ҚР Ұлттық экономика министрлігі 2021 жылдың қорытындысын шығарып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларымен бөлісті

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы 2021 жылғы қызметті қорытындылап, 2022 жылға алға қойылған міндеттер туралы айтты. 

Министрлік әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған 8 негізгі қызмет саласы аясында жұмыс жүргізуде. 

«Өткен жылғы макроэкономикалық саясат нәтижелері бойынша Қазақстан экономикасының орнықты өсудің серпінді траекториясына шығуы қамтамасыз етілді. Жыл қорытындысы бойынша өсім 4%-ды құрады», — деді ҚР ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Нақты сектор (3,5%) негізгі факторға айналды. Қызмет көрсету секторы да оң динамикаға шығып, 3,9%-ға өсті. Келесі салаларда өсім байқалды: ақпарат және байланыс саласында 12,9%-ға, саудада 9,2%-ға, құрылыста 7,6%-ға, өңдеу өнеркәсібінде 5,5%-ға, электрмен жабдықтауда 4,8%-ға артты. Бұл орайда, 2021 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар 3,5%-ға өсті. Сыртқы сауда айналымы 11,4%-ға артып, $101,5 млрд құрады. 

2021 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстандағы инфляция деңгейі 8,4% құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы 9,9%-ға, азық-түлік емес тауарлар бағасы 8,5%-ға, ақылы қызметтер бағасы 6,5%-ға өсті.

 

Бюджеттік саясатты іске асыру

Өткен жылы бюджет саясатын іске асыру шеңберінде Министрлік 2022 жылы жаңа үнемді және жауапты бюджет саясатына көшу үшін қажетті нормативтік базаны қамтамасыз етті. Мәселен, ҚР Бюджет кодексінде республикалық бюджет шығыстарының өсу қарқынын және Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшерін шектеу жөніндегі контрциклді бюджеттік қағидалар регламенттелген. Сондай-ақ Министрлік бюджет процесіне екі бюджеттен тыс қор қаражатын интеграциялау жөнінде шаралар қабылдады. Бұдан басқа, ҚР ҰЭМ Мемлекеттік қаржыны басқарудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі.

Биыл бюджетаралық қатынастарда әзірленген жаңа тәсілдерді ескере отырып, келесі үш жылға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы заң жобаларын әзірлеу міндеті тұр. Сонымен қатар Министрлік ЭЫДҰ-ның озық практикасына сәйкес жаңа құжатты — Бюджеттік тәуекелдер мен мемлекеттік қаржының тұрақтылығы туралы талдамалық есепті дайындауға кірісті. Құжат Парламентке үш жылдық бюджет жобасымен бірге енгізілетін болады.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында блок бюджетінің элементтерін енгізу бойынша бюджет заңнамасына түзетулер топтамасы әзірленіп жатыр.

 

Салық саясаты

Салық саясаты саласында 2 заң және Үкіметтің 4 Қаулысы қабылданды. Қабылданған заңдарда өндіріске ынталандырулар, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері үшін қолдау шаралары, әкімшілендіруді оңайлату және салық төлеу жөніндегі шаралар көзделген. Жалпы, қабылданған шаралар шағын және орта бизнестің іскерлік белсенділігін ынталандыруға бағытталған.

Биыл салық саясаты шеңберінде жұмыс Мемлекет басшысының өткен жылы және осы жылдың басында берген тапсырмаларын іске асыруға бағытталатын болады.

Министрлік мыналарды жоспарлап отыр:

  • микро және шағын кәсіпкерлік үшін жиынтық жүктемені 34%-дан 20%-ға дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу;
  • дивидендтерді босату бойынша салықтық жеңілдіктерді қайта қарау; 
  • цифрлық майнинг үшін төлем мөлшерлемесін ұлғайту;
  • бақыланатын шетелдік компанияларға салық салуды жетілдіру;
  • үлестес тұлғалар көрсеткен материалдық емес қызметтер бойынша шегерімдерді қолдануды шектеу; 
  • темекі өнімдеріне акциз ставкаларын үйлестіру, коньякқа (брендиге) акциз ставкаларын ұлғайту.

 

Кәсіпкерлікті дамыту

Кәсіпкерлікті дамыту аясында өткен жылы Жаңа реттеуші саясатты – «таза парақтан» реттеуді енгізуге бағытталған заң қабылданды. Бақылау және қадағалау органдарының бірыңғай есеп беру күні, сондай-ақ екі талаптың орнына бір талап ету қағидаты – «1 in 2 out» қағидаты енгізілді. 

Автоматтандыру қамтамасыз етілмейтін есептілікті талап етуге тыйым салынды.

2022 жылы Министрлік алдында мына міндеттер тұр:

  • міндетті талаптар тізілімін құру;
  • мемлекеттік бақылауды автоматтандыру;
  • тексерулерден кәсіптік бақылауға көшу; 
  • бизнеске арналған талаптарды көздейтін реттеушілік актілерді талдау.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 13,2 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылдың көлемінен 7,3%-ға артық. Негізгі капиталға салынған инвестициялар деңгейі ЖІӨ-нің 16,5%-ын құрады», — деп хабарлады алқа отырысы барысында Әлібек Қуантыров.

 

Инвестициялық саясатты трансформациялау

Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының тұжырымдамасы және Өңірлердің инвестициялық тартымдылығын бағалау және біріздендірілген инвестициялық стандарт әдістемесі әзірленді. Мемлекеттік инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасының мерзімдерін қысқарту, бюджеттік инвестициялардың іске асырылуын бағалауды жетілдіру бойынша өзгерістер енгізілді. 

2022 жылға арналған мақсат — ЖІӨ 18,5% деңгейіне қол жеткізе отырып, негізгі капиталға 19,5 трлн теңге инвестиция тарту.

Заңнаманы жетілдіру және МЖӘ жобаларының сапасын арттыру шеңберінде тікелей келіссөздер тәсілімен жеке әріптесті айқындау тәсілін қайта қарау жоспарлануда. Осы жобалар бойынша шығындарды бюджеттен өтеу мүмкіндігі алынып тасталады.

МЖӘ жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылауды күшейту мақсатында жобаларды жоспарлау және іске асыру процесінің ашықтығы мен айқындығы қағидатын енгізу жоспарлануда.

 

Әрі қарай жекешелендіру бағыты

Мемлекеттің экономикаға шамадан тыс қатысуын азайту бағыты жалғасуда. Жекешелендірудің 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары 721 мемлекеттік кәсіпорынды қамтиды. 2021 жылдың қорытындысы бойынша Кешенді жоспардың орындалуы 35% құрайды. Осылайша, бүгінде мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14,6%-ға дейін қысқарды.

Биыл ҚР ҰЭМ Квазимемлекеттік секторды реформалау және жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын өзектендіру тұжырымдамасын әзірлеу бойынша шаралар қабылдауда.

 

Өңірлерді дамыту

Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында өңірлік саясатты жетілдіру бойынша жұмыс жүргізілді. Осылайша, Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі аясында 2 құжат әзірлеп, бекітті. Бұл – Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі аумақтық даму жоспары және «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Құжаттар тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсартуға, тұрғын үй-коммуналдық құрылысты дамытуға, елдің көлік-транзиттік әлеуетін арттыруға, тірек АЕМ-ді жаңғыртуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауы аясында «Агломерацияларды дамыту туралы» заң жобасы әзірленді. Осы жылғы қыркүйек айында заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу жоспарланып отыр. 

Қалалар мен ауылдарда халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында орталық мемлекеттік органдардың «Қазақстан Республикасының елді мекендері үшін өңірлік стандарттар жүйесін бекіту туралы» бірлескен бұйрығын өзектендіру бойынша жұмыс қолға алынды.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру бойынша заңнамалық түзетулер қабылданды. Бұл: ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу, IV деңгейдегі бюджеттердің дербестігін кеңейту, мәслихаттардың өкілеттіктерін күшейту. Әкімшілік-аумақтық бірліктер санаттарын өзгерту тәртібіне қойылатын талаптар жетілдірілді», — деді министр алқа отырысы барысында.

Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Павлодар облысының Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 6 кешенді жоспары бекітілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша батыс өңірлердің, атап айтқанда Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының кешенді жоспарлары өзектендірілді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында ауылдарды жаңғырту бойынша жалпы сомасы 96,2 млрд теңгеге 1 140 жоба іске асырылды. Осы жобаларды іске асыру есебінен 9 мың жұмыс орны құрылды, 1,7 мың шақырымға жуық ауылішілік автомобиль жолдары, 1,3 мың шақырым инженерлік желілер және 302 әлеуметтік нысан жаңғыртылды», — деп баяндады ведомство басшысы.

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 18,2 млрд теңге бөлінді.

 

2022 жылға арналған жоспарлар

Биыл бір жылға қойылған міндеттер аясында моно және шағын қалаларды дамытуға 26 жобаны іске асыру үшін 10,2 млрд теңге бөлінді. 500-ге жуық жұмыс орнын құру және 200 шақырым қалаішілік автожолдар мен инженерлік желілерді жаңғырту жоспарлануда.

Ірі қалалардың шет аймақтарын дамыту мақсатында 32 жобаны жүзеге асыру үшін 26 млрд теңге бөлінді. Бұл шамамен 600 шақырым автожол мен инженерлік желілер, сондай-ақ 3 әлеуметтік нысан (мектеп, балабақша, емхана) салуға мүмкіндік береді.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға 120 млрд теңге бөлінді, 570 ауылдық елді мекенді қамтумен 1044 жоба іске асырылатын болады.

«Дипломмен ауылға» жобасы аясында 4,3 мың маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік кредиттер беруге 20 млрд теңге бөлінеді.

Жоғарыда айтылғандардан басқа, биыл мыналарға бағытталған жаңа заңдар әзірленеді:

  • ауылда «Кеңес» өкілді органын құру;
  • пилоттық режимде атқарушы органның – «ауылдық округ әкімшілігі» жаңа құрылымын құру;
  • қалаларда ЖӨБ органдарын құру;
  • мемлекеттік басқару мен жергілікті өзін-өзі басқару деңгейлерінің аражігін ажырату.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау үшін заңнамалық негіз дайындалады. 

2022 жылы халықтың әкімдермен коммуникациясын жақсартуға, азаматтардың жергілікті билік органдарына сенімін, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ өңірлердегі әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған Жарлық бекітіледі.


Тарифтік саясатты жетілдіру

Тарифтік саясат мәселелері бойынша 2021 жылы реттелетін коммуналдық қызметтер бойынша өсім 2,88%-ды құрады. Тарифтердің өсуін тежеу және төмендету бойынша қабылданған шараларды ескере отырып, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінен инфляцияға нақты үлес 2021 жылы 0,22%-ды құрады.

Табиғи монополиялар салаларындағы тарифтік саясатты жетілдіру аясында биыл мынадай жұмыстар атқарылды:

  • тұрғындар үшін 180 күн мерзімге коммуналдық тарифтерді көтеруге мораторий енгізілді;
  • 2021 жылғы желтоқсандағы деңгейге дейін түзетілді немесе алып тасталды, бұрын бекітілген тарифтер бойынша көрсетілген шаралар мораторийдің қолданылу кезеңінде халық үшін 3,2 млрд теңге мөлшерінде экономикалық тиімділікке қол жеткізуге мүмкіндік береді;
  • тарифтерді төмендету тұрғысынан кірме жолдар саласында қызмет көрсететін бірқатар компанияға қатысты шаралар қабылданды.

Бұл шаралар энергетикалық көмірдің құнына және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасына әсерін төмендетуге мүмкіндік берді. Газбен жабдықтау қызметтеріне «әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұтынушылар» жеке тобын қарастыру бойынша жұмыс жүргізілді. 

2022 жылы тарифтік саясат шеңберінде мыналар қамтамасыз етіледі:

  • коммуналдық қызметтердің бағасы аса әсер ететін тұтынушыларды қорғауды қамтамасыз ету үшін коммуналдық төлемдерге ақы төлеу кезінде тұрғын үй көмегінің тетігін жетілдіру; 
  • коммуналдық төлемдерге ақы төлеу кезінде халықтың мұқтаж санатын жеке топқа бөлу практикасын енгізу; 
  • «Табиғи монополиялар туралы» заңға өзгерістер енгізу арқылы электр желілерінің теңгеріміне қабылданған жағдайда тарифті өзгерту жөніндегі тетікті енгізу;
  • су ресурстарына ұқыпты қарауды қалыптастыру мақсатында сумен жабдықтауды тұтыну көлемдері бойынша сараланған тариф енгізу;
  • табиғи монополиялар субъектілері қызметінің ашықтығын арттыру.

Жалпы, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін Министрлік жедел және жүйелі сипаттағы шаралар қабылдап жатыр. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама елдің орта мерзімді кезеңге арналған жаңа экономикалық бағытын қалыптастырудың бірінші кезеңі болып табылады және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру, кәсіпкерлік пен адами капиталды дамыту, сондай-ақ азаматтар мен кәсіпкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

Өнім өндіру көлемін ұлғайтуды, тауарларды сақтау мен логистиканы, тауарлардың бөлшек саудасын, баға белгілеуді бақылауды, монополияға қарсы және сыртқы сауда реттеуін көздейтін 2022-2024 жылдарға арналған инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешені әзірленді.

Халықтың табысын арттыру бағдарламасының жобасы әзірленді, оның іс-шаралары халықтың тұрмыс сапасын нақты жақсартуға бағытталған.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу