Мемлекеттік сатып алу рәсімдері 100% электрондық форматқа ауыстырылды — Д. Кеңбейіл

20 мамырда ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметінде» өткен баспасөз конференциясында ҚР қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл баяндама жасап, мемлекеттік сатып алу саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Қаржы вице-министрінің айтуынша, мемлекеттік сатып алу саласында қаражат айналымы үлкен. Сол себепті бұл салада сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында Мемлекеттік сатып алу заңнамасын жетілдіру жұмыстары жүріп жатыр. Осы орайда соңғы бес жылда мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіруге бағытталған төмендегі шаралар қабылданған:

Мемлекеттік сатып алу процесін толық цифрландыру

Бизнес-процестерді автоматтандыру арқылы мемлекеттік сатып алудың барынша ашықтығы мен айқындығы қамтамасыз етілді. Мемлекеттік сатып алулардың 100%-ы және оларды жоспарлаудан бастап, төлем жасауға дейінгі рәсімдері электрондық форматқа ауыстырылды. Бейнебақылау енгізілді, енді объектіге бармай-ақ, оны онлайн режимде тексеріп отыруға болады. Сондай-ақ құқық қорғау органдарының толық қолжетімділігі қамтамасыз етілді. Толық автоматтандыру қоғамның мемлекеттік сатып алудың барлық рәсімдеріне, оның ішінде шағымдану және бақылау процесіне қол жеткізуіне жол ашты. 

Бір көзден сатып алу негіздері қысқартылды

Бұл бағытта тұрақты негізде жұмыс жүргізіледі. 2021 жылғы 15 қарашада мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша бір көзден тікелей шарт жасасудың төрт негізін қысқартуды көздейтін заң қабылданды. Сатып алуды бәсекелестік тәсілдермен басым жүзеге асыру туралы талап белгіленген, сондай-ақ тапсырыс берушінің бірінші басшыларының бір көзден сатып алуды жүзеге асырғаны үшін жауапкершілігі көзделген. Сондай-ақ 2022 жылғы 3 қаңтардағы бәсекелестікті дамыту мәселелері жөніндегі заңмен бір көзден сатып алудың тағы екі негізі алынып тасталды және төрт негіз бойынша бір көзден сатып алуды жүзеге асыру мәселелері қайта қаралды. Шарттарды тікелей жасасудың көрсетілген негіздерін алып тастау бір көзді тағы 50%-ға немесе сатып алудың жалпы көлемінің 20%-на дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, бір көзді негізсіз қолдану мақсатында 2019 жылдан бастап мемлекеттік сатып алу порталында заңда көзделмеген жағдайларда бір көзден шарт жасасуға мүмкіндік бермейтін форматтық-логикалық бақылау орнатылған.

Сатып алудың барлық процесі оңтайландырылды

Сатып алуды алдын ала өткізу мақсатында сатып алудың алдын ала жоспарлы институты көзделген. Бұл биыл бюджеттік комиссия мақұлдаған өтінім негізінде, бюджеттің бекітілуін күтпей-ақ, сатып алу рәсімдерін жүргізуге және келесі жылға шарттар жасасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ конкурс өткізу туралы алдын ала хабарландыруды жариялау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл өтінімдерді қабылдау мерзімін 15 күннен 7 күнге дейін қысқартуға жол ашады.

Рәсімдерді оңайлату мақсатында биылғы 1 шілдеден бастап негіздемелік келісімдерді пайдалана отырып, конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі, бұл сатып алу рәсімдерін 30 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік береді, ал қазір орташа ұзақтығы 2 ай болып отыр. Бұл тәсіл кеңсе тауарларын, ЖЖМ, байланыс қызметтерін және т. б. сатып алу сияқты стандартты (типтік) тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша пайдаланылатын болады. Атап айтқанда, бірінші кезеңде негіздемелік келісім жасалатын белгіленген талаптарға сәйкес келетін болашақ өнім берушілер іріктелетін болады. Бұл – нарықта өзін жақсы көрсеткен компаниялар. Екінші кезеңде тапсырыс берушілер мұндай өнім берушілерге тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға өтінімдер жібереді. Шарт ең тиімді ұсыныс жасаған өнім берушілермен жасалмақ. 

Сатып алудың бұл әдісі орталықтандырылған мемлекеттік сатып алуды кеңінен қолдануға бағытталған. Себебі әлеуметтік саланың тапсырыс берушілерін (мектептер, балабақшалар, интернаттар, емханалар және т. б.) мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушылар деңгейіне көтеріп, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізуден босату ұсынылды.

«Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету аясында Қаржы министрлігі деңгейінде бірыңғай апелляциялық орган құрылды. Бұл проблемалық мәселелерді жоғары деңгейде жедел және жүйелі шешуге көмектеседі, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай практика құрады. Бұдан басқа, шешім қабылдаудың айқындығы, тәуелсіздігі және бейтараптығы қамтамасыз етіледі», — деді қаржы вице-министрі.

Д. Кеңбейілдің мәліметінше, болашақ өнім берушінің қаржылық орнықтылығы бойынша біліктілік талабы енгізілді, ол мемлекеттік кірістер органдарының мәліметтері негізінде төрт параметр бойынша автоматты түрде айқындалады. Бұл тиісті салық жүктемесі, сондай-ақ жеткілікті материал және еңбек ресурстары бар, беделі жақсы компаниялардың сатып алуға қатысуын қамтамасыз етті. Осылайша, проблемалық компаниялар мен бір күндік фирмалар енді сатып алу процестеріне қатыспайды.

«Баға өлшемінің өнім берушіні таңдауға әсерін төмендету аясында шекті мәндер белгіленген, олардан төмен сатып алудың бөлінген сомасынан бағаны төмендетуге жол берілмейді. Бұл бағасы өте төмен өтінімдерді ұсынуға жол бермеу және сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру үшін жасалған», — деді ол.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту, сондай-ақ болашақ өнім берушілердің жұмыс тәжірибесі бойынша жалған ақпарат беру фактілерін болдырмау мақсатында электрондық депозитарий, яғни жұмыс тәжірибесін растайтын барлық құжаттардың электрондық базасы құрылған. Осы базаны толтыру бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Қазір верификация бойынша электрондық депозитарийге енгізілген мәліметтердің дұрыстығын тексеру жұмысы аяқталуға жақын.

Вице-министрдің айтуынша, электрондық депозитарий болашақ өнім берушілердің жұмыс тәжірибесін автоматты түрде есептеуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін, оның ішінде жалған ақпарат берумен байланысты тәуекелдерді болдырмауға мүмкіндік береді. Тиісінше, шағымдар азаяды.

Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру аясында 2021 жылғы 15 қарашадағы заңмен сатып алудың жаңа тәсілдері көзделген. Бұл – бір көзден сатып алу үлесін төмендетуге бағытталған электрондық дүкен арқылы сатып алу. Бұл тәсіл өнім берушілерді таңдаудың объективті және айқын критерийлерін қолданып, онлайн режимде сатып алуға мүмкіндік береді. Тауарларды электрондық дүкен арқылы сатып алуды қолданыстағы интернет-дүкендердің мысалында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы жүзеге асыру ұсынылады. Мемлекет басшысының қағаз құжат айналымын алып тастау және толық цифрландыру жөніндегі саясатын ескере отырып, сондай-ақ электрондық коммерцияны дамыту жағдайында бұл әдісті енгізу өте өзекті болып отыр.

Дәурен Кеңбейілдің мәлімдеуінше, электрондық дүкеннің ұсынылып отырған тетігі тапсырыс берушінің өзіне қажетті тауарды таңдауына мүмкіндік береді. Бұл ретте өнім берушіні айқындау нарықтағы ең үздік шарттар бойынша қолда бар ұсыныстар негізінде жүргізілмек.

Биылғы 1 қаңтардан бастап электрондық дүкен арқылы сатып алу құны 4 мың АЕК-ке дейінгі тауарларға ғана жүргізіледі. 

Рейтингтік-балдық жүйе пайдаланылатын конкурс. Сатып алудың бұл тәсілі мемлекеттік сатып алу процесіне адамның қатысуын толығымен алып тастауды көздейді және конкурстық комиссиясыз жүзеге асырылады. 

Мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб-портал болашақ өнім берушілерге автоматты түрде тиісті ұпайлар береді деп болжанады. Мысалы, жақсы беделге ие болғаны үшін тиісті ұпайлар автоматты түрде беріледі. Беделі нашар болғаны үшін теріс ұпайлар саналады. Осылайша, ең көп ұпайлардың негізінде мемлекеттік сатып алу веб-порталы автоматты түрде конкурс жеңімпазын анықтайды.

«Бұл баға мен сапа критерийлерін біріктіре отырып, өнім берушіні автоматты таңдауға көшуге мүмкіндік береді. Сапалы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мақсатында 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өмірлік циклі құнының есептемесі пайдаланылатын конкурс түрінде сатып алудың жаңа тәсілі енгізіледі», — деді Д. Кеңбейіл.

Вице-министрдің айтуынша, сатып алудың осы тәсілін жүзеге асыру кезінде өнім берушіні таңдау сатып алу бағасының негізінде емес, тауардың бүкіл қызмет ету мерзімінің құны негізінде жүзеге асырылатын болады. Бұл тәсілдеме сапалы және инновациялық өнімдерді сатып алуға ынталандырады.

«Қағазды басып шығаратын принтерді мысал ретінде алуға болады. Принтер сатып алу – ең оңай және қарапайым іс. Оның техникалық сипаттамалары мен өзге де жеткізу шарттарын оңай сипаттауға болады. Әдетте, принтер ашық конкурста сатып алынады, өнім берушіні таңдаудың басты критерийі – төмен баға. Бұл жағдайда конкурсқа қатысушыларға арнайы біліктілік талаптары қойылмайды, барлық техникалық сипаттамалар стандартты болып келеді», — деді спикер.

Жеткізушіні төмен баға және өмірлік цикл құны бойынша таңдау арасындағы айырмашылық тендерлік құжаттаманы әзірлеуді, бағалау критерийлері, өтінімдерді қарауды және оларды бағалауды қоса алғанда, сатып алу процесінің күрделілігінде жатыр. 

«Кәсіпкерлердің мүдделерін қорғау мақсатында жеткізушілерді сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізіліміне енгізуге байланысты дауларды соттан тыс реттеу енгізілді. Тапсырыс берушінің келісу комиссиясы өнім берушінің кінәсінің жоқтығын куәландыратын мән-жайлар болған кезде, оны тізілімнен шығару туралы шешім қабылдайды. Бұл соттарға түсетін жүктемені азайтуға, сондай-ақ дәлелденген себептер болған кезде өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылардың тізілімінен алып тастауға мүмкіндік береді», — деді қаржы вице-министрі.

Бұл орайда болашақ өнім берушілердің сатып алуға қатысуын жеңілдету мақсатында биылғы ақпанда Қаржы министрлігі ҚНРДА-мен бірлесіп, мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қамтамасыз ету шараларының бірі ретінде үлгілік сақтандыру шартын бекітті. Сақтандырудың басқа түрлеріне қарағанда, үлгілік сақтандыру шарты ең қолжетімдісі саналады және болашақ өнім берушілердің қаражатын тоқтатуды талап етпейді.

Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында мынадай шаралар ұсынылады:

  • Құрылыс нарығында монополияға жол бермеу, шағын және орта бизнес субъектілерін қолдау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, болашақ өнім берушілер үшін мемлекеттік сатып алуға қатысуға лимит белгілеу; Яғни, бірдей компаниялардың сатып алу жеңімпаздары болып танылауын болдырмау;
  • Сонымен қатар халықты жұмыспен қамту мақсатында үлкен жалақы қоры бар компанияларға артықшылық беру;
  • Мердігер бұрын мәлімделмеген қосалқы мердігерлерді тартқан жағдайда, шартты бұзу талабын енгізу, бұдан басқа, құрылыс объектісіне тартылған материал және еңбек ресурстарын бақылау және есептілік бойынша техникалық қадағалау міндеттерін заңнамалық түрде белгілеу;
  • Жоғары талаптарды белгілеу фактілерін болдырмау үшін жиі сатып алынатын, стандартталған тауарлар, жұмыстар, қызметтер бойынша үлгілік техникалық ерекшеліктерді кеңінен қолдану ұсынылады. 

Бұдан басқа, сапалы тауарларды сатып алу мақсатында ұлттық стандарттарды кеңейту және өзектендіру бойынша техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органмен жұмыс жүргізіледі.

«Бір көзден сатып алу негіздерін одан әрі қысқарту бойынша жұмыс жалғасады», — деді Д. Кеңбейіл.

Бұдан басқа, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын адал және ашық мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуге ынталандыру мақсатында олардың жұмысының тиімділігінің негізгі көрсеткіштерін енгізу жолымен бағалау ұсынылады. Атап айтқанда, оларды бір көзден алу үлесі, бұзушылықтар саны, үнемдеу үлесі, өткізілмеген сатып алулардың арақатынасы, күші жойылған сатып алулардың саны және т. б. сияқты параметрлер бойынша бағалау ұсынылады.

«Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар проблемалық салалардың бірі болып отырғанына қарамастан, мемлекеттік реттеудің серпінді дамып келе жатқан бағыттарының бірі саналады», — деп түйіндеді қаржы вице-министрі Дәурен Кеңбейіл.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу