Су ресурстары және ирригация министрлігі тасымалдау кезіндегі су шығынын 25%-ға азайтуды жоспарлап отыр – Нұржан Нұржігітов

Астанада су технологиялары мен ресурстары бойынша I халықаралық «Global water» форумы өтті. Су ресурстары және ирригация министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған ісшараға ҚР Президентінің кеңесшісі Қанат Бозымбаев, Delivery Unit кеңсесінің су ресурстары блогының басшысы Арман Тұрлыбек, сондай-ақ бейінді мемлекеттік органдардың, бизнестің, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, Австрия, Израиль, Финляндия, Франция және басқа мемлекеттердің су саласындағы жетекші сарапшылары қатысты.

Қазақстан мен Орталық Азиядағы су ресурстарын тиімді пайдалану мен қорғау мәселелері талқыланған форумда Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов еліміздегі су саласын трансформациялау бағыттында жүргізіліп жатқан негізгі жұмыстар туралы баяндап берді.

Ведомство басшысы еліміздегі су тапшылығы проблемасын шешу үшін екі негізгі құжат - жаңа Су кодексі және Үкімет қабылдаған су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленгенін атап өтті.

«Жаңа Су кодексінде су үнемдеу мәселесі маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, су ресурстарын ұтымды пайдалануға, су үнемдеу технологиялары мен суды қайта пайдалану жүйесін қарқынды енгізуге, сондай-ақ жерасты ауыз суларын мақсатсыз пайдалануға жол бермеуге басымдық беріліп отыр. Су саласындағы бұзушылық үшін жауапкершілік заң деңгейінде қатаңдатылады. Сондай-ақ, кодекске ауыз судың сапасын жақсартуға қойылатын талаптар енгізілді», – деді Нұржан Нұржігітов.

Мемлекет басшысы 2023 жылғы Жолдауында су шаруашылығы объектілерінің тозуы 60%-дан асатынын, ал, тасымалдау кезінде судың жоғалу көрсеткіші 40%-дан асатынын, су үнемдеу технологияларын енгізу процесі баяу жүріп жатқанын атап өтті.

Нұржан Нұржігітовтің сөзінше, аталған мәселелер су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында шешімін табады. Аталған тұжырымдама су қоймаларын салу және реконструкциялау, гидротехникалық құрылыстарды, ирригациялық жүйелерді реконструкциялау, су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу, сондай-ақ экология және көршілес мемлекеттермен трансшекаралық ынтымақтастық мәселелері бойынша бірқатар шұғыл шараларды көздейді.

Министрліктің алдында жоспар бойынша 9 облыс аумағында 20 су қоймасын салу және 9 өңір аумағында 15 су қоймасын реконструкциялау, 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту, 3,5 мың шақырым каналды цифрландыру міндеті тұр.

«Аталған ісшараларды іске асыру – тасымалдау кезінде судың өнімсіз шығынын 50%-дан 25%-ға дейін азайтуға, қолда бар су ресурстарын 2,4 текше шақырымға ұлғайтуға, сондай-ақ экономика салаларын кепілдендірілген сумен қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық құрылыстардың жай-күйін жақсартуға мүмкіндік береді», – деді министр.

Нұржан Молдиярұлы баяндамасында ауыл шаруашылығындағы суды үнемдеу мәселесі өзектілігін жоймайтынын атап өтті. Себебі, ауыл шаруашылығында суды тұтыну үлесі жалпы су қорының 65%-ын құрайды. Су алу және өнімсіз шығындар деңгейі туралы статистика суармалы егіншілікте суды ең тиімсіз пайдалану қарқыны байқалатынын көрсетіп отыр.

«Жағдайды түзету үшін, ең алдымен, суды үнемдеудің озық технологияларын енгізуді жеделдету керек. Фермерлерді су үнемдеу технологияларын қолдануға ынталандыру үшін біз Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп су үнемдеу жүйелерін орнатуға және тамшылатып, жаңбырлатып суару жабдықтарын сатып алу шығындарын субсидиялау үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жөнінде жұмыстарды бастадық. Бұл шара 2030 жылға қарай су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, еліміздегі суармалы жерлердің алаңдарын 1,3 млн гектарға немесе 50%-ға дейін жеткізуге ықпал етеді. Қазақ Су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бағалауы бойынша бұл шамамен 2,1 текше шақырым су үнемдеуге, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының өнімділігін 1,5-2,0 есеге арттыруға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Нұржан Нұржігітов.

Ведомство басшысы ел экономикасының секторларында су ресурстарын қайта пайдалану мәселесіне де тоқталып өтті.

Мамандардың есебіне сүйенсек, экономика салаларының қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жыл сайынғы су тұтыну шамамен 25 текше шақырымды құрайды, оның 65%-ы ауыл шаруашылығының, 25%-ы өнеркәсіптің, 4,3%-ы коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалады.

Республиканың өнеркәсіп секторы жылына орта есеппен 5,9 текше шақырым таза суды тұтынады, оның ішінде су бұру 4,9 текше шақырым (су объектілеріне 4,7 текше шақырым) және 1,1 текше шақырым су – бұл қайтарымсыз тұтыну. Өнеркәсіпті айналымдағы сумен жабдықтау көрсеткіштері жылына орта есеппен 9 текше шақырымға жетеді, ал қайта сумен жабдықтау 1 текше шақырым суды құрайды.

«Осылайша, өнеркәсіп орындары алатын 5,9 текше шақырым жалпы таза судың 17%-ы қайта пайдаланады және біз 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті 50% - ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ведомство басшысы.

Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге су алудың барлық көлемінен 1,3 текше шақырым су жұмсалады. Министрдің сөзінше, суды қайта пайдалану тиімділігін арттыру үшін барлық негіздер бар.

«Ең алдымен, бұл жергілікті тазарту құрылыстарын, атап айтқанда, автокөлік жуу және жөндеу орталықтарында, өндірістік кәсіпорындарда және т.б. енгізу, бұл орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауыз суды тұрақты қоспай және тұтынбай суды қайта пайдалануға мүмкіндік береді. Осыған байланысты министрлік суды қайта пайдалану жүйесі жоқ ұйымдардың осындай жүйелерге көшу жоспарларын ұсынуы үшін жұмыс істейтін болады», – деді ол.

Министрлік су саласын институционалдық, ғылыми, кадрлық және халықаралық нығайту бағытында жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Үкімет «Каспий теңізінің Қазақ ғылыми-зерттеу институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамын құрды, ол теңізді сақтау мақсатында жан-жақты зерттеумен айналысатын болады. Сондай-ақ, ел экономикасындағы жер асты суларының әлеуетін арттыруға және олардың пайдаланылуын бақылауды күшейтуге бағытталған Ұлттық гидрогеологиялық қызмет құрылуда.

Бұдан бөлек «Болашақ» білім беру бағдарламасына «Гидрогеология», «Су ресурстары» және «Су қауіпсіздігі» сияқты жаңа су мамандықтары енгізілді. Қазақстандық студенттер осы жылдан бастап аталған мамандықтар бойынша шетелде білім ала алады.

Нұржан Нұржігітов «Global water» форумы су саласындағы мәселелер бойынша тәжірибе, білім және идея алмасу, сондай-ақ түрлі мүдделі тараптар арасында серіктестік байланыстар мен ынтымақтастық орнату үшін бірегей алаңға айналатынына сенім білдірді. Сондай-ақ, министрлік өкілдері форум аясында айтылған ұсыныстарды назарға алып, жұмыс барысында міндетті түрде зерделейтінін мәлімдеді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу