Қазақстандық тауарлардың біріңғай тізімін құруды көздейтін заң жобасына бастама жасалды – СИМ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықбаев ішкі нарықты қорғау және отандық өндірушілерді қолдау тақырыбы бойынша баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында жаңа өнеркәсіптік саясатқа көшуді, мықты өнеркәсіптік тірек пен экономикалық тұрғыдан өзін-өзі қамтамасыз етуді, жоғары дәрежеде қайта өңдейтін кластерлерді құруды, елішілік құндылықты арттыру міндетін қойды. Елдегі өндірістік циклды тұйықтауды, ал мемлекеттік қолдауды технологиялық күрделілік деңгейі бойынша саралауды тапсырды. Бұған дейін еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері жөніндегі кеңейтілген кеңесте Президент олардың тиімсіздігіне байланысты Қазақстаннан шыққанын растау тетіктерін қайта қарауды тапсырды», — деп бастады сөзін Қайрат Балықбаев.

Негізі мемлекеттік қолдау бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу аясында ұсынылған, яғни «Самұрық-Қазынаның», «СК-Фармацияның» дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұзақ мерзімді сатып алулары, тауарларды, оның ішінде еркін қоймалар мен еркін экономикалық аймақтан ЕАЭО елдеріне экспорттау кезінде шығындарды өтеу бизнестің тек СТ КЗ және индустриялық сертификаттарын ұсынған жағдайда ғана көрсетіледі. Бұл сертификаттардың әрқайсысы өз кезеңінде отандық өндірушілерді қолдауда белгілі бір рөл атқарғаны сөзсіз.

Сонымен қатар бүгінде бұл құралдардың әрқайсысының өзіндік кемшіліктері бар. Мәселен, бүгінге:

  • аталған сертификаттар белгілі бір дәрежеде бір-бірін қайталайды, бұл өндірушілердің оларды алуға шығындарының өсуіне әкеп соғады;
  • сараптамалық ұйымдарға олардың біліктілігі мен жауапкершілігін, сондай-ақ салалық ерекшеліктерін растайтын талаптар жоқ;
  • өндірістің нақты бар-жоғын тексерудің мүмкіндігі жоқ;
  • қазақстандық өндірісті растау жүйесі нақты технологиялық операцияларды растаудың орнына негізінен елішілік құндылық үлесіне және адвалорлық үлесті есептеуге негізделген;
  • әр түрлі сертификаттарды алу және кейіннен әртүрлі тізілімдерге енгізу талабы;
  • өндірісті растау үшін барлық интеграциясы бар бірыңғай мемлекеттік ақпараттық база жоқ.

«Осыған байланысты бүгінгі таңда ҚР Парламенті Сенатының депутаттары қазақстандық тауарлардың біріңғай тізімін құруды көздейтін “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тауарлардың шығарылған елін айқындау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңның жобасына бастама жасады», — сауда және интеграция вице-министрі.

Заң жобасы КЗ СТ сертификаттары мен Индустриялық сертификаттың орнына қазақстандық тауарлар тізілімін құруды, сондай-ақ салалық мемлекеттік органдардан оқшаулау үлесін арттыруға, өндірілетін тауарлардағы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға және шығу тегін (өндірісін) растау тетігінің ашықтығына бағытталған өндіріс жағдайларын қалыптастыруды көздейді.

Вице-министр атап өткендей, мемлекеттік қолдау шараларын, бірінші кезекте, Тізілімге мәліметтері енгізілген өндірушілерге тауардың қазақстандық шығу тегі туралы мәліметтердің жалғыз көзі ретінде ұсыну көзделеді.

Тауарлар тізілімі – толық цифрландыруды, өндірісті растау өлшемшарттарын цифрландыруды, сараптаманы цифрландыруды, сондай-ақ басқа мемлекеттік АЖ-мен интеграцияларды ескере отырып, форматты-логикалық бақылауды көздейтін бірыңғай мемлекеттік ақпарат жүйесі. Заң жобасын қабылдау биылға жоспарланып отыр.

Сауда және интеграция вице-министрінің айтуынша, бүгінгі таңда елішілік құндылық үлесі (ЕҚҮ) СТ-KZ тауарларының шығу тегін растайтын сертификаттарды беру кезінде айқындалады және сауда және интеграция министрлігінің бұйрығымен бекітілетін формула бойынша есептеледі.

Елішілік құндылық үлесі Мемлекеттік сатып алу кезінде, «Самұрық-Қазына» қорының компанияларын сатып алу кезінде, медициналық бұйымдар мен дәрілік заттарды сатып алу кезінде, жер қойнауын пайдалануға, өнеркәсіптік саясат саласында және басқа да салаларда келісім-шарттарды орындау кезінде ескеріледі.

Іс жүзінде елішілік құндылық үлесі қандай да бір өнімде немесе жалпы алғанда – сатып алынатын тауарлар көлемінде «қазақстандық үлесті» анықтауға бағытталған. Өзгерістер оқшаулауды тереңдетуге, шикізат, жинақтауыштар өндірісін, сондай-ақ тікелей Қазақстанда орындалатын технологиялық операциялар санын ұлғайтуға бағытталған. Және елшілік құндылық үлесін есептеуді реттейтін негізгі құжатқа немесе ЕҚҮ қатысты болады. 

Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі 2024 жылғы 23 ақпандағы №108-НҚ бұйрығымен елішілік құндылық үлесін есептеу әдістемесіне өзгерістер енгізілді. Жергілікті қамту үлесінен тасымалдау мен логистикаға арналған шығындар, өндірістік процеске байланысты емес басқару және шаруашылық шығындар, өнімді өткізуге арналған шығыстар, сондай-ақ дайын өнімге арналған қосымша құн салығы мен оны өткізу кезіндегі пайда есептелмейді.

«Осылайша, есептеу әдiстемесiн жетiлдiру көптеген сала үшiн маңызды, өйткенi өзгерiстер бiрiншi кезекте нақты тауарлардағы да, тұтастай алғанда, сатып алудағы да ЕҚҮ нақты көрсеткiштерiне қол жеткiзуге бағытталған. Бұл өзгерістердің барлығы осы жылдың сәуір айының соңынан бастап енгізіледі», — деді сауда және интеграция вице-министрі.

#Заң жобалары #Сауда #ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу