Тұрғын үй мәселесі: субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қабылданады

23 мамыр күні ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Азаматтардың жекелеген санаттарының тұрғын үй мәселелері» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Шара барысында «Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ляззат Ибрагимова «Отбасы банк» арқылы баспаналы болудың қыр-сырына тоқталып өтті.

«Отбасы банк» АҚ жалға берілетін тұрғын үй ақысын субсидиялауға өтініштерді қабылдай бастады. 

«2022 жылғы 18 сәуірден бастап жалға алу ақысын субсидиялау бағдарламасына қатыса алатын 70 мың үміткердің 61 мыңына “Отбасы банк” атынан өтініш беруге SMS-шақырту жіберілді», — деді Л. Ибрагимова.

Өтініштер оtbasybank.kz порталының «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде жолданады. 

Жалдау төлемдері бойынша мемлекеттік қолдауға төрт санат бойынша кезекте тұрған қазақстандықтар өтініш бере алады:

  1. І және ІІ топтағы мүгедектер;
  2. мүмкіндігі шектеулі балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
  3. жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар;
  4. көп балалы отбасылар.

Жалдау ақысын субсидиялауға үміткерлер қатарындағы отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда бір ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы тиіс.

Субсидия алуға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) көмегімен қабылданады. Сондықтан азаматтар оны алдын ала алуы керек немесе қолданыстағы ЭЦҚ-ның жұмыс істеп тұрғанын тексеруі керек. 

«Тағы бір талап – субсидия алуға үміткерлердің “Отбасы банкінде” депозиті болуы тиіс. Жинақ шоты жоқ азаматтар видеобанкинг қызметі немесе «Otbasybank» мобильді қосымшасы арқылы оны аша алады», — деп нақтылады Банк төрайымы. 

Депозит болашақта баспана алу үшін ашылады, оны кезекте тұрған адам жалдау төлемдері тоқтатылғаннан кейін сатып ала алады. Енді ол мүмкіндігінше қаражатын үнемдей алады, сонымен қатар ертеректе ашылған депозит оның тұрғын үйге қолжетімділік сатысының келесі баспалдағына өту кезінде құнды артықшылық болады. Субсидия алуға үміткер otbasybank.kz порталында тіркеліп, жеке кабинетінде өтініш жаза алады.

Ол үшін, ең алдымен, төлемдерді алу туралы өтінішке қол қояды және жеке деректерді жинауға және өңдеуге келісім береді. Құжаттарға қол қойылғаннан кейін жүйе деректерді өңдеп, отбасының құрамын анықтайды. Содан кейін кәмелеттік жасқа толған әрбір отбасы мүшесі otbasybank.kz сайтында «қонақ» ретінде тіркеліп, ЭЦҚ арқылы жеке деректерді жинау және өңдеу келісіміне қол қоюы керек. Осыдан кейін жүйе деректерді қайтадан тексеріп, өтініш берушіге субсидия алуға келісім береді немесе себебін түсіндіріп, өтінішін кері қайтарады. 

Егер өтініш мақұлданса, хабарламада жалға алу аймағы, пәтер ауданы, жалдау ақысының максималды мөлшері мен қатысушыға тиесілі ең жоғары субсидия көлемі көрсетіледі.

Осыдан кейін «Пәтер иесі туралы деректер» бөлімінде өтініш беруші жалға берушінің ЖСН-ін немесе БСН-ін көрсетуі керек және осы сәттен бастап процесс жалға алынатын тұрғын үйдің иесі қосылатын екінші кезеңге өтеді.

Л. Ибрагимованың айтуынша, баспананы жалға беруші де otbasybank.kz сайтында ЭЦҚ арқылы тіркеліп, «Жалға алу ақысын субсидиялау» бөлімінде деректерін растайды. Сондай-ақ жеке деректерді жинау және өңдеу туралы өтінішке қол қойып, жалға берілетін пәтердің кадастрлық нөмірін және қаражат аударылатын 20 сандық шотты көрсетуі керек. Осыдан кейін жүйе жалдау шартын және төлем кестесін жасап шығады, оған тараптар ЭЦҚ арқылы қол қояды.

Субсидия алуға өтініш беруші жалдау шартын тіркегені үшін мемлекеттік баж төлейді. Содан кейін оның жеке кабинетінде төлем кестесі бар жалдау шарты пайда болады.

«Жалдамалы баспананы қазақстандықтар өздері іздейді. “Отбасы банк” жалдамалы тұрғын үй субсидиясын жалға алу келісімшартының мерзімі аяқталғанша, ай сайын аударып отырады. Құжаттың күшін мерзімінен бұрын жоюға, сондай-ақ жаңа үй иесімен келісімшарт құруға рұқсат етілген. Бұл жағдайда otbasybank.kz порталында өтініш беру процесі қайтадан жасалады», — деп түсіндірді Л. Ибрагимова.

«Отбасы банк» АҚ жыл сайын субсидия алушылардың шарттарға сай келуіне мониторинг жүргізіп, төлем тәртібін ай сайын қадағалап отырады. Ал жергiлiктi әкiмдiктер жалдамалы үйлер мен онда тұрып жатқан азаматтарды кемiнде тоқсанына бiр рет тексеретiн болады.

Баспананы жақын туыстардан және жұбайлардан, оның ішінде бұрынғы жұбайларынан және ерлі-зайыптылардың туыстарынан жалға алуға, сондай-ақ қайта жалға өткізуге тыйым салынған.

«Бүгін біз аралық нәтижелерді қорытындылай аламыз. Бағдарлама басталған уақыттан бері барлығы 12 634 өтініш қабылданды, оның 5 903 бірегей өтініштер. Олардың ішінде 2 741-і мақұлданды. 690 өтініш бойынша қатысушының немесе оның отбасы мүшелерінің деректері тексерілуде, 51 өтініш бойынша қатысушы тек бастапқы деректерді ғана енгізген. 1 076 өтінішті қатысушылардың өздері жойған», — деді «Отбасы банк» басқарма төрайымы. 

6 860 өтініш кері қайтарылды. Өтінішті кері қайтару себептері әртүрлі. Басым көпшілігі тіркеу кезінде SMS арқылы жіберілген кодты енгізбеген қатысушылар. Кейбірінің жеке куәлігінің мерзімі өтіп кеткен, тағы біршама азаматтың атында жылжымайтын мүлік бар екені анықталған. Қалғандарының өтініштері Мемлекеттік кірістер комитетінде қарызы бар болуына немесе төлем талап-тапсырмалары берілгендігіне байланысты қабылданбады. 

Сонымен қатар кей азаматтардың отбасы мүшелерінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен жоғары болған, енді біреулері EGOV деректер базасынан табылмаған, арасында отбасы мүшелері туралы деректер табылмағандары да бар. Өтініш берушілердің арасында кезекте тұрғаны расталмаған адамдар да кездесті. 

«Сондай-ақ SMS жіберу/алу мүмкін болмаған, отбасылық жағдайы дұрыс көрсетілмеген, деректерді өңдеу келісіміне қол қойылмаған және техникалық себептерге байланысты өтініші қабылданбаған азаматтар да болды», — деп өзін түйіндеді Л. Ибрагимова. 

Анықтама: 

  • Атаулы көмек көрсету принципі азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделеді: 50% мемлекеттік субсидиямен қамтылады, қалған 50 пайызын алушының өзі төлейді;
  • Жалдау бойынша субсидия алуға үміткер отбасылардың соңғы 6 айдағы орташа айлық жиынтық табысының мөлшері отбасының әрбір мүшесі үшін 1 ең төменгі күнкөріс деңгейі = 37 389 теңгеден аспауы керек;
  • Субсидиялауға өтінімдер электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) қолдану арқылы қабылданады.

Бұған қоса, жалдау төлемдерін субсидиялаудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру ұзақ мерзімге есептелген. 

Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР ИИДМ Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Әзімбек Нәлібаев тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына тоқталып өтті.

Жаңа бағдарлама бойынша жалға алушының меншік құқығындағы тұрғын үйінің жоқтығы және 1 ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табысының болуы критерийлеріне сәйкестігі жыл сайын қайта тексерілетін болады.

«Алдағы кезеңде біз келесі 3 жылдағы жалға алу ақысын жабу үшін шығындарды қарастырамыз», — деді Ә. Нәлібаев.

Алдағы уақытта қаржыландырудың жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде ескерілетін болады.

Сондай-ақ жеңілдетілген несие беру бағдарламалары «Қуатты өңірлер – экономика драйвері» ұлттық жобасы аясында жалғасады.

Әзімбек Нәлібаевтың айтуынша, 2025 жылға қарай 60 мыңнан астам несиелік тұрғын үй салу және 46 мың жеңілдетілген несие беру жоспарда бар.

Биылдың өзінде 22 144 несие берілді, оның ішінде «Бақытты отбасы» жобасы бойынша қолдауға 4 658 отбасы, «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша 11 798 қатысушы, «5-20-25» бағдарламасы бойынша кезекте 3 260 адам тұр.

Сондай-ақ «Бақытты отбасы» жобасын жүзеге асыруға 51 млрд теңге бөлінді, бұл тағы 5 мың отбасын қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді.

«Біз жақын арада кіріс шектеулерін алып тастап, бағдарламалардың шарттарын біріздендіруді жоспарлап отырмыз, 10% көлеміндегі бірыңғай бастапқы жарна беріледі, “Бақытты отбасы” жобасына қатысушылардың шеңбері де өзгереді», — деді спикер. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу