Қазақстанда қалалар аумағын сапалы жоспарлау стандарттары әзірленді — Қ. Өскенбаев

Орталық коммуникациялар қызметінде «Қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов, Қауымдастық кеңесінің мүшелері Асхат Саудов пен Ержігіт Балқыбеков, Қауымдастықтың атқарушы директоры Алина Әбдірахманова және «Каспий Жылу Су Арнасы» МКК директоры Жасұлан Сүйіншәлиев қатысып, сөз сөйледі.

Өз сөзінде индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қ. Өскенбаев урбанистік даму және Ақтау мен Атырау қалаларында инженерлік желілерді кешенді түрде реконструкциялау мәселелері туралы айтып берді. Ол халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасы мен деңгейін жақсарту маңызды міндет болып табылатынын атап өтті. Қалалардың тұрақты дамуы қала кеңістігін қалыптастырудың жаңа тәсілдерін, қала құрылысы регламенттерін нақты сақтауды талап етеді.

«Өкінішке орай, қазіргі таңда біз қалалардың жүйесіз, көбінесе жұртшылықтың пікірін және қаланың даму перспективаларын ескермей салынып жатқанын байқап отырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Мысалы, оның айтуынша, Алматы тұрғындары «құмырсқа үйіне» ұқсас үйлерге, елорда тұрғындары қоғамдық кеңістіктер қалдырмай, құрылыстың тығыз салынуына және әлеуметтік нысандарға мұқтаж екендерін айтып шағымданады. Жобаларды әзірлеу кезінде функционалдық аймақтардың шектеулері, қабат саны, әлеуметтік объектілермен қамтамасыз ету жөніндегі талаптар бұзылады.

Соңғы екі жылда Министрлік сәулет органдарына қатысты 100-ден астам тексеру жүргізді. 1 мыңнан астам бұзушылық анықталды, оның ішінде ЕЖЖ сәйкессіздігі, эскиздік жобалардың келісілмеуі және СЖТ беру бойынша бұзушылықтар. Сондықтан, қазіргі таңда, министрдің айтуынша, қала құрылысын жоспарлау жүйесін, озық халықаралық тәжірибені ескере отырып, жаңа урбанистік тәсілдерді дамытуды трансформациялау қажет.

«Мемлекет басшысы 2021 жылғы Жолдауында қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттарын әзірлеу қажеттігін айтқан болатын. Осыған байланысты Министрлік қала аумағын сапалы жоспарлау стандарттарының бірінші редакциясын әзірлеп, мемлекеттік органдар мен ұйымдарға келісуге жіберді», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, стандарттар жобалау, ықшам құрылысты енгізу, тартымды және жайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру, жаяу жүргіншілер мен велосипед инфрақұрылымын дамыту бойынша қарапайым және көрнекі құралға айналады. Олар құрылыстың негізгі нысаналы модельдерін айқындайтын болады және әрқайсысы үшін әлеуметтік маңызы бар объектілердің жаяу жүргіншілерге қолжетімділігі, көгалдандыру, тығыздық, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және т. б. параметрлері берілетін болады. Осы мақсаттар үшін еліміздің ірі елді мекендерінің қалалық инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасының пилоттық жобаларын іске асыруды бастау көзделген. Қазіргі уақытта Министрлік Q88 урбанистер қауымдастығымен бірлесіп, Ақтау және Атырау қалаларының қалалық кеңістіктерін трансформациялау жұмыстарын бастады.

«2021 жылдың өзінде жылыту және су беру желілерінде 1,5 мыңға жуық апат орын алды. Бұл мәселені шешу үшін біз Маңғыстау облысы әкімдігінің ұсыныстарын ескере отырып, Ақтау инфрақұрылымын жаңғыртудың жекелеген бағдарламасын әзірлеп жатырмыз», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, Маңғыстау облысында жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 49%-ды құрайды. 1 705 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 2-і апатты және 287-сі жөндеуді қажет етеді. Алайда, елді мекеннің бір ауданында/орамында инфрақұрылым объектілерін жаңғыртудың жүйелілігі жоқ. Осылайша, Ақтау қаласының қалалық орта тұжырымдамасын дамытудың басым мәселелері мыналар болмақ:

  • қала жағалауын абаттандыру;
  • ыңғайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыру;
  • жаяу жүргіншілер аймақтары мен вело инфрақұрылымды дамыту;
  • инженерлік желілерді абаттандыру және қайта жаңарту жұмыстарын жалғастыру (385 км жылумен жабдықтау, 335 км сумен жабдықтау, 197 км кәріз жүйесі).

Министрдің айтуынша, Атырау облысында инфрақұрылымның, тұрғын үйлердің жағдайы, аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру мәселелері бар. Инженерлік желілердің тозуы 46% құрайды (жылумен жабдықтау – 60%, сумен жабдықтау – 31% және су бұру – 47%), көп пәтерлі 1 736 үйдің 62-сі апатты және 300-і жөндеуді қажет етеді.

Мемлекеттік бюджет есебінен жыл сайын жылумен, сумен жабдықтау, су бұру желілерінің және тұрғын үйлердің әртүрлі учаскелерін қайта жаңарту жұмыстары жүргізілетініне қарамастан, Атырау қаласын дамыту тұжырымдамасында мынадай мәселелерге назар аудару қажет:

  • шағын құрылыс салуды дамыту;
  • 10 негізгі көшені, 6 шағын көшені жаңарту;
  • негізгі бағыттардағы 150-ден астам ғимараттың қасбеттерін қайта құру;
  • 10 саябақ пен скверді қайта жаңарту.

«Жалпы, әкімдіктер инженерлік инфрақұрылымды, тұрғын үй қорын кезең-кезеңімен қайта құрудың және абаттандырудың кешенді тәсілін әзірлеп, әр түрлі көздерден қаржыландырылатын орамдық/аудандық жоспарларды бекітуі қажет», — деді Қ. Өскенбаев.

Оның айтуынша, тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасау үшін қалалар құрылысына бірыңғай талаптарды қолдану қажет. 

«Қазір біз әзірлеп жатқан жаңа стандарттарда аталған бірыңғай талаптар қарастырылатын болады, олар кейіннен бас жоспарлар мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына негіз болады», — деп атап өтті Қ. Өскенбаев.

Қалалық кеңістіктердің трансформациясы жаяу жүргіншілер трафигінің орта есеппен 30%-ға артуына алып келеді, соның салдарынан дүкендердің айналымы 17%-ға артады. Қауіпсіз жол инфрақұрылымын құру қағидаттарын ескере отырып, көшелерді жаңарту отын тұтынуды 30%-ға қысқартуға мүмкіндік береді. Веложол құрылысына салынған 1 теңге бизнестің іргелес инфрақұрылымының 8 теңгесінің тиімділігін қамтамасыз етеді. Қоғамдық кеңістіктер мен жасыл инфрақұрылым объектілердің салық түсімдері мен кірістерін ұлғайтуға, азаматтардың физикалық және менталды денсаулығын арттыруға, экологиялық ортаны жақсартуға және қоғамдық көлікті дамытуға ықпал ететін болады.

 

Бүгінде Қазақстан халқының 58,7%-ы үлкен және шағын қалаларда тұрады

Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Ерлан Әукенов өз кезегінде Қазақстан қалаларын дамытудың заманауи сын-тегеуріндері мен трендтеріне толығырақ тоқталды.

«Бүгінде Қазақстан халқының 58,7%-ы үлкен және шағын қалаларда тұрады. Қалалардағы халықтың жыл сайынғы өсімі 2,3%-ды құрайды», — деп атап өтті Е. Әукенов.

Оның айтуынша, ірі қалаларда халықтың жыл сайынғы өсімі 4,7%-ды құрайды (Нұр-Сұлтан қаласында – 60 мың адам, Алматы қаласында – 65 мың адам, Шымкент қаласында – 30 мың адам).

Егер қалалық бюджетке түсетін жүктеме туралы айтатын болсақ, онда оның айтуынша, мұнда миллион тұрғыны бар Шымкент қаласын мысалға келтіруге болады. Қала бюджеті 1 млн халқымен 430 млрд теңгені құрайды. Осындай есептеуден түсінгенімізше, халық өсімін жыл сайын 240 мың адамға ұстап тұруға 107 млрд теңге мөлшерінде бюджет бөлу талап етіледі.

Бюджеттің мазмұны мыналарды қамтиды:

  • мемлекеттік мекемелерді қолдау; 
  • көшелерді, жолдарды және т. б. жөндеу; 
  • қоғамдық тәртіп;
  • қауіпсіздік; 
  • медицина және білім шығындары; 
  • және тағы басқа.

240 мың адам — бұл:

  • 1 жасқа дейінгі 5,2 мың сәби;
  • мектеп жасындағы 59 мың бала мен жасөспірім;
  • 18,5 мың зейнеткер;
  • 20,2 мың мектеп жасына дейінгі бала.

Халықтың осы санына қызмет көрсету үшін мыналар қажет:

28 медициналық ұйым (емханалар, ауруханалар, жедел жәрдем станциялары, диагностикалық орталықтар, кардиоорталықтар)

27 мектеп (25 адамнан 2 360 сынып)

54 балабақша (25 адамнан 808 топ)

615 км жол

467 км сумен жабдықтау және кәріз жүйесі

58 км жылумен жабдықтау жүйесі

122 км газбен жабдықтау жүйесі

168 км электрмен жабдықтау жүйесі

45 км телефон байланысы

Болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайды. Мұндай халықты орналастыру үшін құны 1, 622 трлн теңге болатын 3, 6 млн шаршы метр тұрғын үй қажет.

Осындай динамиканы ескере отырып, Қазақстанда урбандалудың алдында бірқатар сын-тегеурін тұр, олардың ішінде: 

  • қала басшылары ауысқан кезде сабақтастық пен қала құрылысы саласында бірыңғай саясаттың болмауы;
  • урбандалу саласындағы білім мен үздік әлемдік практикалар трансфертін шоғырландыратын және жүзеге асыратын қалыптастырылған орталықтардың болмауы;
  • қалаларды жоспарлау, урбанистика, қалаларды басқару саласындағы білімі бар мемлекеттік басқарудағы кадрлар тапшылығы;
  • шешім қабылдайтын адамдар арасында урбанистика саласындағы құзыреттер мен білім деңгейі;
  • қала құрылысы және т. б. мәселелері бойынша халық пен қала билігі арасындағы тиімсіз коммуникациялар;
  • жобалау мен құрылыстың ескірген нормалары мен стандарттары және консервативті ойлау;
  • реакциялық тәсіл, халықтың талаптары, бұл сапасыз және популистік шешімдерге әкеледі;
  • урбанистика мамандарының назары тек үлкен қалаларға ғана бағытталған.

«Қалаларды абаттандыру – заманауи қала құрылысының өзекті мәселелерінің бірі. Ол қала құрылысымен тығыз байланысты және оның негізгі бөліктерінің бірі. Абаттандыруды дамыту деңгейі адамның еңбек және демалыс жағдайларына айтарлықтай әсер етеді», — деп атап өтті Е. Әукенов. 

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан қалаларында бұл салада көптеген проблемалар байқалады, олардың ішінде: көше кеңістігінің дұрыс ойластырылмауы, жарықтың нашар болуы, көгалдандыру мәселелерінің дұрыс ойластырылмауы, саябақтарда табиғаттың болмауы, автомобиль центрлігі, ұйымдастырылмаған қоғамдық кеңістіктер, қаланың шашыраңқы келбеті және т. б.

Осы және басқа да мәселелерді шешу үшін Урбанистік қауымдастық тиісті министрліктермен, муниципалитеттермен, урбанистика саласындағы мамандармен белсенді түрде жұмыс істейді және бірқатар жобаларды жүзеге асыруды ұсынады. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Қауымдастық Ақтау және Атырау қалаларын жаңғыртуға арналған арнайы жобаларды әзірлеп, ұсынды. Урбанистика саласындағы әлемдік трендтерді ескере отырып, бұл қалаларға қаланы абаттандырудың заманауи форматтарын енгізу жоспарлануда. 

Q88 урбанистік қауымдастығы 2021 жылғы тамыз айында тіркелді. Q88 негізгі міндеті — барлық тұрғындар үшін қалаларды жайлы, қауіпсіз және экологиялық таза ету.

«Қауымдастық бәсекеге қабілетті, дамыған, жайлы, экологиялық тартымды, ақылды қалалардың дамуына ықпал ете алатын, қалаға бей-жай қарамайтын барлық адамдардың кәсіби қауымдастығын біріктіруді жоспарлап отыр», — деп атап өтті Е. Әукенов.

Қауымдастықтың міндеттері:

  1. Әр түрлі тақырыптық ұйымдарды, институттарды, сарапшыларды бір онлайн және офлайн алаңда біріктіру.
  2. Білім базасын, сарапшылар базасын, қалаларды дамыту жобалары туралы деректер базасын жинақтау.
  3. Қазақстанның әртүрлі қалаларын олардың типологиясына, ерекшеліктеріне сәйкес дамыту үшін стратегиялық құжаттарды әзірлеу.
  4. Урбанистика, қалаларды дұрыс жоспарлау, жобалау және салу тақырыбына тек сарапшылар қоғамдастығы арасында ғана емес, жалпы халық арасында да қызығушылық тудыру.
  5. Халықаралық институттармен, ұйымдармен, серіктестермен байланыс.
  6. Заңнамалық базаға түзетулер мен өзгерістер енгізу.
  7. Пилоттық жобаларды енгізу.

Қауымдастық басшысының айтуынша, қазіргі уақытта Q88 3 негізгі бағытты жүзеге асыруда:

  1. Білім беру қызметі

Q88 қауымдастығы қала билеушілері, урбанистика саласындағы сарапшылар мен урбанистиканың түрлі бағыттарына қызығушылық танытатын жұртшылық үшін білім беру семинарларын, шеберлік сыныптары мен курстарын өткізеді.

  1. Қалалар тұжырымдамалары

Q88 қауымдастығы қолжетімділік, қауіпсіздік және экология стандарттарын ескере отырып, қалалардың шеберлік жоспарларының тұжырымдамаларын әзірлейді.

  1. Заңнама бойынша жұмыс

Q88 қауымдастығы қала құрылысы, қалаларды дамыту және инклюзивті қалалық ортаны құру, ҚНжЕ жаңғырту мәселелері бойынша қазақстандық заңнаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізеді.

 

Қазақстанның мұнайлы астанасы үшін трансформация тұжырымдамасы әзірленді

Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығы кеңесінің мүшесі, урбанист-сәулетші Асхат Саудов дөңгелек үстелге қатысушыларға Қазақстанның мұнайлы астанасын трансформациялау тұжырымдамасының негізгі бағыттарын таныстырды. Атырау — Жайық өзенінің жағасында орналасқан Қазақстанның ірі қаласы. Басқаша айтқанда, Атырау Қазақстанның мұнайлы астанасы, өйткені мұнайдың негізгі өндірісі Атырау облысында жүзеге асырылады. Мұнда Теңізшевройл және АМӨЗ сияқты өнеркәсіптік орталықтар бар. 

А. Саудовтың айтуынша, қазіргі уақытта қалада 365 мың адам тұрады, оны Флоренция, Жаңа Орлеан қалаларымен салыстыруға болады. 2021 жылға арналған қала бюджеті 227 млрд теңгені құрады, бұл Ванкувер мен Екатеринбург бюджетіне тең. Елдің ЖІӨ үлес салмағының 13% дәл Атырауға тиесілі. Соңғы 10 жылда қала халқының саны 1,5 еседен астам өсті.

«Атыраудың бәсекелестік артықшылықтарының бірі – туризм. Ақкергешен мен Ақтолағай үстірті геологтар мен палеонтологтардың ғана емес, сонымен бірге табиғаттың ерекше көріністерін, жұмбақ үңгірлерді, таңғажайып қарлы жартастарды көруді армандайтын адамдардың назарын аударады», — деді А. Саудов.

Оның айтуынша, қала жергілікті орталықтардан тұрады, олардың көпшілігінде жақсы кеңістіктік тор бар. Жергілікті орталықтар арасындағы өзара іс-қимыл негізінен магистральдық көшелердің шағын санымен ұсынылған. Жергілікті орталықтар арасындағы нашар жолға қойылған өзара іс-қимыл осы орталықтардың экономикалық мүмкіндіктерін ашпайды. Қала шегіне кірмейтін жергілікті орталықтар — Еркін қала, Зарослый-Жаңаталап, Ақсай, Жұлдыз. Үш негізгі орталық: Әлиева-Құрманғазы, Сарыарқа-Алмагүл, Балауса-ет комбинаты, Жұмыскер, Өркен, Сарықамыс, Рембаза. Орталықтар арасындағы магистральдық жолдардың аз болуы олардың экономикалық әлеуетін әлсіретеді. Атырау қаласы үшін дамудың полицентрлік моделі қолайлы, ол анықталған орталықтарда экономика мен әлеуметтік өмірді шоғырландыруды қолдауды, сондай-ақ оларды бір-бірімен ыңғайлы көлік және жаяу жүргіншілер байланысымен қамтамасыз етуді білдіреді.

Сондай-ақ А. Саудовтың айтуынша, Жайық өзенінің жанындағы жаяу жүргіншілер жолдары мен көпірлердің жеткіліксіз саны жағалауды негізгі тартылыс орны ретінде дамыту әлеуетін төмендетеді. Атырау көпірлері арасындағы аралық 1500-ден 3000 м-ге дейін. Мысалы, Лондонның орталығында Темза өзенінің екі жағалауын сәтті байланыстыратын көпір қосылыстарының жоғары концентрациясын көруге болады, бұл ыңғайлы қалалық көшелер торын жасайды. Көпірлер арасындағы қашықтық 150-ден 800 м-ге дейін. Қала кеңістігінің байланысын арттыру және рекреациялық және туристік әлеуетті ашу үшін Қауымдастық Жайық өзенінің жанындағы жаяу жүргіншілер жолдары мен қоғамдық кеңістікті кешенді дамытуды ұсынады.

А. Саудов атап өткендей, сауалнама нәтижесінде қала тұрғындары Атыраудың басты үш проблемасын атап өтті: қалалық инфрақұрылым проблемалары (24%), мәдени-әлеуметтік саланың жетіспеушілігі (32%), нашар экология және көгалдандырудың жетіспеушілігі (44%). Атырау инфрақұрылымының негізгі кемшіліктері: бос жатқан үлкен кеңістік – «Исатай мен Махамбет» алаңы, көшелердегі лай мен шалшықтар, аулаларда балалар алаңдары мен демалыс орындарының болмауы, жылыту және кәріз жүйелері тозған апатты жағдайдағы ескі үйлердің көптігі. Әлеуметтік-мәдени саланың кемшіліктері: қалада жастарды кәсіптік бағдарлау орталықтары нашар дамыған, жоғары оқу орындарының базасында түлектерді интеграциялау жөніндегі бағдарламалар нашар жұмыс істейді, білім беру алаңдарының саны аз, тарихи ескерткіштерді сақтау жөніндегі бастамалар нашар дамыған, тарихи орталықты дамыту жұмыстары жүргізілмейді, қаладағы көптеген спорт объектілері нашар жабдықталған немесе қанағаттанарлықсыз жағдайда, ірі спорт объектілері бірдей типті, Атыраудағы негізгі демалыс орындары СОСО болып табылады. Экологиялық проблемалар: Жайықтың тартылуы, көгалдандырудың күрделілігі, қоршаған ортаның ластануы, тұщы судың аздығы.

А. Саудовтың айтуынша, қалалық инфрақұрылымның ұсынылып отырған жобалары мынадай. Талдау негізінде экономикалық әлеуеті жоғары 10 басты көшеге жөндеу жүргізу ұсынылады. Жаяу жүргіншілер аймақтары мен велоинфраструктурасын дамыту, қауіпсіз орта құру үшін Vision zero тәсілдерін пайдалану. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер аллеясын, жазғы кафелерге арналған алаңдарды, сауда павильондарын, балалар ойын алаңдарын, көше тренажерларына арналған алаңдарды және т.б. жөндеуден өткізу ұсынылды.

Сонымен қатар, сәулетшінің айтуынша, негізгі бағыттардағы 150-ден астам ғимарат қасбеттері қайта жөндеуді қажет етеді. Ғимараттарды қайта жаңарту, негізінен кеңестік үлгідегі үй құрылысы кезеңіндегі қасбеттерді қайта жаңарту үй маңындағы аумақты қайта ұйымдастыруды, негізгі қасбеті бар жаңа коммерциялық үй-жайларды ұйымдастыруды және т.б. көздейді.

Аула кеңістіктерін қайта жаңарту. Қалалық балалар алаңдарының қазіргі жағдайы ойындарға және қызықты уақыт өткізуге балаларды тартпайды. Мүкәммалдың жай-күйі қанағаттанарлықсыз болып табылады. Қайта жаңартуды талап ететін аула кеңістіктерінің саны – 100.

«Қалалық балалар алаңдары балалардың осындай алаңдарда түрлі дағдыларын, білім қабілеттерін, ұсақ және ірі моторикасын, қарым-қатынас пен коммуникация дағдыларын дамытып, әлеуметтендіруді көздейді», — деді А. Саудов.

Оның айтуынша, Атырау қаласының көшелері көшелерді жарықтандырумен қамтамасыз етілмеген, бұл қоғамдық қауіпсіздікке ықпал етпейді. Сәулетші қаланы жарықтандырудың дамыған жүйесін құруды ұсынды, бұл кеңістіктің әрбір түріне лайықты жарықтандыруды орнатуды білдіреді. Саябақтар, жағалаулар, скверлер үшін «жылы» жарық және көшелер, ғимараттардың қасбеттері үшін «суық» жарық.

Алаңдарға қатысты. Сәулетшінің айтуынша, қазіргі таңда қалада қайта жөндеуді қажет ететін 3 алаң бар. А. Саудов Орталық алаң үшін жергілікті жердің тарихы, мәдениеті мен ерекшеліктеріне сәйкес әр түрлі бағдарламалық толтыруды ұсынады.

«Қалада саябақтар да, скверлер де бар, бірақ олар көбінесе бос, нашар көгалдандырылған және функционалдық толықтығы аз. Қайта жаңартуды талап ететін саябақтар мен скверлер саны – 10», — деді А. Саудов.

Оның айтуынша, мұнда серуендеу бағыттары, күркелер, балалар, жасөспірімдер, жастар, ересектер мен қарттарға арналған қызықты орындар ұйымдастырылады. Қызықты орта қалыптастыратын, сондай-ақ орынның ерекшеліктерін көрсететін қызықты арт-объектілер, саябақ декорының заттары ұсынылады. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Лондон, Тбилиси, Сингапур қалаларындағы көпірлер үлгісіндегі жаяу жүргіншілер көпірлерін салу ұсынылып отыр.

Еліміздің мұнайшылардың дамуына қосқан зор үлесін ескере отырып, «мұнайшылар саябағы» қоғамдық кеңістігін – МҰНАЙШЫЛАР САЯБАҒЫН құру ұсынылады. Ұсынылып отырған әлеуметтік-мәдени және демалыс бағыттарының ішінде «Салауатты Атырау» жобасы да бар. Сәулетшінің айтуынша, Атырауда жүздеген спорт алаңдары бар, бірақ олардың барлығы лайықты сапаға сай келмейді. Көптеген тұрғын аудандарда спорт алаңдары жоқ. Оның үстіне қалада ірі спорт парктері жоқ. Осыған байланысты қалада біреуі экстремалды спортқа арналған 3 ірі спорт паркін, сондай-ақ қоғамдық кеңістіктер мен саябақтарда 20 спорт алаңын құру ұсынылады. Атыраулық жастардың спорттық өмір салтын қолдау және триатлонды кәсіби спорттық жарыстың түрі ретінде дамыту үшін Атырау қаласында триатлон-парк салу ұсынылады.

Қалада 11-ге жуық спорт орталығы бар, бірақ олар заманауи сапа стандарттарына сәйкес келмейді. Бір даму бағытындағы спорт орталықтарының орнына халықаралық деңгейдегі концерт залы, конференция залы және спорттық іс-шараларды өткізуге арналған көрме алаңы-трансформері бар Көпфункционалды орталық құру ұсынылады.

Тұжырымдамада жекелеген тармақ ретінде әлеуметтік жобалар бөлінген.

«Атырау – ежелгі қала, бірақ тарихи орталығы мен сақталған сәулет ескерткіштері бүгінгі таңда құлдырауда. Кейбір тарихи аудандарды («Жилгородок» және т.б.) және 10-нан астам жеке тұрған тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге кешенді тәсілді пайдалануды ұсынамыз», — деді А. Саудов.

Оның айтуынша, сәулет ескерткіштерін қайта жаңғырту, тарихи орталық үшін дизайн-код жасау, ауданның бірыңғай айдентикасын енгізу, тарихи ғимараттар негізінде мәдени нысандар ұйымдастыру қажет. Атырауда қолдау мен жариялауды талап ететін әлеуметтік бастамалар бар, сондықтан жергілікті билік органдарының, қоғамдық ұйымдар мен жеке сектордың өкілдері үшін форумдар ұйымдастыру арқылы оларды дамытуға арналған бағдарламаларға бастамашылық ету, диалогтық платформа құру ұсынылды.

Сондай-ақ жас мамандарды еңбек нарығына кіріктіру және олардың әлеуетін іске асыру үшін жастарды даярлауға арналған әмбебап кеңістік қажет: дайындық курстарын және толыққанды тағылымдамаларды өткізу, қаланың үздік студенттерін іріктеу, қала кәсіпорындарымен белсенді ынтымақтастық.

Қаланың өсуіне байланысты оған жаңа білікті мамандар қажет, сондықтан университеттік кампус, технопарк, қоғамдық аймақ/СОО, спорт кешені сияқты барлық заманауи стандарттар бойынша кәсіптік оқу орындарын құру ұсынылады. Өкінішке қарай, сәулетшінің айтуынша, қолжетімді тұрғын үй мен әлеуметтік тұрғын үй құрылысының қазіргі үрдісі, әсіресе, бұрынғы Кеңес Одағы елдерінде, ең төменгі әлеуметтік игіліктері бар шағын аудан болып табылады. Оларды ең аз қажеттіліктермен салу идеясынан алшақтау қажет, бұл ауданды геттоға айналдырады, маятниктік көші-қонды туғызады, жас ұрпақтың қоғамға кірігу мүмкіндіктерін азайтуды жалғастырады.

Тұжырымдамада экология жобаларына ерекше назар аударылды. Нашар жұмыс істейтін су ағызу кәрізі судың көптеп тұрып қалуына әкеледі, мұндай сулар жол қозғалысына кедергі келтіреді, жол төсемдерін, топырақты, ғимараттардың құрылымдарын шайып кетеді және т.б. Тұрақты нөсер кәрізін жасау үшін 40 шақырымнан астам су ағызу желісін салуды ұсынамыз.

Қалада көптеген аудандарда тротуарлар жоқ және көшелерде шалшық сулар дұрыс ақпайды. Жолдарды асфальттау, жаяу жүргіншілер аймағын құру, тротуар маңына топырақ төгу, бұталар отырғызу, нөсер жүйесін жаңғырту – бұл шаралардың барлығын топырақтың шайылуына және шалшық пен балшықтың пайда болуына кедергі жасау үшін жүзеге асыру ұсынылады.

Атырауда табиғи нысандардың ластану және қалдықтарды қайта өңдеу проблемалары байқалады. Осының салдарынан ащы иіс сезіледі. Тұжырымдамада қалдықтарды реттеу, қоршаған ортаны ластау жөніндегі жұмыс тобын құру, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша бастамаларды енгізу, табиғи объектілерді ластанудан тазарту ұсынылды.

Тұжырымдамада қаланың логотипі мен брендіне ерекше назар аударылды.

«Атырау қаласының елтаңбасы оның логотипі ретінде қолданылады. Бүгінде Атырау қаласының өз бренді жоқ және өз логотипі, фирмалық гүлдері жоқ. Сондықтан, қаланың сыртқы келбеті, жарнама маңдайшалары және басқалары әртүрлі және бытыраңқы көрінеді», — деді А. Саудов.

Оның айтуынша, қаладағы қасбеттер мен маңдайшалар әр түрлі болып келеді, әр қайсының өз стилі бар. Әр объектінің түр-түсі мен қаптама материалдары әр текті. Әр дүкеннің маңдайшалары өз стилінде жасалған.

«Атырауда бірнеше тарихи аудан бар, мысалы, Жилгородок. Аудан сақталған, бірақ оның тарихи әлеуеті ашылмаған», — А. Саудов.

Оның айтуынша, ауданда нысандардың 75%-ы апатты жағдайда, 15%-ы қараусыз қалған және 10%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Қалаішілік туризмді және тарихи аудандарды дамыту үшін тарихи аудандарды қайта жаңарту, қонақ үйлер, коммерциялық үй-жайлар түрінде туристік инфрақұрылым құру, жайлы жаяу жүргіншілер ортасы мен көлік қатынасын жолға қою ұсынылады.

«Атыраудың табиғаты бірегей, бірақ табиғи нысандар қолжетімді емес жерлерде орналасқан, бұл туризмнің дамуына кедергі келтіреді. Туристік ұйымдардың дамуын ынталандыруды, жолдарды жөндеуді және туристік маршруттар құруды ұсынамыз. Мысалы, Сарайшық – Жайық өзенінің оң жағалауындағы XII-XVI ғасырлардағы көне қала», — деді А. Саудов.

Қолданыстағы әуежай жүктемесін азайту және қаланы Қазақстан аумағында және одан тыс жерлерде ілгерілету үшін әуежайдың жаңа терминалын ашу ұсынылады.

 

Ақтаудың әлеуеті — туристік инфрақұрылымда

Ақтау — теңіз жағалауында орналасқан Қазақстанның жалғыз қаласы, ол қазақстандық урбанистикаға жаңа серпін берді. Ақтау қаласын трансформациялау тұжырымдамасын таныстыра отырып, Қауымдастық мүшелері Ж. Сүйіншәлиев пен Е. Балқыбеков бірінші кезекте қаланың туристік әлеуетін атап өтті. Олардың айтуынша, қаланың барлық әлеуеті туристік инфрақұрылымда, қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлылығында жатыр. Урбанистика тек қолайлы қалалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамытумен ғана шектелмейді.

Жайлы және орнықты қалалар қаланың тiршiлiгiн қамтамасыз етудiң барлық жүйелерiнiң орнықтылығын, атап айтқанда, кеңiстiктердi қайта жаңартуды көздейдi. Дәл солар Ақтау қаласында инженерлік желілерді де, қалалық ландшафтарды да қайта жаңғырту басымдығының негізін қалады. Іс жүзінде урбанистер мұны «жер үстіндегі және оның астындағы нәрсе» деп атайды.

«Қайта құруды дәйекті түрде жүргізу керек. Алдымен инженерлік желілер, әрі қарай көшелерді трансформациялау қажет», — деді Ж. Сүйіншалиев.

Қала құрылғалы бері желілерді қайта жаңарту іс жүзінде жүргізілмеген. Бүгінгі таңда инженерлік желілердің жалпы ұзындығы 1 200 км-ден астамды құрайды. 2012-2015 жылдар аралығында ұзындығы 74 км немесе жалпы көлемнің 6% инженерлік желілерді жаңғырту жүргізілді.

  • жылумен жабдықтау – 464,4 км (тозуы – 84%);
  • сумен жабдықтау – 437,8 км (тозуы – 82%);
  • кәріз жүйесі – 329,6 км (тозуы – 80%).

Олардың орташа тозуы 80%-дан астамды құрайды. Сөз сөйлеушілердің айтуынша, желілерде тозудың жоғары болуына байланысты 2021 жылы қала бойынша күніне 1495 апат немесе 4 жүйеде жарылу болған.

Желілердің тоқтауы және жөндеу жүргізу су мен жылу беруді, оның ішінде жылыту маусымы кезеңінде ажыратуға әкеледі. Осының бәрі Ақтау қаласының тұрғындарын наразылығын тудырады. Сонымен қатар, қаланы жылу энергиясымен қамтамасыз ету мәселесі өткір болып отыр. Бүгінде қаланың қарқынды дамуына байланысты жылу энергиясына қажеттілік шамамен 750 Гкал/сағ құрайды. Алайда, «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС жылу энергиясының жалғыз көзі шамамен 500 Гкал/сағ өндіріледі, бұл ретте тапшылық 250 Гкал/сағ немесе қаланың үшінші бөлігін құрайды. Осыны ескере отырып, облыс орталығының аумағында қазандықтар салу бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет. Осыған байланысты, қазіргі уақытта әкімдік Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, аталған проблемаларды шешу бойынша мәселелерді пысықтауда.

Сөз соңында сөз сөйлеушілер урбанистика тек жайлы қалалар мен қоғамдық кеңістіктерді дамытумен шектелмейтінін атап өтті. Қаланың одан әрі дамуы курорттық аймақтарды, жаңа әлеуметтік объектілерді, жаңа инфрақұрылымды құруды білдіреді — мұның бәрі инженерлік-көлік желілерін ауыстыру кезінде ғана мүмкін болады. Қазіргі уақытта көптеген қалалардың экономикасы өсуінің негізгі драйвері іскерлік, ішкі және халықаралық туризмді тарту болып табылады. Осыған байланысты жоғары деңгейлі модельді трансформациялаудың негізгі басымдығы қоғамдық кеңістіктерді өзгерту — тұру және туристерді тарту үшін қолайлы қаланы қалыптастыру. Бұл бірінші кезекте қала ішінде жаяу жүргіншілер мен көлік дәліздерін қалыптастыруды, қоғамдық кеңістіктерден қол үзбейтін байланысты аймақтарды құруды білдіреді.

«Қазіргі уақытта қоғамдық кеңістіктер мен саябақтар жалпы қалалар мен жекелеген қалалық кварталдардың тартымдылығын арттыруда маңызды рөл атқарады, атап айтқанда, адамның өмір сүру сапасына тікелей әсер етеді», — деді Ж. Сүйіншәлиев.

Оның айтуынша, қаланың саябақтары мен қоғамдық кеңістіктері қаланың жан дүниесінің ажырамас бөлігі болып қана қоймай, қаланың қаржылық жағдайына да үлкен әсер етеді. Мысалы, саябақтар айналадағы үйлердің мүлкінің құнын арттырады, бұл мүлік салығының ұлғаюын туындатады. Олар ауаның ластануын азайтады және нөсер ағындарын басқаруға көмектеседі. Бұл өз кезегінде ақшаны үнемдеуге мүмкіндік береді.

Жасыл кеңістік белсенді өмір салтын ынталандыруға және өз кезегінде денсаулық сақтау шығындарын жанама азайта отырып, стресті төмендетуге көмектеседі. Танымал саябақтарға баратын көптеген туристер бизнес пен қала билігі үшін қосымша табыс көзі болуда. Саябақтарға келушілердің келуі, қоғамдық кеңістіктердің аумақтарында түрлі әлеуметтік топтардың адамдары кездесетін түрлі іс-шараларды өткізу әлеуметтік капитал мен қоғамдастық сезімін және қала өміріне қатыстылығын қалыптастырады. Саябақтар көбіне белсенді қызметті ынталандыру үшін емес, тек қана қала тұрғындарының тыныш демалысы үшін құрылған инертті нысандар ретінде қарастырылады. Саябақтарды олардың құнын есепке алмай қарау қате болып табылады. Қаланың саябақтары мен қоғамдық кеңiстiктерi қала өмiрiнiң әртүрлi салалары үшiн табыс жинақтайтын және жинақтар қалыптастыратын актив болып табылады.

Қауымдастық қалалық кеңістіктердің, көлік және жаяу жүргіншілер дәліздерінің байланыстылығын білдіретін 20-дан астам жобаны, жағалаудан Ақтау қаласының орталық аудандарына дейін дәліздер құруды ұсынды. Оларды құрудың дәйектілігі қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға және қаланың туристік әлеуетін арттыруға барынша бағытталған.

«Бұл ретте қоғамдық кеңістіктерді трансформациялауға салынған әрбір теңге алдағы 3-5 жылда 3-4 теңгені құрауы тиіс екенін ескеру қажет», — деді Ж. Сүйіншәлиев.

Оның айтуынша, қоғамдық кеңістіктерді дамытуда тағы бір маңызды басымдық жаяу жүргіншілер аймағы болуы тиіс. Қала жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер үшін жайлы болуы тиіс. Кез келген қала — бұл машиналар үшін емес, адамдар үшін қала, қалада ғимараттар емес, олардың арасындағы кеңістік маңызды.

Жаяу жүргіншілер кеңістігі әр түрлі елдердегі заманауи қалаларды көбірек жаулап алуда. Қытайдағы (Гуанда, Цин Чжэнь көшесіндегі саябақ), Испаниядағы (Мадрид қаласы), Украинадағы (Днепр қаласындағы Екатеринослав бульвары) жаяу жүргіншілер променадалары жақсы мысал бола алады, олардың ұзындығы Ақтауда орналасқандардан әлдеқайда аз, алайда олар анағұрлым тиімдірек және көркемірек орналастырылған. Ұзындығы 1,3 шақырымды құрайтын Алматыдағы Панфилов көшесін тиімді жаяу жүргіншілер променадының отандық мысалы ретінде келтіруге болады.

 

Ақтау жағалауы — қаланың мақтанышы

Қолданыстағы жағалаудың ұзындығы – 3,1 км, ауданы – 11,73 га. Демалушылар үшін инфрақұрылымдық рекреациялық шешімдерді енгізе отырып, жағалауды ауданы 3,65 га, 1,8 км ұзарту ұсынылады. Жағалауды реформалау негізінде Мармарис, Аланья, Варшава және т.б. сияқты әлемдік тәжірибелерді қолдану жоспарлануда, өйткені осы қалалардың кейстері өз тиімділігін көрсетті.

Жақсы жобаланған жағалау қалалық көлік және жаяу жүргіншілер құрылымының бір бөлігіне және қаланың «жасыл» қаңқасының бір бөлігіне айналады, бұл сөзсіз көптеген адамдарды жаңа қоғамдық кеңістікке тартады. Тиісінше, жағалаудың қоршаған ортасы да дамуда, қызмет көрсету және сауда функциялары, жалпы тамақтану, көлік инфрақұрылымы, қоғамдық көлік пайда болып, кеңейтілуде.

«Сапалы жасалған жағалаудың арқасында қала жаңа өмір сүруге, қарқынды дамуға түрткі бола алады. Мұндай тәжірибе Еуропада айтарлықтай танымал, онда қайта жаңартылған жағалаулар өздеріне жүктелген функцияларды өте жақсы орындап, қалаға туристер мен инвестициялар тартады», — деп атап өтті Е. Балқыбеков.

Мысалы, Ванкуверде 10 жыл ішінде жағалауды салуға $500 млн жұмсалды, келесі 8 жыл ішінде барлық шығындар толық өтелді. Қазір қала табыс табуда, өйткені осы уақыт ішінде жұмыс орындары, рекреациялық алаңдар құрылды, бұл туристер мен жергілікті тұрғындардың тартылуына ықпал етті. Осылайша, жағалау болашақта тек қана өсетін қала экономикасының генераторына айналды.

Сондай-ақ, Қауымдастық Ақтау қаласында қоғамдық кеңістіктер құруға бағытталған бірқатар жоба ұсынды. Сонымен, креативті хаб үшін жаңа кеңістік салу (қайта құру) ұсынылады. Бұл ретте құрылыста эко-мәдениетті дамыту - CLT-элементтерден жасалған креативті хаб объектілерін салу жоспарлануда.

4 колледж базасында креативті индустриялар орталығын құру ұсынылады, ол бірнеше блоктан: білім беру, креативті кәсіпкерлікті қолдау орталығы, студиялары, қажетті жабдықтары мен бағдарламалық қамтамасыз етуі, ивент-алаңы және заманауи мультифункционалды галереясы бар кәсіби воркспейстерден тұратын кешен. Сондай-ақ, ғимаратқа іргелес жатқан аумақты іске қосу жоспарлануда.

Жаңартылған қоғамдық кеңістік шабыттандыруға, біріктіруге, қала өмірінің орталығы болуға және тұрғындар үшін жайлы, ашық кеңістік болуға арналған.

Ұсынылатын жобаға тән:

  • стандартты емес интерьерлік шешімдер;
  • опенспейстер;
  • жинақталған шеберханалар мен студиялар;
  • іргелес жатқан аумақты функционалдық жайластыру.

Креативті индустриялар орталығын құру аясында жаңа балалар және спорт алаңдарын құру ұсынылады. Қалалық спорт – воркаут, скейт-алаңдар, йога, көше билеріне арналған аймақтар, баскетбол және футбол ойындары - қаланың түкпір-түкпірінен балаларды бірнеше аудандарға жинап, қалалық спорт кеңістіктерінде сапалы уақыт өткізуге мүмкіндік береді.

Қала тұрғындарының спортқа қызығушылығын қолайлы және қауіпсіз жағдайлар мен спорттық инфрақұрылым жасау арқылы арттыруға болады. Жағалау аймағында триатлон-парк құру ұсынылады. Климаттық жағдайлар мен ерекше табиғи ландшафт, теңіз жағалауында орналасуы спортпен айналысуға мүмкіндік береді. Тек дамыған кеңістіктер қажет.

 

Салауатты халық — бақытты халық

«Егер қала біртұтас ағза болса, онда сыртқы жарықтандыру оның барлық түнгі бейнесін жасауы керек. Ең бастысы – жарықтандыру мәселесіне ойластырылған, ұғынықты, тұжырымдамалық көзқарас», — деді Е. Балқыбеков.

Оның айтуынша, ғимараттарды сәулеттік жарықтандыру ақпараттық-имидждік жүйенің ажырамас бөлігі, жарнама мен жарық дизайнының қуатты құралы болып табылады. Бұл жалпы түнгі қаланың бейнесін жасауда маңызды рөл атқарады. Қасбеттердің сәулеттік жарықтандыруы ғимараттарға баса назар аудартады, жеке элементтерге көңіл бөліп немесе кемшіліктерін жасыруға көмектеседі.

Жарық адамға көрінетін заттық мазмұнымен толыққан кеңістікті құрайды. Сәулет объектісінің немесе саябақ аймағының барлық артықшылықтарын тек жарық көрсете алады және оларды шынымен ерекше етеді. Қаланы сәулеттік-көркемдік жарықтандырудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу, көшені жарықтандырудың сапалы энергия үнемдейтін және энергия тиімді моделін құру және ұсыну жоспарлануда.

 

«Берекелі бастама»: урбанистер Ақтау қаласын трансформациялау бойынша ұсыныстарды онлайн-жинау платформасын таныстырды

Q88 Қазақстанның урбанистер қауымдастығының атқарушы директоры Алина Әбдірахманова өз сөзінде жаңа диалогтық тұғырнаманы таныстырды.

«Урбанистика ғылым және қалаларды басқарудың әлемдік тәжірибесі ретінде кез келген жүргізіліп жатқан реформалардың табыстылығының 40%-ы тиімді құрылған коммуникация арналары мен тұрғындармен диалогқа байланысты екенін көрсетеді», — деді А. Әбдірахманова.

Оның айтуынша, Q88 урбанистер қауымдастығының рөлі — мемлекетпен диалогқа сарапшылар қауымдастығын, тұрғындарды, қоғамдық ұйымдарды тарту және сындарлы коммуникация үшін алаң құру. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бастамасы бойынша «Q88» Қазақстанның урбанистер қауымдастығымен бірлесіп «Берекелі бастама» платформасында Ақтау қаласының нысандарын реформалау бойынша дауыс беру басталуда, онда әрбір тіркелген қатысушы Ақтауды трансформациялау идеясын ұсынып, ұнаған шешімге дауыс бере алады. Ақтау еліміздің батысындағы жайлы да ыңғайлы мекенге айналуы тиіс.

Маңғыстаудың тарихи қалыптасқан ерекшелігі бар. Оны 360 әулиенің мекені деп атайды, өйткені мұнда қазақ халқының 360 әулиесі жерленген. Ақтауға (Форт Шевченко) бүкіл Одақтың ең ойлы мамандары теңіз жағасында керемет қала салу үшін келді. 2020 жылғы мәлімет бойынша қала тұрғындарының саны 192 494 адамды құрайды. Қалада көшелер мен шағын аудандардың атауы жоқ, мекен-жайлары тек сандармен көрсетіледі.

«Ақтауда ерекше табиғи ландшафты бар, ауа райы қолайлы, қыс мезгілінде климаты жұмсақ. Бұл жағдайлар туристердің келуіне, ШОБ дамуына, халықтың лайықты өмір сүру деңгейіне ықпал етеді», — деді А. Әбдірахманова.

Оның айтуынша, қала тұрғындары, өкінішке орай, Ақтау – қоғамдық кеңістіктер, спорттық және балалар демалысы үшін орындар саны жеткіліксіз, жаяу жүргіншілерге қарағанда көліктерге көбірек бағытталған бетоннан жасалған қала. Платформа арқылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі азаматтарды диалогқа шақырады, онда Ақтау қаласының әрбір тұрғынының, қала инфрақұрылымын тікелей пайдаланатын адамдардың пікірі назарға алынады. Әр тұрғын өз қалаларының болашағына қатысты шешім қабылдауға қатыса алады.

«Дауыс беруге барлық қазақстандықтар қатыса алады. Дауыс беру жобалық ұсыныстар сайтында өтеді, дауыс беру және олар Қазақстан қалаларында іске асырылады (budget-uchastiya.kz)», — деді А. Әбдірахманова.

Оның айтуынша, қатысушылар ұсынылған әрбір жоба бойынша пікір қалдыра алады, сондай-ақ ұнаған жобаға дауыс бере алады. Бүгінгі таңда платформада ҚР ИИДМ және қауымдастық сарапшылары ұсынған дауыс беру жобалары бар:

  • жағалау;
  • «Нұр-Сұлтан» алаңы;
  • жағалаудағы бульварлар;
  • ботаникалық бақ;
  • «Ақбота» паркі;
  • жаяу серуендеуге арналған променад;
  • Ақтау қаласының инженерлік желілерін қайта құру.

«Соңғы оқиғалар, соның ішінде елдің оңтүстік өңірлері мен жақын жатқан мемлекеттердегі электр энергиясының жаппай өшірілуі тіршілікті қамтамасыз етудің үздіксіз жүйесіне (сумен жабдықтау, жылу беру, электр энергиясы) басымдыққа ие екенін және оған жоғары тәуелділік барын көрсетті», — деді А. Әбдірахманова.

Инженер-көлік жүйелері қаланың «қан тамырлары» іспетті. А. Әбдірахманова атап өткендей, оларды уақытылы ауыстыру, «қан тамырлары қабырғаларының» қуатын сақтау және ұқыпты пайдалану өте маңызды. Әр сөйлем әлемдегі ең үздік ұқсас мысалдары келтірілген анықтамалықпен және иллюстрациялармен қамтамасыз етілген.

Ұсыныстарды жинау мерзімі — 2 апта. Бұдан соң онлайн-дауыс беру өтеді, оның қорытындысы бойынша жобалар іске асырылатын болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу