Үкіметтік сейсенбі: Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру үшін қандай шаралар қабылданады

3 қыркүйекте Үкімет отырысында Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру шаралары талқыланып, 2019 жылғы егін жинау жұмысының барысы қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша баспасөз конференциясы өтті, онда журналистердің қызығушылық танытқан сұрақтарына ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров жауап берді. Үкімет кулуарында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында аталған бағыттар бойынша нақтылау сұрақтарына жауаптарын алды. 

Мемлекет басшысының «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауын іске асыру шаралары туралы ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – қаржы министрі Ә. Смайылов, Үкімет басшысының орынбасарлары Ж. Қасымбек пен Б. Сапарбаев баяндады.   

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыруды толығымен қаржылай қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажеттігін айтты.


«Президент тапсырмаларын орындауға барлық бірінші басшылар дербес жауапты екенін назарларыңызға саламын. Атап айтайын, әрбір тапсырмасының орындалуы қатаң бақылауға алынып, орындалуының нақты мерзімі белгіленуі қажет. Біз қойылған міндеттерді тиімді шешу бойынша үйлесімді жұмыс жүргізуіміз керек», — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы 7 қыркүйекке дейін Мемлекет басшысының Жолдауында алға қойылған міндеттерді іске асырудың Жалпыұлттық жоспарының жобасын әзірлеуді тапсырды. 10 қыркүйекте жобаны ҚР Президенті Қ.К. Тоқаевтың бекітуіне енгізу үшін мақұлдау жоспарланған.

Отырыстың күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, ҚР энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов, Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев баяндама жасады.

Биылғы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша егін жинау жұмыстары республиканың барлық өңірлерінде жүргізіліп жатыр. Егін жинау жұмыстарын уақытылы жүргізу үшін 395 мың тонна жанар-жағар май қажет. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин егін орағын сапалы және уақытында өткізу, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы өндірушілерін жанар-жағармаймен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

«Егінді уақытында жинаумен қатар, жұмысты барынша шығынсыз орындау өте маңызды. Жалпы егін орағы науқанының барысы жаман емес. Үкімет тарапынан егін орағын қаржылай және материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шешімдер қабылданды», — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы астық сақтау кәсіпорындарының астықты қоймаға уақытылы қабылдауы қажеттігіне және жиналған астықты сақтаудың тиісті шараларын қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Кулуарда ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр әуе билеттерінің бағасын қалыптастыру туралы айтып берді. Оның айтуынша, билеттердің бағасы әуежайдың авиациялық құрастырылымы, авиа отын құны, ұшақтың өзіндік құны, оның лизинтік өнімінің бағасы негізінде қалыптасады.

«Ең алдымен әуе компанияларының демалыс және мереке күндерінде бағаны едәуір көтермелеп жіберетін күндерге бағаны реттеу шараларын қолға алуымыз керек. Біз бұл жұмысты әуе компанияларымен жүргізіп жатырмыз және бұл мәселені реттейміз деп ойлаймын. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, сапарыңызды алдын-ала жоспарлау керек, сонда баға әлдеқайда төмен болады», — деді Р. Скляр.

Сонымен қатар, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі авиа отынның құнын реттеу мәселесі жақын уақытта шешілетінін айтты.

«Энергетика министрлігі транзит бойынша 100% авиакеросинді қамтамасыз етеді. Біз оны қазір шетелден сатып алмаймыз. Біздің зауыттар оны жеткілікті мөлшерде өндіреді. Бағаны реттеу мәселесі жақын арада шешілетін болады. Біздің ірі компаниялар авиациялық отынды тікелей трейдерлерден делдалдарсыз сатып алады. Транзиттік ұшақтар әуежайдан авиа отынды сатып алады. Бұл жерде ұлттық экономика министрлігімен, Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесе отырып, делдалдар саны мен үстеме баға мәселесімен белсенді түрде айналысатын боламыз»,  — деді Р. Скляр.

«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған сын тұрғысынан мемлекеттік сатып алулар қалай жүргізіліп жатқандығы туралы айтып берді.

«Кеше квазимемлекеттік секторға қатысты сын айтылды, мемлекеттік сатып алулар туралы мәселе айтылды, 2018 жылы мемлекеттік сатып алу көлемі 4,4 трлн теңгені құрағаны, оның 3,3 трлн теңгесі немесе 75%-ы бір көзден жүзеге асырылғаны айтылды. Біз бұл мәселе бойынша көп жұмыс жасадық, мысалы, бұл көрсеткіш екі есе төмен. Біз ашық тендерлерді 2,6 есе арттырдық, ал ашық тендер кезінде бір көзден сатып алумен салыстырғанда 5 есе үнемдейміз. Холдингтің құрамында 4,5 мың позиция бойынша сатып алу жүргізілді. Қазір біз 15 есе қысқарттық, қазір олардың саны 300-ге жетті, соның арқасында жеке секторға 600 миллиард теңге бағытталды. Жеке сектордың 16 мың нысаны тапсырыс қабылдады. Қордың өзі шамамен 30 миллиард теңге үнемдеді», — деді А. Есімов.

Оның айтуынша, атқарылған жұмыстар оң нәтижесін берді, өткен жылы 121 миллиард теңге үнемделді. Ал биыл 150 миллиард теңге үнемделеді деп күтілуде.

Баспасөз конференциясында 31 арна тілшісінің нан бағасы туралы сұрағына жауап бере отырып, ҚР ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров бағаның тұрақты сақталатынына сендірді. 

«Жыл басында мен нан бағасының өсуін тежеу туралы айттым. Азық-түлік корпорациясы арзандатылған астықты наубайханаларға 100-ден 150 мың тоннаға дейін сатады. Біз 100 мың тонна астық саттық. Содан бері нан бағасы тұрақты», — деп мәлімдеді С. Омаров.

«Қазақстан» телеарнасының журналистін астық жинау мәселесі мен оның құны туралы сұрақ қызықтырды. С.Омаров биыл 19 миллион тонна астық жинау жоспарланғанын айтты. Сапасына қарай астық құны тоннасына 62-ден 70 мың теңгеге дейін болады. Осы маусымда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ 1 млн тоннаға дейін астық сатып алуды жоспарлап отыр.

«ҚазАқпарат» ақпараттық агенттігінің тілшісінің астықты кептіру туралы сұрағына ауыл шаруашылығы министрі осы жылдың қыркүйек айында жаңбырлы күндер көп болатынын, және егер осындай жағдай туындаса, ведомство қосымша жанар-жағармай көлемін бөлуге дайын екенін хабарлады.

«Мұның бәрі ауа-райы болжамына байланысты. Алдыңғы жылы астықты кептіру үшін қосымша жанар-жағар май көлемі бөлінді. Егер осы жылы сондай жағдай қайталанса, біз оған дайынбыз», — деді С. Омаров.

«Казахстанская правда» газетінің журналисі «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ринат Ақбердинге қазақстандық астықты сату нарықтарына қатысты сұрағын қойды.

Оның айтуынша, биыл экспорттың негізгі ағымы дәстүрлі нарықтарға бағытталады – бұл Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Ауғанстан, Иран. Өткен жылы шамамен 7,5 млн тонна жеткізілді, бұл жалпы экспорттың 68% құрайды. Сондай-ақ, Түркияға, Грузияға, Италияға және Испанияға жеткізу көлемі де артып келеді.

«Жыл сайын Қытайға қазақстандық астық пен ұнның жеткізілімі артып келеді. Егер 2016 жылы Қытайға экспорт көлемі шамамен 300 мың тоннаны құраса, 2018 жылы — 600 мың тонна болды. Бұған қоса, бүгінде бидайды 2020 жылы жеткізу туралы келісімдерге қол жеткізілді», — деді Р. Ақбердин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу