңіл техникаға арналған 3 млн шина және коммерциялық техника мен автобустарға арналған 500 мың шина өндіруге қауқарлы. Жобаға салынған инвестиция сомасы 125 млрд теңгені құрады.

Наурызда Қостанай қаласында оқшаулау бойынша алғашқы нақты жобаның құрылысы аяқталады. Жергіліктендіру орталығы барлық қазақстандық өндірушілер үшін компоненттік база шығарумен айналысатын болады, соның арқасында кәсіпорындар өз өнімдеріндегі отандық қамту үлесін арттыра алады. Өндірістік қуаттардың жалпы ауданы 27 000 шаршы метрден асады.

Жобада заманауи технологиялық жабдықтар (дәнекерлеу роботы, сырлау желісі, лазерлік кесу, ию пресі, табақ ию, құбыр ию және т.б.) көзделген. Жоба шығарылатын өнімді оқшаулауда ауыл шаруашылығы машиналарын жасау қажеттіліктерін толығымен жабады (пластикалық бөлшектер, кабиналар, пресс-жинағыштар, сепкіштер, тракторлар мен комбайндарға арналған тораптар мен аспалы жабдықтар). Автомобиль өнеркәсібі үшін компоненттік базаның бөліктерін шығаруды игеру басталды.

Жергіліктендіру орталығы сондай-ақ адам капиталын дамыту жөніндегі инновациялық инжиниринг орталығының жобасын, сондай-ақ мамандарға арналған жатақхананы қамтиды.

Барлық жаңа жобалар құрамдас бөліктерді өндіруді дамытуға бағытталған жаңа форматтағы зауыттар біріктірілген Қазақстан Республикасының өндірістік белдеуінің маңызды құрамдас бөліктері болып табылады. Бұдан басқа, қазақстандық кәсіпорындар жақын көршілері – Ресей, Қытай және Өзбекстанмен экспорттық нарықтарды ұсына отырып, автомобиль компоненттерін өндіру жөніндегі жаһандық тізбектерге кірігуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу